Жаңалықтар

Әзербайжан Премьер-министрі Қазақстанның Бакудегі Елшілігіне барды

Әзербайжан Премьер-министрі Қазақстанның Бакудегі Елшілігіне барды
Фото: ҚР Әзербайжандағы Елшілігі 28.12.2024 01:33 502

Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Әли Асадов Қазақстанның Бакудағы Елшілігіне келіп, Ақтау маңындағы Azerbaijan Airlines әуе компаниясы ұшағының апатына байланысты көңіл айту кітабында жазба қалдырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Елдеріміз үшін осы ауыр және қайғылы сәтте Үкіметтің жедел реакциясын, Қазақстанның әртүрлі мемлекеттік органдарының жылдам және жан-жақты қолдауын, бауырлас Қазақстан халқының жанашырлығын жоғары бағалаймын және үлкен алғысымды білдіремін. Әзербайжан Үкіметі де өз кезегінде бұл оқиғаның салдарын жою үшін барлық күш-жігерін жұмылдырды және бұдан былай да жан-жақты қолдау көрсететін болады, - деп жазды Әли Асадов.

Өз кезегінде Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Әзербайжан Премьер-министріне дипломатиялық өкілдікке келгені үшін алғысын білдірді. Ол бауырлас елдер ауызбірлік пен өзара көмектің үздік үлгісін көрсетіп жатқанын атап өтті.

Елші Байелдің айтуынша, бұл жағдай Қазақстан мен Әзербайжанның сөзбен емес, іс жүзінде одақтас екенін көрсетті. Ынтымақтастықтың мұндай жоғары деңгейі кеудеге үміт пен бауырлас халықтардың игілігі үшін ортақ болашақ құруға қатысты сенімділік сезімін ұялатады.

Президенттер Қ.Тоқаев пен И.Әлиевтің тапсырмасы бойынша екі елдің құзыретті органдары тиісті жұмысты жалғастыруда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға