Азиада: Қазақстан құрамасын салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті
Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Қазақстан құрамасын 2025 жылғы IX қысқы Азия ойындарына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жарыстар 7-14 ақпан аралығында Қытайдың Харбин қаласында өтеді.
Іс-шараға туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев, 1998 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 1996 жылғы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Людмила Прокашева, шорт-тректен Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Мәдығали Қарсыбеков, спорт ардагерлері, бапкерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Рәсім барысында хоккейші Әділ Бекетаев және шорт-трекші Ольга Тихонова Қазақстан құрамасының ту ұстаушылары болып, оларға салтанатты түрде Қазақстан Республикасының туы табысталды.
Айта кетейік, Азиадаға Қазақстаннан 137 спортшы қатысады. Жарыстар Харбин қаласында және Ябули тау шаңғы курортында өтеді.