Жаңалықтар

Азамат Сатыбалды «Қазақфильмді» автосалонға айналдырған ба?

Азамат Сатыбалды «Қазақфильмді» автосалонға айналдырған ба?
Фото: Видеодан кадр / instagram.com/azamatc 11.01.2024 09:50 1251

Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм”  киностудияның аумағында соңғы күндері қытайлық көліктер қаптаған. Актер Қуандық Дүйсенбаев осыған наразылық білдіріп, мәселені көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Киностудия басшысы Азамат Сатыбалды да әлеуметтік желіде қытай автокөліктерін жарнамалап жүргені белгілі. Көліктердің қапта тұруына рұқсат берген киностудия басшысы Азамат Сатыбалдының әрекеті әріптестерінің шымбайына батқандай. Актер Қуандық Дүйсенбаев алғашқылардың бірі болып әлеуметтік желіде үндеу жасаған. Шәкен Айманов атындағы қара шаңырақтың онсыз да хәлі мүшкіл кезде аумағын оңды-солды пайдалану қисынға келмейді деп күрсінеді.

Ер жігіт ер жігітті даттамайды, күндемейді. Мен Азамат Сатыбалдының артына түсіп алған азамат емеспін. Өзім осы киностудияда 12 жылдай қызмет етемін. Қазіргі киностудияның жағдайы мүшкіл болып тұр. Оған тікелей басшы кінәлі. Павильонның бағасын 250 пайызға көтеріп жіберді. Бұрын 200 мың теңге еді, қазір 750 мың теңге болды. Ал жалға алуда шаршы метрін 100 пайызға көтерді, – деді актер Қуандық Дүйсенбаев.

Инстаграмында 700 мың оқырманы бар Сатыбалды қытай көліктерін сатып алуға қатысты соңғы уақытта жиі сторис салып, пост жариялап жүр. 

Білдей басшы. Үлкен басшы автокөлік жарнамалап жүр. Киностудияның штаттағы азаматтардың 20-30 пайызын ақысыз демалысқа жіберді.Себебі ақша жоқ дейді. Бірақ киноға қатысы жоқ, өндірісте жұмыс істемеген азаматтарды өзінің командасына алып келді. Қазір вице-президент Назым Есенбековна деген кісі отыр. Кинода бір минут та жұмыс істемеген. Бұл кісінің саясаты, жалпы өсірмеу, киностудияны өшіру ғой деймін, – деді актер.

Азамат Сатыбалды бос тұрған ғимаратты жалға бергенін растады. Алайда "ол көліктер сатылмайды, таксопаркке тиесілі" дейді. Мұндай қадамға баруына қарамағындағы 178 адамның жалақысын төлеуі түрткі дейді. Расында, киностудияның бюджеті тапшы екенін мойындады.

Қазақфильмнің" президенті ретінде менің басты міндетім — 178 адамның айлығын тауып беру. Жалға берем бе, өзімді сатам ба, жоқ әлде басқа да жұмыс істеймін бе, менің міндетім. Сондықтан да мен барынша осындай жұмыстар арқылы, кинодан да басқа жұмыстар арқылы 178 адамның айлығын тауып беруім керек. Бұл – кәдімгі таксопарк. Ешқандай да, бұл жерде көлік  сатылмайды. Бұл автосалон емес, – деп мәлімдеді "Қазақфильм" АҚ президенті Азамат Сатыбалды.

Алайда ол келісімшартқа отырған компаниядан "Қазақфильм" бюджетіне қанша ақша түсетінін жауапсыз қалдырды. "Заңға қайшы ешнәрсе жоқ" дейді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға