Жаңалықтар

Қазанаттың қасиеттері

Қазанат – дене бітісі жабыдан ірі, құйма тұяқ, мініс жылқысының таза тұқымы.
29.06.2015 10:34 9066

Қазанат – дене бітісі жабыдан ірі, құйма тұяқ, мініс жылқысының таза тұқымы. Кәсіби әскерилер соғысқа міну үшін арнайы сұрыпталып, бапталып өсірілген жауынгерлік ат.

Қазанаттың қасиеттері

Қазанат – ауыр сауыт киіп, қару асынған батырды көтеретін, жорықта ұзақ жолға шыдамды, соғыста шаршамайтын, айқаста қару тіресіне мықты сияқты ерекше қасиеттері бар қазақтардың әскери жылқы тұқымы болды. Мұндай асыл жылқы тұқымын қазақтар арғымақтар мен далалық қазақы жылқы тұқымдарын (арғымақтар айғырымен жабы биелерін) будандастыру арқылы алған. Орта Азияда бұл тұқымды қарабайыр деп те атайды. Қазақтар да қазанатты кейде қарабайыр деп атау кездеседі. Қазанат өз бойына арғымақтың жүйріктігін, ұшқырлығын және жабының беріктігін, қиындыққа төзімділігін, аштыққа, суыққа шыдамдылығын қабылдады. Оның омырауы үлкен, кеудесі кең, салпы ерінді, күпшек санды, тұяғы үлкен, жалпақ, толарсағы жіңішке, шоқтығы биік, құйрық жалы қысқа және сұйық, басы онша үлкен емес, танауы кең, мойны жуан болды. Көшпелі халықтардың бейнелеу өнері ескерткіштерінен қазанаттардың бейнесін осы сипатынан айыруға болады. Бұл жылқы тұқымы да көшпелі түркі халықтарында өте ертеден өсірілген. Қытай жазба деректерінде көне түркілерде жергілікті жылқыларды араб жылқыларымен (арғымақтармен) будандастыру арқылы алған асыл жылқы тұқымдары болғаны айтылады. Ибн Батута үндістандықтардың сауыт кигізіп, соғыс мақсаты үшін қолданатын шабысты да күшті аттарды Дешті-қыпшақтан сатып алатынын жазады. Қазақтарда жауынгерлік ат ретінде қазанатты өсіру, тәрбиелеу, баптаудың арнайы әдістері, жолдары, белгілі бір дәстүрі қалыптасты.

Ер атын баптау ұзақ жылдар бойы жүргізіледі. Аттың құлын кезінен басталып, жеті-сегіз жасына дейін созылады ол төмендегідей үрдістен тұрады:

– арнаулы киіз үй құрып, құлынды соның ішінде бағу. Бұл әдіс, қазіргі асыл тұқымды жылқы зауыттарындағы сияқты, асыл мал түлігін организмі бекігенше аса ыстық пен суықтан қорғап, яғни белгілі бір температуралық режимде сақтап, өсіру мақсатынан туындаған;

– тамақтандырудың арнаулы технологиясын ұстану. Бойына күш-қуат жинап өсуі үшін тай-құлын кезінде емін-еркін емізу. Белгілі бір қасиеті бар сүтпен (қулықтың, қысырдың сүтімен) емізу, түрлі ауырудан сақтау үшін дәрілеген жем беру және т.б.;

– дөнен кезінде (төрт жаста) мойнына арқан байлап үйрету;

– тұлпардың бел күшін арттыру үшін бесті кезінде байтал, бедеу биелерге салу;

– алты жасында ақтату. Қазақтардың дәстүрінде жауынгерлер соғысқа мінетін аттары міндетті түрде ақталған ат болуы тиіс;

– жеті жасынан бастап жорыққа міну. Өйткені, жауынгерлік ат жеті-сегіз жасқа дейін жорыққа мінілмеген. Қазанаттар арнаулы әдістер арқылы бапталуымен қоса, соғысқа арналып арнайы да жаттықтырылған. Батырлардың өзі сияқты арнаулы тәрбиемен, жаттығулармен дайындалып, сан түрлі айқастарды басынан өткізетін жауынгерлік аттардың осы кәсіпке қажетті сезімталдығы да дамып- жетіліп, қауіпті сезетін инстинкті қалыптасты. Қазанат батырдың өзі сияқты еш қауіптен тайынбайтын көзсіз ерлігімен ерекшеленді.

Қазанат тұқымын әскери іспен кәсіби деңгейде айналысқан, көшпелі қазақ қоғамында билеуші тап өкілдеріне жататын, белгілі дәрежеде материалдық байлық иелері болған батырлар әулеттері ғана ұстаған.

Қазақ қоғамында батырлардың – кәсіби жауынгерлердің қоғамдық жік ретінде жоғалуымен бірге қазақ жылқысының бұл тұқымы да құрып, оны баптау, сұрыптау, өсірудің дәстүрі де ұмытылды.


Әзірлеген: Айсұлтан Мейірбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға