Жаңалықтар

Азия чемпионаты: тарих таразысындағы көрсеткіштер

Бокстан Азия чемпионатының тарихы сараланады
Азия чемпионаты: тарих таразысындағы көрсеткіштер
Фото: yandex.kz 11.11.2022 12:24 1831

Иорданияның Амман қаласында бокстан Азия чемпионаты 32 рет өз байрағын көтерді. Бокс мамандары аламан доданы назарға алып, алдағы Олимпиада ойындарында елдің намысын қорғайтын бокшылардың бабы мен бағын сынауда. Егер бокшысы үмітті ақтамаса, онда қосалқы құрамадағы бокшысының әлеуетін бағалайтын болады. Біздің айтпағымыз бұл емес. Азия чемпионатының тарихын саралау.  

1963 жылы Азия бокс конфедерациясы (ASBC) Таиландтың Бангкок қаласында алғаш рет құрлықтық бәсекені ұйымдастырды. Бұл сында Жапонияның бокшылары 3 алтын медаль женіп алып, жалпы командалық есепте бірінші орынға лайықты болды. Араға екі жыл салып Оңтүстік Кореяның Сеулі чемпионатты қабылдады. Бұл додада корей жігіттері мықтылығын дәлелдеп, 8 алтын медальды қанжығасына басты.

Құрлықтық бәсекеде Оңтүстік Корея пен Жапония елінің боксшылары үстемдік құрып келген-ді. 1994 жылы Тегеранда өткен чемпионатқа Қазақстан құрама командасы қатысып, 5 алтын медаль жинап, жалпыкомандалық бірінші орынды алды. 1995 жылы Ташкентте өткен бәсекеде қазақстандық бокшылар нәтижені жақсартып, 6 алтын медальды олжалады.

Осыдан кейінгі кезеңде Қазақстан мен Өзбекстан бокшылары бәсекенің көркін қыздырды. Мәселен, 1999 жылы Ташкентте өткен чемпионатта өзбектер 7 алтын медаль алды. 2002 жылы Малайзияның Серембан қаласында Өзбекстан жалпы командалық есепте алға шығып, 5 алтын медаль алды. 2004 жылы Филиппинаның Пуэрто-Принсеса қаласында Қазақстан командасы көш бастап, 3 алтын медаль еншіледі.

2007 және 2017 жылы Өзбекстан, 2013 және 2015 жылы Қазақстан құрамасы командалық есепте бірінші орыннан көрінді.

2017 жылы Ташкент төрінде өзбек боксшылары 10 салмақтың 9-да бірінші орын алып, айды аспанға бір шығарды. Бұл – Азия чемпионатындағы рекордтық көрсеткіш. 1965 және 1987 жылы Оңтүстік Корея құрамасы 8 алтын медальдан жинады.

Азия чемпионатының тарихында Оңтүстік Корея 10 рет үздік құрама атанса, Қазақстан – 5, Өзбекстан – 4, Тайланд – 3, Жапония мен Қытай – 2 рет, Пәкістан мен Иран 1 реттен дараланды.

Аммандағы Азия чемпионатында қазақстандық боксшылар 9 салмақ дәрежесінде финалға шықты. Оның бесеуінде өзбек боксшыларымен бағын сынайды. Қазақстан осы чемпионатта үздік болса, 6-шы рет командалық есепте алға шығып, Оңтүстік Кореяның жетістігіне жақындай түседі.  

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға