Жаңалықтар

Азаматтық қоғам және құқықтық мемлекет

Азаматтық қоғам идеясы өте ерте пайда болды. Аристотель еңбектерінің өзінде біз азаматтық қоғамдағы меншіктің рөлі туралы пікірлерін кездестіреміз.
14.08.2014 04:06 25690

Азаматтық қоғам идеясы өте ерте пайда болды. Аристотель еңбектерінің өзінде біз азаматтық қоғамдағы меншіктің рөлі туралы пікірлерін кездестіреміз. Ол кім меншікке ие болса, сол ізгіліктің, адамгершіліктің де иесі болады деп жазды.Азаматтық  қоғам және құқықтық мемлекет

Кейінірек осы мәселеге елеулі үлес қосқандар Ш. Монтескье, Т. Гоббс, Т. Пейн, Ж.Ж. Руссо және тағы да басқалары болды. Дегенмен, азаматтық қоғам тұғырнамасын жасауда ерекше еңбек еткен немістің атақты философы – Гегель. Оның ойынша, азаматтық қоғам мемлекеттен тәуелсіз нарықтық экономиканы, әлеуметтік топтарды, таптарды, корпорацияларды, институттарды қамтиды. Олардың мақсаты қоғамның өміршендігін және азаматтық құқықты жүзеге асыруды қамтамасыз етуде.

Азаматтық қоғамның құрамына адамдардың өздері тудырған қауымдастықтар (отбасы, кооперациялар, ассоциациялар, қоғамдық ұйымдар, кәсіби, шығармашылық, спорттық, этникалық және басқа бірлестіктер), азаматтардың өндірістік және жеке өмірі, олардың әдет-ғұрпы, салттары.

Азаматтық қоғамда адамдардың экономикалық, саяси және рухани өмірінің түрін еркін таңдауына және жүзеге асыруына заң жүзінде кепілдік беріледі. Олар мемлекет тарапынан қатаң тәртіпке алынудан сенімді түрде қорғалады. Адамның жалпы құқықтары сақталады, бұзылмайды.

Азаматтық қоғам экономикасының негізі – әр түрлі меншіктегі көп укладты экономика. Бұл қоғамның әрбір мүшесінің нақтылы меншігі болады және оны өз қалауына сай пайдалана алады. Сондықтан мұнда белсенді іскерлікке, тапқырлыққа, жемісті еңбек етуге кең жол ашылады.

Азаматтық қоғам материалдық, мәдени жоғары дамыған шақта құқықтық мемлекетке айналады. Құқықтық мемлекет ол демократиялық жолмен қабылданған заң үстемдік ететін, оның алдында бәрі де тең саналатын, жеке адамның құқығы жан-жақты қамтамасыз етілетін мемлекеттік құрылыс.Заң үстемдігінің мызғымастығы елдің Конституциясында бекітіліп, басқа заңдар мен ережелік актілерге таралады. Заңдар халықтың еркін білдіреді және оны барлық адамдар, мемлекеттік органдар мен мекемелер орындауға міндетті. Мұнда мемлекет пен азаматтар екі жақты өзара жауаптылықта болады. Билік шын мәнінде бөлінеді, олардың міндеттері мен қызметтеріне шек қойылады, өзара бақылау қамтамасыз етіледі.

Құқықтық мемлекетте адамның адамгершілік қасиеттері, борыш сезімі, жауапкершілігі биік дамиды.

Құқықтық мемлекет жоғары үкіметтің қаулы-қарарларымен кіргізілмейді. Ол үшін мемлекет жан-жақты дамып, пісіп жетілуі керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға