Жаңалықтар

Ажар САЯТ: біздің басты ұстанымымыз – сапа

Гүл сыйлау этикасы мен гүл күтімі туралы не білеміз?
24.08.2015 05:15 15346

Қазақ халқы қызды гүлге, гүлді сұлулыққа теңейтіні тегін емес. Гүл – нәзіктіктің, сұлулық пен әсемділіктің, сүйіспеншіліктің символы. Гүлдің тілі – нәзік тіл. Гүл бар жерде сезім бар. Талғамға талас жоқ, әркім гүлді өз қалауынша таңдайды. Негізі гүл сыйлауда қатып қалған қағида жоқ. Дегенмен, қалыптасқан өзіндік бір заңдылықтары бар. Бүгін біз «Renoir» гүл салонының иесі, жас кәсіпкер Ажар Саятты әңгімеге тарттық. Ажар – Бристоль университетінің түлегі. «Қаржы және инвестиция» мамандығын меңгерген жас маман жетістікке қалай қол жеткізгені және раушан гүлдері тез солып қалмасы үшін не істеу керектігін әңгімелеп берді.

Ажар САЯТ: біздің басты ұстанымымыз – сапа

Ажар САЯТ: біздің басты ұстанымымыз – сапа

– Флорист деген кім?

– Флористер – көмекші. Гүлді таңдаудың үлкен мәні бар. Мәселен, тұтынушы гүл салонына барғанда гүлді не үшін алады? Ең әуелі сыйлық иесіне деген ізгі ниетін білдіру үшін, оған қуаныш сыйлап, көңіл-күйін көтеру үшін алады. Флористер тұтынушыға гүлді дұрыс таңдауға көмектеседі. Туған күн немесе мерей той, кәсіби мейрам болуы мүмкін, кейде тіпті сүйіктісіне немесе анасына күнделікті гүл сыйлайтын тұтынушылар да болады. Сыйлық иесінің жас мөлшері, мінез-құлқы ескеріледі. Флористер қандай гүл таңдау керектігін, гүл шоғының саны қанша болу керек, кімге қандай түс таңдау керегіне кеңес беріп, дұрыс таңдау жасауға көмектеседі.

– Ажар, сенің гүл әлеміне қатысты бизнесің қалай бастау алды? Флорист болуыңа не түрткі болды?

– Негізі мен бизнес ашуды мақсат тұттым деп айта алмаймын. Бұл қадамға баруыма Назарбаев университетінде өткен курс себеп болды. Арман Сүлейменовтың флористика тақырыбына арналған star-tup курсына қатыстым. Онда әркім өзінің шағын жобасын әзірлеуі керек болды. Мен елордамызда қай саланы дамыту керектігін ойлана келе, флористика саласы дұрыс болар деп шештім. Мен үшін Астанадағы гүлдердің бағасы қымбат болды. Ұлыбританиядағы Бристоль университетінде екі жыл білім алып жүргенде байқағаным, еуропада гүл сыйлау мәдениеті өте жақсы дамыған. Ол жақта міндетті түрде тек қана атаулы мерекелер мен 8 наурызда ғана емес адамдардың арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін, сыйластығын арттыру, сезімі мен сүйіспеншілігін көрсету үшін, қарапайым тілмен жеткізгенде бір-біріне қуаныш сыйлау мақсатында күндегісін-күнде гүл сыйлап жатады. Гүлдер қолжетімді бағамен сатылады. Ал, бізде гүл саудасы қай кезде қызады? Туған күн, мерей той иелерін айтпағанда, тек халықаралық әйелдер күні мен 1 қыркүйекте жақсы сатылым болады. Және бағалары да еуропамен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. Міне осы мәселелерді ескере келе, шағын жобамды флористикамен байланыстырып жасадым. Астанада тұтынушыларға қол жетімді бағамен гүл ұсыну мәселесін қолға алдым. Бастапқыда шағын кәсібімді ғаламторда онлайн сайт арқылы тапсырыс қабылдау арқылы бастадым. 1 айдан кейін алғашқы салонымыз ашылды. «Renoir» гүл салонының басты ұстанымы – қолжетімді баға ұсыну арқылы, Астана жұртшылығы арасында гүл сыйлау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосу.

Ажар САЯТ: біздің басты ұстанымымыз – сапа

– Гүл салонын ашу барысында қандай кедергілер кездесті?

– Ең бірінші кедергі – Астанада жалға алатын орын табу қиынға түсті. Гүл салонын ашу үшін белгілі бір талаптар сақталу керек екен. Гүл сатылатын мекеме жолдың бойында орналасуы керек, сыртқы безендірілуі көз тартуы керек, мекеменің ішінде ауа баптағыш болу керек, болмаса өзің орнатуың керек деген секілді. Жалға берілетін аумақтың бағасы да арзан емес. Халық көп шоғырланған аудандарда ашуды көздедік. Әзірше қала бойынша «Renoir» гүл салонының төрт бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Екінші бір күрделі мәселе – жақсы флористерді табу. Біздің басты ұстанымымыз – тұтынушыға қолжетімді бағамен сапалы гүл ұсыну болғандықтан, әр гүлге ерекше күтім керек. Гүлдің табиғатын, күтімін жақсы білетін және тұтынушының қалауына қарай әдемі композиция жасап бере алатын, гүлді түр-түсі мен мағынасына қарай таңдап беретін флорист мамандарды табу қиынға соқты.

Ажар САЯТ: біздің басты ұстанымымыз – сапа 

– Сонда жақсы флористер жоқ па? Осы мәселені қалай шештіңіздер?

– Әрине білікті маман таптық қой, бірақ ұзақ уақыт іздедік. Екі тәжірибелі флорист маманды жұмысқа қабылдап, олар өзге флористерге гүлді баптаудың қыр-сырын үйретті.

– Байқауымызша, сіздерде тек раушан гүлдер ғана сатылады екен. Раушан гүлін ұзақ сақтаудың қандай құпиясы бар? Оқырмандарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Раушан гүлі көбірек сақталсын десеңіз, ау температурасына үлкен көңіл бөлінуі керек. 15-16 градус раушан үшін ең қолайлы температура. Егер ондай мүмкіндік болмаса, жоқ дегенде гүлдерді күн сәулесі түспейтін жерге қойған дұрыс. Қатты ыстық немесе қатты суық температурадан аулақ болған дұрыс. Айта кетерлік ең маңызды мәселе – гүлдерді құмыраға суға саларда міндетті түрде бұталарын қиғашынан қиып салған жөн. Өйткені гүл бұтағының  астыңғы бөлігі ауаға толып қалады да суды қабылдай алмайды. Сол себепті,  кесіп салса судан нәр алып, көбірек жайқалып тұрады. Қаперге сақтайтын тағы бір жәйіт – құмыраға суды толтырып құюдың қажеті жоқ. Гүлді құмыраға салмас бұрын жапырақтардан тазартқан дұрыс, жапырақта бактериялар көп болады. Суды тез ластап, гүлдің көп сақталуына кедергі келтіреді. Сосын құмырадағы суды жиі ауыстырған дұрыс. Егер гүл шоғы көп гүлдерден тұратын болса, салонда жасалған композицияны сол күйі құмыраға сала салмай, гүлдерді үш бөлікке бөліп орналастырған абзал. Себебі, үлкен букеттердің ортасындағы гүлдер қысылып қалады. Гүл шоғы қолда әдемі көрінуі үшін қатты қысып байланып, безендіріледі. Сыртындағы безендіруді шешіп, гүлдерді босатып орналастыру керек. Егер осы талаптар ескерілсе, раушан гүлдері 2 аптадан астам уақыт көркін сақтап тұра береді.

Ажар САЯТ: біздің басты ұстанымымыз – сапа 

– Ажар, қазіргі таңда бойы биік голландық раушан гүлдерін сыйға тарту сәнге айналды. Мәні неде?

– Көбінесе бойы биік мәселен 100 метрден жоғары гүлдерді өмірінің маңызды  сәтін есте қалдыруды мақсат еткен азаматтар таңдап жатады. Сүйіктісіне ұсыныс жасау немесе туған күн иесіне ерекше сый ретінде табысталады.

– «Renoir» гүл салоны гүлдерді қайдан әкеледі?

– Бізде гүлдердің екі түрі сатылады. Біреуі отандық өнім болса, екіншісі импорт. Отандық раушан гүлдерін біз Степногорск қаласынан аламыз. Басты ұстаным – гүлдің сапасы. Қазақстандық раушан гүлдердің артықшылығы – хош иісі ерекше бұрқырап тұрады. Ал, сорты голландық раушандарды Эквадордан әкелеміз. Сонда әріптестік байланыс орнатқан тұрақты серіктестеріміз бар. Мысалы, Астана бойынша тек бірнеше ғана гүл салондары өнімдерін тікелей Эквадордан жеткізеді. Біз гүлдерді Эквадордағы гүл өсіретін плантациялардан аламыз.

Ажар САЯТ: біздің басты ұстанымымыз – сапа

– Ажар ханым, казіргі таңда Астанада гүл салондары өте көп. Бәсекелестіктен қаншалықты қорқасыз?

– Мен бәсекелістіктен қорықпаймын. Себебі, әр комапнияның өзіне ғана тән ұстанымы болады. Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің басты мақсатымыз – Астана жұртшылығына қолжетімді бағамен сапалы гүл ұсыну. Сауда нарығында 3 жылға жуық жұмыс істеп келеміз. Осы үдеден шыға білдік. Бүгінгі күнге дейін бәсекелестеріміздің арасынан бізге ұқсайтын гүл салонын әлі кездестірмедім. Астана – еліміздің жүрегі, бас қаласы. Қала тұрғындары күнделікті өмірде бір-бірін гүл сыйлау арқылы қуанта білсе, және сол гүлдерді қымбат бағаға емес қолжетімді бағамен сатып алса деген арманым болғанын айттым ғой. Бір шоқ гүл бола ма, бір тал гүл бола ма ең бастысы ізгі ниетпен сыйланса – біз үшін ең үлкен жетістік сол. «Renoir» гүл салоны бүгінгі таңда Астана қаласында өзіндік қолтаңбасын қалыптасытырып, өз орынын тапты деп нық сеніммен айта аламын. Бізде көптеген тұрақты тұтынушыларымыз бар.

– Бәсекелістіктен қорықпаймын дедіңіз, дәл осындай бизнес ашқысы келетіндерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Гүл салонын ашамын деушілер, ең алдымен жақсы флорист маман табуы керек. Ол – ең маңызды талап.

Ажар САЯТ: біздің басты ұстанымымыз – сапа

– Гүл әлемінде сәндік тренд деген ұғым бар ма?   

– Сәндік тренд деген ұғым еуропа елдерінде бар. Мәселен, мерекелерде мекемені немесе үйді безендіру үшін сол маусымда сәнге айналған гүлдер таңдалуы мүмкін. Бізде әлі ондай ұғым қалыптаса қойған жоқ.

– 5 жылдан кейін «Renoir» гүл салоны желісін қалай елестетесіз?

– Бәрі де уақыттың еншісінде болғандықтан нақты бірдеңе айту қиын әрине. Дегенмен, 5 жылдан кейін бәлкім біздің бөлімшелеріміздің саны әлдеқайда артатын шығар. Сонымен қатар, біз еліміздің өзге де қалаларында бөлімшелер ашуды көздейміз. Қала болғанда ірі шаһаралардан гөрі, кішігірім қалаларда қолжетімді бағамен гүл сатуымыз мүмкін.

– Сіз өзіңіздің, не болмаса сіздің салоныңызда қызмет ететін флористердің кәсіби шеберлігін көтеріп, білімін жетілдіру үшін қандай да бір арнайы курстар оқисыздар ма?

– Әрине біз көбінесе онлайн курстарды қараймыз. Біздің флористер гүл күтімі туралы көбірек оқысын, білімдерін жетілдірсін деген мақсатта арнайы оқулықтар жиі сатып аламын. Шет елдік флористердің тәжірибесін көбірек қарауға тырысамыз, ол үшін арнайы сайттар бар, онлайн курстар бар.

Ажар САЯТ: біздің басты ұстанымымыз – сапа

– Гүл салонының атауы қандай мағына білдіреді?

– «Renoir» деген атақты суретшінің есімі. Ол флорист болмаса да, гүлдердің суретін салумен шұғылданған. Әсіресе раушан гүлдерінің әсемдігін сурет тілімен жеткізген талантты тұлға. Ол картиналары арқылы гүлдердің сұлулығы мен ерекше табиғатын адамдардың жүрегіне жеткізе білген суретші. Сол кісінің құрметіне атадық.  

Ажар САЯТ: біздің басты ұстанымымыз – сапа

– Гүл сыйлау этикасы қандай? Гүлді қалай таңдаған жөн? Мәселен, қызыл, ақ, сары раушан гүлдерін түсіне қарай кімдерге сыйлаған дұрыс?

– Жасы үлкен адамдарға көбінесе қызыл түсті гүл сыйлаған дұрыс. Қызыл түс – сүйіспеншіліктің белгісі. Ақ гүлді жас келіншектер мен қыз балаларға сыйға тартады. Әртүрлі композиция жасалып, екі түсті бір-бірімен үйлестіріп жататын тұстарымыз болады. Мысалы, кейде кейбір тұтынушыларымыз кілең қызыл раушан таңдап, ортасына бір ақ гүл орналастырады. Ол яғни «сен менің жалғызымсың» деген мағына беруі мүмкін. Сары раушан – көп жағдайда сыйлық иесінің мінез-құлқына байланысты таңдалып жатады. Сары түсті гүлді әріптестеріне немесе құрбысына сыйлауға болады. Ал, феншуй ілімі бойынша сары раушанды ақша көп болады деген мағынада сыйлайды. Көк раушан – романтиканың белгісі. Сыйлық иесін таңқалдырғыңыз келсе көк раушан немесе түсі қанық күлгін түсті раушан сыйлаған абзал.

– Әңгімеңізге рахмет! Әдемі гүлдеріңізбен тұтынушыларды қуанта беріңіздер!


Сұхбаттасқан Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Нұрбек Әлманбетов

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға