Жаңалықтар

Қазаншүлдік ойнап көргенсіз бе?!

Қазаншүлдік – ұлттық ойын түрі. Бұл ойын жылдың жылы мезгілінде ойналады. Барлық ауылдарда кеңінен тараған.
29.06.2015 10:56 5715

Бүгінде балалар арасында көп ұмытылған бір ұлттық ойын бар. Негізгі атауы – қазаншүлдік. Кейде, оны шүлдік деп те атайды. Ойынның негізгі ережесі төменде көрсетілген. Әйтсе де, бұл ойынның сыртқы формасы сақталғанмен әртүрлі ережемен ойнайтындар да болатын.

Қазаншүлдік ойнап көргенсіз бе?!

Қазаншүлдіктің бүгінде балалар арасында жиі ойналмайтындығын да түсінуге болады. Себебі, бұл жыл мезгілін талғамайтын,  он екі ай бойы ойнауға келетін ойын емес. Оңтүстік өңірлерінде болмаса, қалған суық аймақтарда жаз айларында ғана ойнауға болады.

Қазаншүлдік ойнау үшін көп дүние қажет емес. Ең бірінші, ойынның тәртібін білу. Екіншіден, ойынға икемің болу. Үшіншіден, қарсыласыңа ұтылып қалған жағдайда бұлтартпай, барлық талаптарды орындау. Төртіншіден, соған қатысты құрал-сайманыңның болуы.

Қазаншүлдік – ұлттық ойын түрі. Бұл ойын жылдың жылы мезгілінде ойналады. Барлық ауылдарда кеңінен тараған. Ойынды 6 жастан асқан ересек екі бала ойнайды. Тегіс жерден көлемі бас киіммен бірдей шұңқыр қазылады. Оны қазан деп атайды. Ойынды ұстасу арқылы бастайды. Таяқты қолдарымен кезек-кезек ұстап, таяқтың сыртында кімнің қолы қалса, сол ойынды екінші бастайды. Бірінші ойыншы қолына 9 см шүлдікті (таяқ) алып, қазаннан 5-6 м жерге барып тұрады. Екінші ойыншы қолына 1 м таяқты алып, қазанның қасына барып тұрады. Бірінші ойыншы қазанды дәлдеп, шүлдікті қазанға лақтырады. Егер шүлдік қазанға келіп түссе, онда ойыншылар орын ауыстырады.

Егер шүлдік қазанға түспесе, екінші ойыншы осы сәтті пайдаланып, шүлдіктің ұшын таяғымен ұрып, қазаннан алысырақ лақтырып тастауға тырысады. Егер бірінші ойыншының лақтырған шүлдігі қазаннан 70 см-ге алыс түссе, екінші ойыншы шүлдікті 3 рет (35 см алыс түссе 2 рет, 17 см болса 1 рет) лақтырады. Екінші ойыншы лақтырғанда шүлдік қазанға түссе, онда барлық ұтысынан айрылып, орынын бірінші ойыншыға береді. Егер қазанға шүлдігі түспесе, онда шүлдікпен қазанның арасындағы аралықты есептеп, жинаған ұпайын санайды. Бір таяқ – 10 ұпайға тең. Кім көп ұпай жинаса, сол жеңеді. Мәселен, ойыншылар 1000 ұпайға дейін ойнауға келісіп, біріншісі 700 ұпай, ал екіншісі 400 ұпай жинаса, біріншісі жеңеді. Жеңілген балаға қызық жаза қолданады. Күлді үйіп астына асықтарды жасырып қояды. Жеңілген баланың бетін жуып, сырт киімімен басын орап, асық көрінгенге дейін күлді үрлтеді. Асық көрінген кезде тісімен асықтарды күлден шығарады. Сөйтіп ойын аяқталады.


Әзірлеген: Айсұлтан Мейірбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға