Азаматтық қоғам құрғымыз келсе, ашықтықты қамтамасыз етуіміз керек – Жаңбыршин
Мәжілістің пленарлық отырысында қоғамдық бақылау туралы заңның қабылданғаны турасында заңның таныстырылымы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Депутат Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, заңды жұмысқа алғаннан кейін жұмыс топтарының басында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына қоғамдық бақылау тетігін енгізу тетігі қарастырылып, заңмен бекітілгенін айтты.
Сондай-ақ Назарбаев университеті мен мектебіне қоғамдық бақылау енгізу, дербес білім беру ұйымдары мен әскери борышын өтеп жатқан кадет корпустарына да қоғамдық бақылауды енгізу процестері айқындалды, - деді депутат Жұлдыз Сүлейменова.
Бұдан өзге, депутат қоғамдық бақылау үш негізде – қоғамдық талқылау, қоғамдық монтиторинг және қоғамдық сараптама бойынша жүзеге асатынын айтты. Әрқайсысының өзінің рәсімдері мен күндері, шешімдері, қорытынды құжаттары заңмен реттеліп отырған көрінеді.
Заң жобасында негізгі үш кодекске, 10 заң жобасына өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ 4 тараудан, 16 баптан тұрады. Ең басында заңда шектеулер көп болды. Жаңа Қазақстан депутаттық тобына «Самұрық- Қазынаның» бірінші басшылығын шақырып, сол жерде талқылауға дейін өткізуге тура келді. Өйткені аталған ұйымдарда қоғамдық бақылауды енгізуге қатысты басында Үкімет тарапынан да қолдау болмады. Ең алғашқы қорытындының бәрі теріс болып келген еді, - деді мәжілісмен Жұлдыз Сүйлейменова.
Ал депутат Еділ Жаңбыршин партия мүшесі және депутат болған соң елді көп аралайтынын айтты.
Сол мәселелердің көбін біз Мәжіліске бергеннен кейін, заңға өзгеріс енгізуге және жетілдіруге атсалысамыз. Әріптесім айтқандай, әскерилерді және «Самұрық-Қазынаны», еншілес компанияны, дербес ұйымдарды бақылауға алу сияқты мәселелер – сайлаушылардың, мамандардың көтеріп жүрген мәселелері, - деді Еділ Жаңбыршин.
Сондай-ақ ол кейбір мемлекеттік органдар ескі шаблонмен, ескі көзқараспен жұмыс істейтінін тілге тиек етті.
Біз азаматтық қоғам құрғымыз келсе, Президент айтқан ықпалды Парламент құрғымыз келсе, онда ашықтықты қамтамасыз етуіміз керек. Бұл заңда қарастырылған қағидаттар осы бағытта болуы қажет және мәліметтер мен іс-әрекеттің, шешімнің бәрі қоғамдық бақылауда болуы керек, - деді мәжілісмен Еділ Жаңбыршин.