Жаңалықтар

Ажар Ерболған: "Жас ақындардың танылуы ең алдымен интернет арқылы болып жатыр"

2014 жылдың 16 тамызынан бастап «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан жас ақындардың шығармашылығына арналған әдеби-танымдық «Поэзия әлемі» бағдарламасы көрерменге жол тартты.
11.11.2014 11:11 5826

2014 жылдың 16 тамызынан бастап «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан жас ақындардың шығармашылығына арналған әдеби-танымдық «Поэзия әлемі» бағдарламасы көрерменге жол тартты. Бағдарлама экранға шығысымен, жастар арасында кең қызығушылық тудырды. Осы бағдарламаның редакторы Ажар Ерболған бүгінгі таңда журналист қана емес, әлеуметтік желілерде жеке парақшаларын жүргізетін белсенді блогер әрі ақын. Бірнеше салада өзін жақсы қырынан көрсетіп жүрген Ажардың құпиясы неде?

Ажар Ерболған: "Жас ақындардың танылуы ең алдымен интернет арқылы болып жатыр"

— Сәлеметсіз бе, Ажар. Ең алдымен, бүгінгі таңда қарқын алған мультимедиялық  журналистика туралы Сіздің ойыңызды білсек?

— Жалпы, біздің ғасыр – конвергентті журналистиканың ғасыры десем, артық болмас. Себебі, барлық бұқаралық ақпарат құралдары конвергенттік журналистиканың негізінде халыққа жедел әрі сапалы ақпарат беріп отыр. Ал, осы өзіңіз айтып отырған мультимедиялық журналистиканы қалыптастыратындар – конвергентті журналистикада шыңдалып, қалыптасқан журналист мамандар. Америкалық журналист Риан Зорунбург өзінің «Producing online news digital skills, stronger stories» кітабында әр түрлі медиалардың өзара ықпалдасуын «конвергенция» деп атаған. Мен өз басым бұл пікірге толықтай қосыламын. Бүгінгі таңда біздің елімізде телеарналарымызбен қоса «Казконтент» Акционерлік қоғамының «adebietportal», «BAQ.kz», «El.kz» сынды порталдары мультимедиялық журналистиканың озық үлгілерін көрсетіп келеді деп ойлаймын.

— Есенғали Раушанов «Әйелден ақын шықпайды» деген болатын, ақын ретінде жан дүниеңіз қаншалықты дайын?

— «Мен ақын болайыншы осы» - деп, адам жан дүниесін дайындамайтын шығар енді. Өз басым ақындық Алланың қалауымен, құрсақтан дариды деп ойлаймын. Сондықтан, жалпы табиғатың, болмысың қандай болып жаралса, жан дүниең де соған байланысты ғой. 

— Шабыт фестивалінде өз қатарластарыңыздан кімді көргіңіз келеді?

— «Шабыт» фестивалінде мен Айжан Тәбарак, Хамит Есаман, Табиғат Абаилдаев, Данияр Әлімқұл, Олжас Қасым, Мерген Тоқсанбай, Саян Есжан, Рауан Қабидолдин, Құндыз Жұбаева, Бауыржан Игілік, Бекзат Смадияр, Шерхан Талап, Асылбек Жаңбырбай  сынды замандастарымды көргім келеді.

— Ақын қыздардың артынан сөз көп ереді, көбі тұрмыс құрмай жатады. Тұрмыс құрып, балалы ана атану жоспарыңызда бар ма?

— Әрине, жоспарымда бар. Алланың сәтін салған күнінде тұрмыс құрармын. 

— Шығармашыл жастар арасында «плагиат» деген нәрсе қаптап кетті, осының алдын алып, шектеу үшін не істеу керек?

— Интернет заманында «плагиат» деген өзі күнделікті қайталанып жатқан оқиғаға айналып барады. Менің ойымша, әрбір шығармашыл жас, мейлі, жазушы, мейлі ақын, өзінің жазған-сызған дүниесіне ұқыптырақ болса екен деймін. Себебі біреудің жарияламай жүрген нәрсесін келесі біреу өз атынан жариялап жіберу, немесе өзіне қажетті жерін бұрмалап алу деген жағдайлар өте көбейіп кетті. Бірақ, біздің жастардың ішінде де кәдімгі қалыптасқан, оқырмандық аудитроиясы бар ақын-жазушылар да бар. Олардың қаншама мың оқырманы тұрғанда «плагиат» жасайтындардың «тісі» бата қоймас деп ойлаймын. Әрі кетсе сол «плагиат» жасаған адамның кесірінен біраз дау туар, бірақ, оқырман барда, өлеңсүйер орта қалыптасқан заманда мұндай теріс әрекетті адамдардың жоспары жүзеге аса қоятынына күмәнмен ғана қараймын.

— Қазіргі уақытта жас ақындардың бәрі дерлік интернеттен шықпайды, осы қаншалықты пайдалы?

— Шындығы сол, қазіргі жас ақындардың танылуы, оқырмандық аудиториясының қалыптасуы ең алдымен интернет арқылы болып жатыр. Бұрынғыдай газет-журналдан гөрі, жаңа жазылған өлеңдер алдымен интернетке жарияланады. Сондықтан интернеттің пайдасы жоқ дей алмаймын. Тек тиімді пайдалана білсе болды.  

— Сүйіп оқитын бес ақыныңыз?

 Төлеген Айбергенов, Жұматай Жақыпбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Серік Томанов, Әмірхан Балқыбек.

 Жас ақын ретінде қандай хоббилеріңіз бар?

— Таулы өлкенің, таулардың әдемі суретін жинаймын.

 Жас журналистерге берер кеңесіңіз немесе журналист ретінде ұстанатын 5 қағидаңыз?

 Менің жоғарғы оқу орнын тәмамдап, кәсіби журналист атанғаным кеше ғана. Сондықтан кеңес айтқаннан гөрі журналист ретінде ұстанатын 5 қағидамды ғана айтып өтейін:  біріншіден, қандай нәрсенің болмасын ара жігін дұрыс ажырата білу, яғни әділ болу. Екіншіден, әрбір беретін ақпаратыма өте мұқият назар аудара білу. Себебі, «отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» демекші, бір журналистің қателесіп жариялаған ақпаратынан мыңдаған халық зиян шегуі мүмкін. Үшіншіден, кез-келген оқиғаны, кез-келген мәселені, тіпті, кез-келген затты журналист әр қырынан көре білуі керек деймін. Университет қабырғасында жүрген кезімізде, ұстазымыз Оңайгүл Тұржан апайымыз үнемі айтып отыратын, «Журналист айсбергтің астын да, үстін де көре білуі тиіс» деп. Төртіншіден, қазақ журналистикасының тарихы мен кешегі өткен қазақ журналистикасында өшпес із қалдырған биік тұлғалардың еңбегін үзбей оқып жүру. Төртіншіден, Елбасымыз айтқандай, бәсекеге қабілетті Қазақстанның бәсекеге қабілетті маманы болу үшін кәсіби шеберлігімді дамыту жолында үздіксіз қызмет ету.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Қаламқас НҰРМАҚОВА.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға