Жаңалықтар

Ажар Зекенова: Қазақ ғылымы үшін ХХ ғасыр – өте маңызды ғасыр

Ажар Зекенова: Қазақ ғылымы үшін ХХ ғасыр – өте маңызды ғасыр
Фото: Жеке мұрағаттан 23.09.2024 12:06 525

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогикалық білім беруде түбегейлі жаңа көзқарас қажет екенін атап өткен болатын.

«Бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет. Заманауи технологияның көмегімен білім беру жүйесін жедел әрі тиімді жаңғыртуға болады. Біз білім саласын ең үздік халықаралық стандарттарға сай дамытуымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондықтан әлемнің үздік тәжірибелерімен алмасу, озық университеттерде ғылыми тағлымдамадан өту аса маңызды. Бұл кәсіби құзыреттілікті нығайтуға және ғылыми байланыстарды дамытуға зор мүмкіндік береді. Десе де, ғылым мен жоғары білім саласында өзіміздің қалыптасқан ғылыми мектептің де озық үлгілері бар екенін жоққа шығаруға болмас.

Жоғары білімді, ЖОО-ларды дамыту, кооперацияны нығайту және ғылымды насихаттау жөнінде филология ғылымдарының кандидаты, доцент, teaching professor Ажар Зекенова El.kz-ке сұхбат беріп, ойымен бөлісті:

El.kz: Біздегі жоғары білімнің деңгейі қандай? Университеттеріміздің ғылымды дамытуға және  білім берудегі орны туралы қандай баға берер едіңіз?

Ажар Зекенова: Біздің MNU-да (Maqsut Narikbayev University) «Learning how to Learn» деген пән бар. Бұл пән ағылшын тілінде, жаппай 1-курс студенттеріне оқытылады. Мақсат – оқуды, білім алуды, ары қарай зерттеумен айналысуды үйрету, зерттеу, талдау жасау дағдысын қалыптастыру. Пәнде негізінен академиялық адалдық, жазылымдарда сілтеме беру, сараптама жасауға арналған материалды игереді, соңында тест тапсырады. Игерген материалдарынан түйінді ой шығара білуі қажет. Зерттеу мен оқу әдістерімен танысуы керек. Мәселен, оқулықты өздігінен оқып үйренеді, ішіндегі материалды сұрыптай алады, бірнеше  кітапты, оқулықты салыстыра ма, қандай әдістермен салыстыра ма, осындай кішігірім дағды арқылы жоғары курсқа жеткен студент дипломдық жұмыстарын оңай жазады. Бұл пәнді игерсе, басқа пәндерден білімді өзіне қалай іріктеп ала алатынын нақты білетін болады. Өйткені, оқу материалдары қазір өте көп.

El.kz:  Мұны жоғары оқу саласындағы жаңашылдықтың бірі деп айта аламыз ба?

Ажар Зекенова: Иә, жаңашылдық деп айтуға да келеді. Мұны жоғары оқу орындарының білім сапасын арттыру үшін жасап жатқан амалдардың бірі деп ойлаймын. Өйткені, бізге ҰБТ тапсырып, түскен студенттер Екінші дүниежүзілік соғыс қашан болды деп сұрасаң, нақты жауап бере алады. Бірақ ол соғыстың себептері туралы сұрасаң, мүдіреді. Ойын дәйектеу жағы кемшін. Қазақстанның 1991 тәуелсіздік алғанын біледі. Бірақ КСРО-ның ыдырауына қандай жайттар ықпал еткені жайында дәлел мен ақпаратты нақты айтып бере алмайды.

Ал Жапонияның білім беру жүйесінде өтіп жатқан тақырыптарда оқушылардың «қашан?» ғана емес, «неге?» деген сұраққа жауап беруі маңызды. Соны «іргелі білім алды» деп есептейді. Ал қазір бізде, меніңше, ілім жаттандыға айналып барады.

Шетелде он екі жылдық мектепті тамамдаған бала мамандық алып, жұмысқа қабылдана алады. Ол бағытын мектепте таңдай алады. Бізде ол жоқ, міндетті түрде арнайы не ЖОО дипломы керек.

El.kz: Университетаралық ынтымақтастық деген бар. Мұның нәтижесіне қандай баға берер едіңіз?

Ажар Зекенова: Жоғары оқу орындарында бар үрдіс. Академиялық ұтқырлық деген бар. Оған кез келген студент бара алмайды. Білім алушының білім деңгейі жоғары болуы керек. Шет тілін білуі тиіс. Таңдаған бағыты бойынша, белгілі бір жетістіктерге жеткен студент болуы шарт. Академиялық ұтқырлықта ол сол елде ізденіс жасап, жаңа пәндерді игере алады.

Қазақстандық университеттер кредиттік технологиялар енгізіліп жатыр. Ол жерде студенттер топқа бөлінбейді. Студент дәріс беретін оқытушысын таңдай алады. 

El.kz: Еліміздегі ғылымның дамуы қандай деңгейде? Өзіңіздің салаңыздағы – филология ғылымында соңғы кездері оң өзгеріс байқай алдыңыз ба?

Ажар Зекенова: Шынын айту керек, өз басым ғылыми ортада өстім. Бала кезімде Рабиға Сыздық, ұстазым Немат Келімбетов, әдебиет теоретигі Серік Мақпырұлы, абайтанушы Жұмағали Смағұлов, Шора Сарыбаев деген кісілерді көріп өстім. Менің анам А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында (Алматыда) жұмыс істеген. Бұл адамдар жиі үйге қонақ болып келетін еді. Мені анам жұмысындағы жиналыстарға алып баратын. Ол кісі статолингвистика саласында қызмет еткен. Қазіргі жиілік сөздіктерге қатысты саланың басында тұрған ғалымның бірі. Осы ортада өскендіктен, сол кезеңді көріп қалғандықтан, ол кездегі ғылым іргелірек болған секілді көрінеді.

Қазір филология, тарих және басқа да гуманитарлық ғылымдарда ХХ ғасырда жазылып кеткен оқулық, теориялық еңбектер әлі күнге дейін жоғары ғылым саласында студенттерге, магистранттарға, докторанттарға оқытылады. Солардың негіздегені, жіктеп-бөлгені, бағыт-бағдары бойынша  оқу мен білім алу жүзеге асырылып жатыр.

Өзім жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін аспирантураны оқыған адамдардың соңғыларының бірі шығармын. Сондықтан аспирантураның тәрбиесін көріп қалдық. Ол кезде аспиранттарға тест тапсыртқызатын «жаттанды білім» бермейтін еді. Үш еңбек, төрт әдебиет беріп, салыстырып талдау жасауға тапсырма беретін. Ауқымды жұмыс істеп, талдау, сараптау, сұраптау, іріктеу, аналогия жүргізу сияқты зерттеу әдістерін білім алушының өздігінен игеруіне мүмкіндік бере отырып, енгізетін еді.

2001 жылдары аспирантурада оқып жүрген кезімде Абай атындағы ҚазҰПУ-да 4-курстарға академик Серік Қирабаев «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» пәнінен дәріс оқитын. Студент саны 150-180 болатын. Өзім 1999 жылы, кеше ғана оқу бітіріп, студент болған аспирантпын. Аспирантураның 2-курсында оқимын. Маған жасы келіп қалған, сондай атақты академиктің дәрісін оқуға тапсырма берілді. Дәріс беретін студенттерім менен екі жас қана кіші. Ол кезде қазіргідей технология жоқ. Бұл тапсырманы жоғары деңгейде орындау үшін күні-түні кітаптардан бас алмай оқыдым. «Ұстаздарым осындай ауыр жүкті неге маған арқалатты?» деп ойладым, күйіндім, ашуландым. Кейін түсінгенім, Балтабай Әбдіғазиев ұстазымның маған берген тапсырмасының мақсаты:

Біріншіден, мені ширатпақ болған екен.

Екіншіден, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру үшін берген екен.

Үшіншіден, менің қабілет-қарымымды байқап, ғылымға келсін, өзін дамыта түссін деген шығар.

Өйткені, аспирантураға ол кезде жиырма-отыз адам түспейтін еді. Саны бір-екіден аспайтын. Жыл сайын осындай ғана орын беріледі. Қорқынышты жеңу, жатпай тұрмай кітап оқу, терең талдаулар жасауды үйрендім, осындай ғылыми, педагогикалық тәжірибе мен мектептің арқасында қазіргі күні өз еңбегімді, абыроймен атқаруға тырысып жүрмін деп ойлаймын.

Кейін әдебиет ғылыми институтына кіші ғылыми қызметкер болып кірдім. Ол кезде академик С.Қасқабасов, Ш.Елеукенов, А.Егеубай, Т.Әлібеков, Б.Әзібаева, А.Ісімақова, С.Қорабай сынды ғалымдардың  тәрбиесін, үлгісін көрдім. Мұны не үшін айтып отырмын? Менің көрген ғалым үлгі, ұстазым Рабиға Сыздық менің екінші анамдай болды. Осындай ортада өскендіктен, менің түсінігімде ғалым – ізденімпаз, біреудің пікіріне қарсы келмейтін, бірақ өз ұстанымы бар, білімі терең, өзгелерге ақыл айтпай-ақ үлгі көрсете білетін адамдар болып қалыптасты.

Ал қазіргі кезде филология саласында жасалып жатқан өзгерістерге келсек, ауыз толтырып айтарлықтай, барлық сала ғалымдары пайдаланатындай бірді-екілі әр қалада еңбектер жарық көріп те жатқан шығар. Бірақ бас әріппен ҒАЛЫМ деп айтуға тұрарлық баскөтерер аздай көрінеді.

Мүмкін, бұл ғылымдағы жаңалықтардың біріздендіру, ақпараттандырудың аздығы ма, білмедім. Бұрынғы біздің министрлік екіге бөлінгені белгілі. Оң өзгерістер болады, еліміздің атын шығарар ғалымдар келеді деп үміттенейік. Қазақ айтады ғой ат аунаған жерде түк қалады деп... Мүмкін тарихта аты жазылған ғалымдардың сарқыншақтары мен шәкірттері бір серпіліс жасар...  

Соңғы жылдары маған ғылыми талдауы айтуға тұрарлық бір жұмыс көрдім. Авторы З.Батаева Абай туралы зерттеулері. Осы бағыттағы «неге», «қалай» деген сияқты сұрақтардың жауаптарын ізденуге тұрарлық жұмыстар көп болса екен деп тілеймін. Бүкіл қоғамдық сананы сілкіндірген ізденіс болды десем, артық айптпаймын. Қоғамдағы таптаурын пікірлерге қарсы шыға отырып, өзіндік пікірін ашық, дәлелдермен білдіре алған З.Батаеваға әлеуметтік желілерде көп қарсы сөздер айтылды да, жазылды да. Бірақ расын айтайын, жүрегінің түгі бар екен. Егер біздің жас ғалымдарымыздың ұстанымдары дәл осындай болса, онда ғылымның тұраламайтыны айқын.

El.kz: Аспирантура мен қазіргі PhD жүйесінің қандай айырмасы бар? Басымдығы мен кемшілігі неде?

Ажар Зекенова: 2005 жылы кандидаттығымды қорғадым. Одан кейін магистратура шыға бастады. Өзім талай магистрлік жұмыстардың сарапшысы, рецензенті болдым. Магистрлік жұмыстардың деңгейі дипломдық жұмыстардың деңгейінде, ара-тұра сәл ғана жоғары жұмыстар кездесетінін байқадым. Кандидаттық жұмыстардың үштен бір бөлігіне тати ма, жоқ па, ол құдайға аян... Маған «бұрынғы талаптармен қарамаңыз, бұларға кешіріммен қарау керек» дейтін-ді. «Арланды бала күнінен баулымаса, ол арлан бола ала ма?» деп уәж айтып, шыж-быж болатын едім.

Кейбір PhD докторлар тіл білмесе де, зерттеулерін, диссертацияларын қорғап жүр. Талап бойынша, шетелде жұмыстарын ағылшын тілінде қорғауы тиіс. Бір-екі азаматпен кездескенде, доктормын деп көкірек кереді. Мақұл деп, бірер зерттеуден хабары бар ма, өз саласының маманы ма деп сұрақ қойсам, мұрнына иісі бармайды. Шетелде ол талап жоқ, деп шімірікпестен жауап қайтарады. Кейін білдім, тіл білмейтін адамдар да қорғай алғандары бар екен. Сондықтан PhD докторлардың сапасының деңгейі туралы сөз қозғау мен үшін қиындау. Өз саламда 60-70 жылдардағы ғылымнан қатты өзгеріс бар деп айта алмаймын.

Елең еткізерлік санаулы жұмыстар бар, бірақ аз. Бәрібір әдебиет тарихын Е.Смайловтың, Б.Кенжебаевтың, теорияны З.Қабдоловтың, З.Ахметовтың еңбектері арқылы оқытады, соларға сүйеніп дәріске дайындалады. Олай болса, техниканы білмеймін, ал гуманитарлық «ғылымға бөлінген қаржы қайда кетіп жатыр?» деген сауал туындайды.

Сапа жағынан келгенде, меніңше, бәрін болашақ көрсетеді. Ғылым адамзаттың дамуы, өткенін сараптап, болашағын бағдарлау үшін жасалмайтын ба еді? Жалпы, қолданбалы болсын, іргелі болсын, барлық ғылым жетістіктерінің бәрінің мақсаты – адамзат үшін емес пе? Байқайсыз ба? Қазір техника қатты дамыған, бірақ адамдардың өмірін жеңілдетуге бағытталғанымен, адамдардың барлығы жалғыздықпен арпалысуда, әркім өз бақытын іздеуде, аса бір ауыз толтырып айтарлықтай бақытты адамдар пайызы артып жатыр деп айта алмаймын. Қазіргі кезде ғылымда өмірде болған жайттарды айтып беру, сипаттау басым болып жатқан сияқты. Егер қалай, неге, қайдан келді, қайда барады, неліктен болған, болдырмау үшін, не болдыру үшін не істеу керек, деген сұрақтарға жауап берілсе, онда ол нағыз ғылым. Ал, алдындағы сипаттамалы зерттеулер, меніңше, ғылым емес. Сипаттау бағытындағы ғылым пайдасыз.

Шетелдерде ғалымдар кішігірім, нақты бір тақырыпты алып, сонымен 30-40-50 жыл бойы айналысады. Содан кейін одан нәтиже шығады. Бізде ғылым саласында магистрант, доктаранттар сипаттамалық жұмыстарын жазып, қорғағанымен, іргелі не қолданбалы бағытта пайдасы бар монография, оқулық ретінде шығармайды, шығарылып жатса да, ілуде біреу... Ауыз толтырып айтатындай өзгеріс болмай тұр. Сіз қараңызшы, қазір ХХІ ғасырда жаһандану ағымы тегеурінді дамып жатыр. Оған қарсы тұра алатын күш – тек ұлттық құндылықтар. Ол философияда дәлелденген. Енді осы ұлттық құндылықтарды жалпылама насихаттағанымен, іргелі қандай да бір зерттеу бар ма, сіз естідіңіз бе? Сол зерттеудің арқасында қолданбалы жобалар атқарылып жатыр ма? Біз насихаттаумен ғана шектеліп жатырмыз, ол аз болса, өзгелерді «тілді білмейсің, неге оқымайсың, қазақ емессің» деп нұқумен айналысамыз. Сол тілдің ерекше тұрақты тіркестерін әлеуметтік желілерге таратып жүрген блогерлер бар. Бірақ ол ғылым емес қой? Нақты ізденістер бұл салады жоқ.

Тағы бір мысал, жасанды интеллек дегенмен танысып жатырмыз. Алдында бір сұхбат естідім Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек осы бағытты IT мамандары дамыту жолында еңбек етіп жатыр деді. Жобалаушы, бағдарлама жазушы мамандар әрекет етіп жатыр екен, содан жақсы нәтижелер күтеміз. Бірақ сол жасанды интеллект арқасында қазақ тілінде жаңаша ізденістер жасауға бола ма? Меніңше, болады... Тек онымен айналысу керек, мен көрген ғалымдар сияқты ол тақырыппен «ауыру» керек. Өз ауруына ем іздегенде ғана ғылым дамиды. 

Көркем әдебиет, оның ішінде проза, поэзия, драматургия, қазіргі кезде әлеуметтік желі (бұл менің өзімше қосқан жаңа бағытым, күледі) тілдің дамуына ықпал ететін бағыт. ЖОО-ларда «Қазіргі қазақ әдебиеті» деген пән бар. Бұған 1991 жылдан бергі, тәуелсіздік алғаннан кейінгі  көркем дүниелерді жатқызып жүрміз. Бірақ бұл кезеңдегі әдебиетте кімді ауыз толтырып айтуға болады? Олардың ара-жігін ажыратып, қандай бағытта, не жазылды, қандай теориялық бағытта еңбек атқарылды, не дамыды, ерекшеліктері қандай? Айтылады ма? Әрине, айтылады. Бірақ нақты жіктеліп, синхронды талдау әлі жасалмай келе жатыр. Оның себептері де көп: қазір жарық көріп жатқан дүниелер бұрынғыдай «Әдеби, көркем, ғылыми» кеңестердің талқылауларынан өтпейді, бір жерден анықтамалық деңгейде шоғырланбаған, кімнің, қай сайтта, қай әлеуметтік желіде, нені жариялап жатқаны белгісіз... Кейді желідегі дүниелердің тіпті сауаттылық деңгейі де төмен. Сонда оларды жинақтап, баспадан жарық көрген дүниені сұрыптап, іліп алары осы деп көрсетуге тұрарлық жұмыстарды теориялық талдаудан өткізіп, осы кезең әдебиетінің көрнекті өкілі деп неліктен айтуға тұрарлық екеніне жауап табу – үлкен ізденісті, теориялық білімді, көркем талғамды, сауаттылықты, ең бастысы, тірнектеп жинауға деген ұмтылыс пен уақытты талап етеді. Онымен айналысқан адамға үкімет ақша төлемесе де, арнайы жоба арқылы қызмет етпесе де, сол тақырыппен ауырып, зерттеу жүргізсе, мен ойлаймын, бір ауықымды, тарихта аты қаларлық зерттеу шығар еді. Мүмкін, елдің бір түкпірінде онда азамат жасап та жүрген болар... Кім білсін...

Біздің кезімізде аспирантураға бірді-екілі азамат қана қабылданатын. Оның өзінде аспирантураны бітірген адам қорғамай қалуы да мүмкін болатын, қорғау үстінде жұмысы кері қайтарылғандарын да көрдім. Аспирантурасы бітіп, бірнеше жыл тағы да ізденіп, қорғағандар да бар. Магистратурада ондай шарттар жоқ. Бұрынғы ғылым докторлы болуы үшін ғалымның бірнеше монографиясы, аппробациядан өткен дәлелдері, оқулық не оқу құралдары, 50-ден аса ғылыми мақала, баяндамалары болғаны шарт еді. Қазіргі доктарантураның талаптарын білесіз ғой, ондай шарттар жоқ.

El.kz: PhD-ға келсек, батыста жақсы жұмыс істеп жатқан дүние бізге қолайлы болмай тұр ма?

Ажар Зекенова: Мүмкін қолайлы болар... Оны уақыт көрсетер... Тырысып жатқанымыз, әрине, бәрі дұрыс. Бірақ, біздің кемшілігіміз – қабылдап алып, әрі қарай дамыта алмай жатырмыз. Біз шетелдік стандарттардың қалыбын, қаңқасын, сыртқы пішінін қабылдап алдық та, ішкі мазмұнын дұрыс қабылдамағанбыз. Мысалы, қазіргі ғылым кандидаты, докторы, профессорларға қойылатын талап – шетелде Импакт факторы жоғары мақала жариялау. Мақсат – ғылыми еңбек, әйтеуір, бір салада пайдалы болуы керек. Демек, ол қолданбалы ғылым мүддесінен шығуы тиіс. Ғалым ол үшін шет тілін жетік білу қажет. Мен осындай мақалаларды қарасам, біз сияқты ауқымды, жалпылама тақырыпқа арналмаған, кішігірім ғана тақырыптар алынады. Соған сауалнама жүргізіліп, өзге адамдардың пікірі көрсетіледі, түйінделеді. Талдау жасалып, теориялық ақпараттар қосылады. Жұмыстардың бас-аяғы ауаны осындай. Айталық, «Алматы облысындағы шарап өндіретін зауыттағы қызметкерлердің жұмыс киімдерінің үлгілерінің өздеріне қолайлығы» деген тақырып. Бұл кімге қажет болады? Бұл осындай зауыт ашатын, басқа облыстардағы адамдарға керек. Сауалнамаға қатысқан адамдардың пікірін ескеріп, өмірде қолдансын деген мақсатпен жазылады. Ал бізде ХХ ғасырда ғылым мұндай бағытта дамымаған. Себебі, біз барын бар, жоғын жоқ деп (өз саламды айтып отырмын) үйренгенбіз. Мынандай жылдары мынандай ақын болған, оның шығармалары мынандай... Шығармалардың тақырыбы мынау, идеясы мынау. Болды, осымен тамам. Ара-тұра тақырыптардың көтерілу мақсаты, автордың жазу ниеті де аталады. Мұны қолданбалы бағытқа қалай бұруға болады? Тек қана шығарманың қоғамда резонанс жасаған деңгейі мен өзгелерге әсері ғана талдана алады. Ол үшін шетелдік стандарттарға сай болуы үшін сауалнама алынуы керек, сол заман саясаты мен қоғамдағы өмірдің нақты фактілері керек. Тағысын тағылар зерделенуі тиіс.

Жалпы, меніңше, Қазақстан үшін, қазақ ғылымы үшін ХХ ғасыр – өте маңызды ғасыр. Бірақ сол кезде зерттелген дүниелерге қазіргі таңда өзгеріс, жаңашылдық әкелетін ауқымды жұмыстар аз.

Қазір докторлардың жас шамасы 50-ден асқан, 60-қа тақап қалған кісілер. Олардың дені шет тілін білмейді. Сондықтан шет тілінде мақала жариялау қиындау. Ғылымды дамыту үшін ғылыммен айналысып жүрген адамдарға басшылық шет тілін үйретуге немесе шетелге жіберіп, тіл үйренуге жағдай жасауы тиіс шығар... Ол үшін ғылымға шынайы берілген адамдарды іріктеу керек болар....

El.kz: Жастардың ғылыммен айналысуға ұмтылысу қандай?

Ажар Зекенова: Қазір мен жоғары оқу орындарында сабақ беремін. Студенттердің дені «Ары қарай не істейсің?» деп сұрасаң, «магистратураға түсемін» дейді. Ал не үшін десек, мансап, ақша, болашақта жақсы қызметке кіру үшін деп жауап береді. Өйткені, болашақта қомақты ақша алатынын, жақсы жұмыс табуға мүмкіндік беретінін айтады. Жастар ғылымды дамытуға емес, материалдық жағдайды көбірек ойлайды.

Мұның өзіндік себебі де бар. Ғылымға деген ынта ояну үшін алдыңғы буындағы ғалымдар шәкірт тәрбиелеу қажет. Мысалы, Зейнолла Қабдоллов Мұхтар Әуезовтің шәкірті болды. Бұлай болмаса, әдебиет теориясы қайдан шығар еді? Тұрсынбек Кәкішев секілді докторлар өзінен кейін қаншама ғалымдарды тәрбиелеп шығарды. Сабақтастық болмаса, ғылым қазіргі деңгейге дейін дамымайтын еді. Шетелдерде мектеп қалыптастыру дәстүрі бар. Үзілмей жалғасып келеді. Олар бір-екі адам ізденуші, ассистент ретінде алып, соларды тәрбиелейді, өз үлгісін көрсетеді. Өз бағытымен таныстырады.

Өз басым бір жарым- екі жыл зерттеу жүргізіп, жазылған отандық мақаланы білемін. Жарнама болып кетер, атын атамай-ақ қояйын. 20 беттік мақала жазу үшін қаншама адамнан сауалнама алған. Жаңаша әдіс-тәсілдер қолданған. Әрқайсысының сұрақтарына жауап алып отырған. Шетелдік өлшемдер бойынша ізденіс деп осыны айтуға болады.

El.kz: Жас ғалымдардың жетістіктері туралы әңгіме қозғасақ. Олардың еңбегінің бағалануы, насихатталуы қалай?

Ажар Зекенова: Бізде «клиптік» – 15 секундтық «сана» қалыптасып жатыр. Визуалды-аудиолды, кинестетикалық дүниелер ғана тез қабылданады. Ал ғылымда шыдамдылықты талап ететін дағдылар қажет. Орта білім саласында мұндай дағдыны дамытып жатқан жоқпыз. Бұрын бастауыш сыныптарда көркем жазуға баса мән берді. Кейбір ресей ғалымдары нейроғылым мен психолингвистика саласының маманы Т.Черниговская ми мен саусақ жұмыстарының байланысы туралы зерттеу жүргізуде. Қытай, кәріс және жапондар каллиграфиялық шеберлікті не үшін шыңына жеткізіп дамытқаны туралы ой түйеді. Оларда ел басқаратын лауазымға көркем жазуды игерген адамдарды ғана басшылыққа қояды екен. Өйткені, ондай адамдар шыдамды болады. Иероглифтерді әдемі жазу шыдамдылыққа, мұқияттылыққа баулиды. Бұл өнер – бірнеше жылдардың жемісі. Екіншіден, мұны жазып жатқанда, мидың жұмысы тоқтамайды. Қызметін әрі қарай дамыта береді. Нақты әрі дұрыс шешім шығаруға  көмектеседі екен. Ал енді біздің бастауыш сыныптарда көркем жазуды алып тастады.

Оның орнына смартфондарға, пернетақталарды басуға, интернетке көп назар аударылып жатыр. Демек, мидың жұмысы тоқырауы мүмкін. «Клиптік санасы» дамыған адамның он бес секундтан артық оқуға да, өзгені талдауға да, көруге де шамасы жетпейді. Демек, бұл – адам ауқымды материалды игере алмайды деген сөз. Мұндай жағдайда ол ғылымды қалай дамытпақ? Ғылымның дамуы үшін болашақ ұрпаққа меңгертілетін білім жылдар бойына шыңдалған бағдарламалармен құрастылып, ізденіс дағдыларын қамтуы керек деп санаймын. Айтпақшы, қазіргі көпшілік алдында сөйлеу, эмоционалды интеллект, т.б. ХХІ ғасырға қажетті дағдылар нағыз ғалым бойынан табылуы шарт емес. Меніңше, ғалым – өзінің ізденіс бағытымен ауырып, соны насихаттап, тек сол бағытта зерттеулер жүргізуі, зерттеуіне қажетті дағдыларын дамыта отырып, өз сұрақтарына жауап алуы, қандай алыс жер, қанша уақыт болса да, сол тақырыбын зерттеуінен ауытқымауы қажет. Ал басшылық мұндай ғалымға тек материалдық қолдау көрсетсе, мемлекет не өзге де компания тарапынан қаржыландырылатын ассистенттері мен шәкірттері болса, тек сонда ғана ғылым дамиды.

El.kz: Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға