Жаңалықтар

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ
23.08.2014 13:27 7489

Қазіргі қазақ халқын құраған басты тайпалардың бірі кешегі үйсіндер екенін айтқасын, бүгінгі қазақтарға да соға кетейік.

Бүгінгі дүниенің 40 неше елінде 16 миллионнан астам қазақ өмір сүруде. Олардың ең көбі (10 миллиондайы) Қазақстан Республикасында. 1 миллион 530 мыңдайы Қытай Халық Республикасында. 1 миллион 500 мыңнан астамы Өзбекстанда, 1 миллионға жуығы Ресейде, 150 мыңдайы Моңғолияда. Қалғаны Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия сықылды елдер мен өзге құрлықтарда тұрады.

2007 жылы, 50-ге тарта ғалымның қолынан шыққан, Қытай Ұлт Істері Комитеті бекіткен «Қазақтың қысқаша тарихында»: қазақтар “толып жатқан тайпа мен этностардың, ұзақ замандық даму барысында, біртіндеп қосылуынан қалыптасқан. Ертедегі сақ, жүз, үйсін, қаңлы, алан, дуолу ( дулат), түргеш (сары үйсін), қарлық, телы, чиңца (қыпшақ), найман, керей, арғын, уақ, қоңырат, жалайыр, алшын  сықылдылар қазақ ұлтының басты құраушы бөліктері” деп ашық айтқан. Меніңше бұл - қазаққа енген тайпаларды толық атай алмағанынан өзге кемшілігі жоқ, беделді қорытынды. Бұл көзқарасты Су Бейхай сықылды талай ғалым мүлде қолдап та отыр. Бұл туралы Су Бейхай бүй деген болатын: “Қазақ ұлтының басты ұлт төркіні - Үйсін, Қаңлы, Алан. Қаңлылардың, үйсіндердің, аландардың тілі түрік тіл тармағына жатады”.

ҚАЗАҚ АТЫНЫҢ ТӨРКІНІ (ЭТИМОЛОГИЯСЫ)

Бұл көп ғалым зерттеген, сан тұспал көтерілген, тарихы ұзын, аса күрделі тақырып. Жалпы алғанда, “Қазақ” сөзінің өзі қыпшақтар мекендейтін аймақта (əсіресе, Каспий мен Орқон аралығында) пайда болған деудің негізі бар. Бірақ бұл оған қаратылған географиялық меже. Ал оның семантикалық-мағыналық төркіні туралы кемінде мынадай пікірлер кезігеді: А. Құсқа қатысты деу. Бұл пікірді алғаш айтқан Абай мен Диваев. Сосынғы Н. Ивеселовский, А. Н. Чулочников, О. Сүлейменовтер.

Тарихи аңыздарша, “қазақ” деген сөз “қаз” атауынан пайда болған деседі. Аққу болып келіп, Қалша Қадырды құтқарған аруды, ол екеуінен туған үш арыс жайлы аңызды жəне қазақтардың аққуды тотем еткенін, бақсылардың аққу терісін иығына жауып жүретінін, т. б. еске алсаңыз, бұл болжамға иланбаған  күнде де, оны түсінетін боласыз. Өйткені бұдан неше ғасыр бұрын өткен ата- бабаларымызда мұндайға сенгендер жəне ондайдан пайдаланғандар көп болған.

Осыған қатысты тағы бір дерек бар. “ «Жоунама. Түрік баянында»: “Түріктердің тегі Сақ елінен шыққан. Ғұндардың теріскейінде. Тайпа ақсақалының аты - Абам бек (Абаңбу). Ағайынды 17 екен. Соның бірі бөріден туған Іді Нышида (Еже Ніш, Ійжынишы). Іді Нышиданың жел шақыратын ерекше құдіреті бар болыпты. Жаз құдайы мен Қыс құдайының қызын - екі əйел алыпты. Бұлардан төрт ұл көреді: оның бірі ақ қазға айналады;енді бірі Абасу (Афу, Об) мен Кем (Жян, Кин) суларының арасындағы ел болып, Қырғұт (Чигу) атанады; тағы бірінің елі Шатшаш (Чужы) өзенінде. Сонан соңғы бірі - үлкен ұлы Жас щатшаш (Шянсы Чужышы) тауында” делінген. Жұртқа аян бұл кітаптағы Қырғұт -бүгінгі қырғыздар. Ал, мұндағы ақ қазға айналды деп жазылған бүгінгі қазақтардың ататегіне ұқсайды. Өйткені ақ қаз - қазақ ұлтының этногенезі жайлы аңыздағы ақ қу. Бұдан қазақ ұлтының тегі туралы аңыздың 1300 жылдан астам арыда-ақ қытайша жылнамаларға түскенін көруге болады. Бұл жəне осы аңыздың Уей, Жин, Оңтүстік, Солтүстік əулеттер кезінде кең таралып, сол тұстың тарихшылары жағынан хатталғанын түсіндіреді”.

 

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға