Азия ойындары-2025: 9 ақпандағы жарыс нәтижесі қандай
![Азия ойындары-2025: 9 ақпандағы жарыс нәтижесі қандай Азия ойындары-2025: 9 ақпандағы жарыс нәтижесі қандай](/storage/storage/element/2025/02/09/mainphoto/141753/1200xauto_IpNjiQAKzHOunfKE9j9urvm0SBGDoOFim1lriOvA.jpg)
Шорт-тректен 5000 метрлік эстафетада Қазақстан ерлер құрамасы ел қоржынына алғашқы алтын жүлдені салды. Команда сапында Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Нәсен, Абзал Ажғалиев және Глеб Ивченко өнер көрсетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ал 3000 метрге әйелдер арасындағы командалық сайыста еліміздің әйелдер құрамасы күміс жүлдеге ие болды. Команда мүшелері - Яна Хан, Ольга Тихонова, Малика Ермек, Зейнеп Құмархан, Алина Әжғалиева мен Мадина Жанбусинова.
Сондай-ақ әйелдер арасындағы 1000 метрге жарыста Ольга Тихонова ширек финалда жеңілсе, Алина Әжғалиева В финалында, Малика Ермек А финалында өнер көрсетті.
Ерлер бәсекесінде Айбек Нәсен ширек финалда жарыс жолынан шығып қалса, Әділ Ғалиахметов пен Глеб Ивченко В финалында бақ сынады.
Конькимен жүгіру: Қазақстан әйелдер құрамасы командалық спринтте қысқы Азия ойындарының қола жүлдесін иеленді. Команда мүшелері — Кристина Силаева, Дарья Важенина, Надежда Морозова.
500 метрге жарыста Кристина Силаева 8-ші, Инесса Шумекова 14-ші, Дарья Важенина 15-ші, Маргарита Галиева 17-орынға ие болды.
Ал 5000 метрге ерлер арасындағы бәсекеде Вадим Якубовский 9-шы, Бақдәулет Сағатов 12-ші және Виталий Щиголев 13-орынға табан тіреді.
Фристайл-акробатика: Аяна Жолдас қысқы Азия ойындарының финалдық сайысында 76.54 ұпай жинап, қола жүлде еншіледі. Ал Ардана Маханова финалға өте алмады.
Ерлер жарысында Роман Иванов іріктеуден өте алмаса, Ұланбатыр Өмірзақов пен Асылхан Асан 5-ші және 6-орынға ие болды.
Керлинг: Қазақстан әйелдер құрамасы Жапония спортшыларына жол берсе (4:10), ерлер Тайбей құрамасын айқын басымдықпен жеңді - 10:5.
Шайбалы хоккей: Қазақстан әйелдер құрамасы топтық кезеңнің шешуші ойынында Оңтүстік Кореямен кездесіп, овертаймда жеңіске жетті - 1:0.
Ски-альпинизм: Ерлер бәсекесінде Тимур Артюхин мен Шыңғыс Байкашев іріктеу кезеңінен өте алмаса, Нияз Жанұзақов пен Денис Власов жартылай финалда сүрінді. Әйелдер жарысында Асем Назырова финалға шыға алмады.
Шаңғы жарысы: Әйелдер арасында 5 шақырымға жарыста Надежда Степашкина 5-ші, Ксения Шалыгина 7-ші, Ангелина Шурыга 8-ші және Дарья Ряжко 9-сатыға тұрақтады.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)