Жаңалықтар

Ажал

Ажал – екі мағыналы ұғым. Біріншісі, дәстүрлі дүниетанымда да, мұсылман агиологиясында да Жасағанның әмірімен адамның, жалпы тіршілік иелерінің жанын алатын тылсым құдірет иесі.
20.08.2014 13:09 9770

Ажал

Ажал – екі мағыналы ұғым. Біріншісі, дәстүрлі дүниетанымда да, мұсылман агиологиясында да Жасағанның әмірімен адамның, жалпы тіршілік иелерінің жанын алатын тылсым құдірет иесі. Екіншісі, адамның биофизиологиялық ғұмырының аяқталғанын білдіреді (араб. ﺍﺟﺎﻞ әджәл).

Қазақ мифологиясында жаналғыш Әзірейіл періште бейнесі А.-дың түрінде айтылады. Ал исламға дейінгі түсінікте А. Сұрмерген, кейде Сұржекей бейнесінде болғанын көрсетеді және бұл мифтік бейне ислам мифологиясындағы Әзірейілден әлдеқайда көне болуы ықтимал. Ұрыс-соғыста қауіпті-қатерде «Сұрмерген жолға шықты», «Ажал оғы қайсымызға тиер екен» дейді екен. Ауру-сырқау адамның да А.-ы жақындағанда А. төнді дейді.

А. ұғымы адам баласының өмірі алдын-ала құдай құдыретімен белгіленіп қойылған дейтін көне сенім-наным, түсініктерді де қамтиды. «Тағдыр», «маңдайға жазылған», «жазмыштан озмыш жоқ», «пешенеде бар» деген секілді сөздер осының дәлелі. «Тәуекел ет те тас жұт, Ажал жетпей өлмек жоқ», «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі», «Ажалды өле ме, аурулы өле ме», «Ажал жетпесе оқ жетпейді», «Ажал мен ақымаққа дауа жоқ», «Ажал айтып келмейді, өткен қайтып келмейді» «Ажалдан ақша беріп құтылмайсың» деген сөз орамдары мен мақал-мәтелдерде А. – тіршіліктің қажетті де, маңызды бір шарты. А. адам үшін табиғи ырықсыз процесс қана емес, сонымен бірге, қоғамдық қатынастар жүйесіне кіретін адамгершілік және әлеуметтік мәні бар жайт болып табылады. Дінтануда А. туралы түрлі қағидалар мен ағымдар кездеседі.

Ал, діни түсінік бойынша, А. жанның тәннен сая таппай тастап шығуы кезінде болатын құбылыс және адам баласының о дүниедегі өмірінің бастамасы деп есептелінеді. Құдайдың құдіретімен әуел баста А. деген маңдайға жазылып қойған жазмыш, яғни белгіленген мезетте А. жетеді деген наным-сенімдер жүйесі қалыптасты. Тәңірдің «маңдайға жазғаны», «жазмыш» тәрізді сөздер осы түсінікті аңғартады. Мұндай түсінікті байырғы ақын-жыраулардың өлең-жырларынан, мақал-мәтелдерден айқын аңғарылады:

Айғайласып жауға ти!

Тәңірім білер жігіттер,

Ажалымыз қайдан-ды!

(Махамбет).

Жалаңаш бар да жауға ти, ажал жетпей өлмейсің (мақал). Қазақы дүниетаным тұрғысынан «ажал» – тіршіліктің болмай қоймас шарты. Мысалы,

Адамды аңдып жүрген ажал дұшпан,

Өлімнің білмейді ешкім ерте-кешін

(Базар жырау).

Адамға ажал тағдыр жақын келсе,

Қызықты қызық дүние қарап қалар

(Бақтыбай ақын).

А.-ға байланысты қалыптасқан А.-дың исі шықты деген фразеологизм өлім қаупі келді, өлетін уақыт жетті деген мағынаны білдіреді.

Әдеб.: Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. Алматы: Ғылым, 1984; Базар жырау. Жырлары. Алматы: Жазушы, 1986; Бақтыбай ақын. Жел қобыз. Жырлары. Алматы: Жазушы, 1987; Муродов О. Аджина // Мифы народов мира. Энциклопедия. Т.1. М.: Советская энциклопедия.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға