Жаңалықтар

Ажырасқан жағдайда мүлік қалай бөлінеді?

Ажырасқан жағдайда мүлік қалай бөлінеді?
Фото: © iStock 16.05.2023 18:30 7794

Заң жүзінде неке тіркелгеннен кейін алынған мүліктің бәрі екі адамның ортақ меншігі болып есептеледі. Ерлі-зайыпты ажырасу туралы шешім қабылдаған кезде мүлікті бөлу туралы өтініш білдіреді. Заңгер Агиис Орынбасарова мүлікті бөлу кезінде қандай мәселені назарға алу керек екенін айтып берді.

Еліміздің «Неке және отбасы туралы» кодексіне сәйкес, неке шартын құрған отбасы ортақ мүлкін тең бөледі. Зң бойынша, некенің бұзылу себебіне қарамастан, әйел адамның мүліктің тең жартысын алуға құқы бар.

«Екі адам некеге тұрған кезден бастап барлық мүлік ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі болып есептеледі. Әрине, бұл тізімге жатпайтын бірқатар жағдайлар болады. Мысалы, ата-бабасынан мұра ретінде қалған мүлік немесе сыйға алған мүлік», - дейді заңгер.

Ажырасқан жағдайда мүлік қалай бөлінеді?

Сондай-ақ үйленгенге дейін алынған сыйлық, көлік не баспана бөліске салынбайды.

Сіз мүлікті бөлу туралы арызды ажырасу туралы талаппен бірге немесе ажырасқаннан кейін немесе тіпті ажырасқанға дейін бөлек бере аласыз. Егер сіз ажырасқаннан кейін мүлікті бөліп жатсаңыз - сіз білуіңіз керек ең маңызды нәрсе - ажырасқаннан кейін мүлікті бөлу туралы талап қоюға 3 жыл уақытыңыз бар. Үш жылдан кейін сотқа өтініш беру мерзімі өтіп кетті деп саналады, - дейді заңгер.

Ерлі-зайыптылардың мүлкі жалпы ереже бойынша тең бөлінеді.

Осылайша, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 38-бабына сәйкес, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, ерлі-зайыптылардың әрқайсысының үлестері тең деп танылады. Бірақ сот кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін ескере отырып, мүлікті екіге бөлу туралы жалпы ережеден ауытқып, мүлікті бөлуді жүзеге асыра алады, - дейді заңгер.

Мүлікті бөлу кезінде тек тапқан табыс қана есепке алынбайды, сонымен қатар қарыздар мен несие де теңдей бөлінеді.

Сот тәртібімен мүлікті бөлу кезінде сот шешімде бірлескен меншіктің бұрынғы қатысушыларының борыштарды төлеу міндетін көрсетеді. Бұл жағдайда қарыздар берілген үлестерге пропорционалды түрде бөлінеді, - дейді маман.

Заңгердің айтуынша, сотқа шағым түсірмес бұрын, сіз отбасылық өміріңізде не сатып алынғанын және қандай міндеттемелер қабылданғанын (соның ішінде банктер алдында) түсініп, мүліктің құнын анықтай отырып, олардың тізімін жасауыңыз керек.

Мүлікті бөлу туралы өтініш беруші жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа талап арыз береді. Қойылған талапта көрсетілген мүлік құнының 1% мөлшерінде мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс.

Көбінесе ажырасуға өтініш беретін кезде моральдық тұрғыда шаршаған тараптар мүлікті бөліске салуды ұмытып кетуі мүмкін. Араға бірнеше жыл салып, сотқа өтініш берілсе, шешімнің шығу уақыты да созылады.

Егер сіз жұбайыңыздың қандай мүлкі бар екенін білмесеңіз, сотқа талап арыз бергеннен кейін жұбайыңыздың атында мүліктің бар немесе жоқтығы туралы ақпаратты алу үшін сотқа жүгінуге болады, - дейді заңгер.

Сондай-ақ мүліктің құнын білу үшін арнайы бағалаушы маманның қызметіне жүгінуге болады.

Қазір жастар баспананы көбіне ипотека рәсімдеп, алып жатады. Ажырасу кезінде ипотекамен сатып алынған үйді немесе пәтерді бөлу кезінде әр түрлі сұрақтар туындайды: ипотеканы кім төлейді? Пәтер қалай бөлінеді?

Бұл мәселе бойынша еліміздегі сот тәжірибесі де әртүрлі. Мысал түрінде бір пәтерді бөліске салу тәртібін түсіндіріп берді.

Ерлі-зайыптылар ипотекаға 10 000 000 теңге тұратын пәтер сатып алған. Ажырасу кезінде ипотека бойынша берешектің қалдығы 3 000 000 теңгені құрады, күйеуімен несие шарты жасалды. Бұл жағдайда сот қандай шешім қабылдайды? Біріншіден, сот ерлі-зайыптылардың әрқайсысының үлесін анықтайды. Демек, ақшалай есептегенде әрқайсысына 5 миллион теңге болады. Қарыздың қалдығы 3 000 000 теңге, ал қарыздың жартысы 1 500 000 теңге екенін ескере отырып, сот: Ерлі-зайыптылардың үлесін әрқайсысына ½ тең етіп анықтап, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіндегі бірінің үлесін 5 000 000 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы түрінде бөліп, пәтерді ерлі-зайыптыларға теңдей етіп бөледі. Немесе Банктік қарыз шарты бойынша кредитті қалған 3 000 000 теңгеге бөліп, бұрынғы күйеуінің пайдасына берешек бойынша өтемақы ретінде жұбайынан 1 500 000 теңге өндіріп алу туралы шешім қабылдайды, - дейді заңгер.

Осыған ұқсас іс бойынша басқа сот ерлі-зайыптының бірінің үлесін ақшалай түрде көрсете отырып, мүлікті екіге бөлуі мүмкін. Яғни, ерлі-зайыптылардың бірін екіншісіне 5 000 000 теңге төлеуге міндеттейді. Бұл ретте сот қарыз бойынша қарызды бөлуден бас тарта алады, өйткені банктің мүдделері ескеріледі.

Сонда ерлі зайыптылардың бірінде қиын жағдай болуы мүмкін, өйткені екінші адамның ортақ қарыз алушы ретінде өз міндеттемелерін орындайтынына кепілдік жоқ. Ипотека туралы айтатын болсақ, нәтиже әртүрлі болуы мүмкін және бұл мәселеде екі тарап үшін тиімді нәтижеге жету қиын, - дейді маман.

Жылжымайтын мүлікті ипотекаға рәсімдемес бұрын неке шартын жасаған дұрыс. Әсіресе, ерлі-зайыптылар балаларға пәтер сатып алу үшін тұрғын үй несиесін алуға шешім қабылдаған кезде шарттың болғаны тиімді. Ажырасу кезінде екі тарап әртүрлі эмоцияның жетегінде кетіп, асығыс шешім қабылдауы мүмкін. Мұндай жағдайда неке шартының болғаны мәселені дұрыс шешуге ықпал етеді.

Неке шарты – некеге тұратын адамдардың неке бұзылған жағдайда мүліктік құқығы мен міндетін айқындайтын құжат. Шартта туған немесе асырап алған балалардың мүліктік құқығы да жазылады. Шарт жасасқан ерлі-зайыпты ажырасқан соң қолында не қалатынын біліп жүреді.

Шартта мына сұрақтар қамтылуы тиіс:

Ерлі-зайыптылардың ипотекаға алған пәтері кімге тиесілі болады?

Балаларға мүліктен қандай үлес бөлінеді?

Ажырасқан жағдайда ипотеканы кім төлейді?

Ажырасқан жағдайда ерлі-зайыптылар пәтерді қалай пайдаланады?

Белгілі бір жағдайларда ерлі-зайыптылардың бірі екіншісіне қанша қаржы төлеуге міндетті?

Ерлі-зайыптылар отбасылық бюджетті қалай жоспарлайды және шығындарды қалай бөледі?

Шын мәнінде, ажырасу кезіндегі мүлік бөлу мәселесінде көптеген нюанстар бар. Сотта талап қоюға және мүліктік құқықтарыңызды қорғауға көмектесетін адвокат көмегін алғаныңыз дұрыс болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға