Жаңалықтар

Қазақтың мақтанышына айналған келін

Қазақтың мақтанышына айналған келін
12.08.2018 05:58 3557

Әдетте қыз баланың келін болып түскен жеріне сіңісіп, «балдай батып, судай сіңіп кетуі үшін» көп уақыт қажет. Тіпті, түскен жерін жатсынып, сіңісе алмай түрлі қиындықтарға тап болып жататын қазақ келіндері де баршылық. Осыдан барып үйінде ыдыс-аяқ сылдырлап, отбасының іргесі ажырап, түрлі қиындықтар да туындап жатады. Ал, бүгін біз сөз еткелі отырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, Надежда Лушникова бір әуелеттің ғана емес, бүкіл бір елдің мақтанышына айналған келін. Жастайынан көпшілік ортада жүрген Надежда Лушниковаға бүкіл бір әулетке сыйымды, халқына сыйлы болу аса қиыншылық та туғыза қоймады. Бірақ, өзіндік қиындықтары да болмай қоймады. Ендеше, бүгін біз оның өзі арман еткен әлемі жайында қалам тербейміз...

 «Соғысты шақыра туғандар» дейтін...

Надежда Лушникова 1940 жылы 22 қараша күні Қарасай ауданы, Шамалған ауылында дүниеге келген. Ол өзінің балалық шағы жайында бізді «соғысты шақыра туғандар» дейтін» деп еске алды.

«Мен туған жер кезінде «Шамалған ауылы» деп аталатын. Қазір Үшқоңыр ауылы болып кетті. Балалық шағымыз осы ауылда өтті. Атам Геросим кітапқұмар кісі еді. Қалтасындағы соңғы тиынына кітап сатып алатын. Әжем Агафия базарға бара жатқанда қолына ақша ұстатса, қажетті заттан артылып қалғанына кітап алып келетін. Бала кезімізден кітаппен сусындадық. Әкем Андрей соғысқа кетіп оралмады. Ал, анам Иринаны бүкіл ауыл сыйлайтын. Үлкендер анамды «Ерке қыз» деп атаушы еді. Анам әкемнің соғыстан оралмағанына қарамастан, атам мен әжеммен бірге тұрды. Барлығымыз бірлесіп, бір-бірімізге сүйеу болып өмір сүрдік. Ауылда өмірге сәби келсе, сол сәбидің кіндігін менің анам кесетін. Өзінің қолы сондай епті, шаруаға ыңғайлы болды. Біз соғыстың қиыншылығын көрген ұрпақпыз.  Бізді жоғарыда айтқанымдай, «е-е, бұлар соғысты шақыра туғандар ғой» деп отырушы еді...

Менің арғы аталарым Қазақстанға Сібірден қоныс аударған екен. Аталарым Алматыда шай фабрикасын ашқан дворяндар еді. Сол атадан жалғасып келе жатқан әдемі үрдісті соғыстың ызғары шайып жіберді. Әкем соғыстан қайтпай қалды. Үшқоңырдың биокомбинатында жұмыс істейтін шешемді көлік қағып, бақилық болды. Бірақ, өткенге өкінішім жоқ. Ауылдың үлкендері бізді жетімсіретпеді. Олар бізді аялы алақанына салып өсірді», — дейді Надежда Лушникова.

Осылайша, балалық шағын Үшқоңырдай баурайы кең жерде өткізген Надежда талай мәрте қазақтың кеңдігін көріп, көңілі толқыған. Ол қай жерде болмасын, қазақтың кең пейілдігін, дархандығын жанына жалау етіп, өмірдің қиындықтарына қасқайып тұра білді.

Құран кітабы үйімде сақтаулы тұр 

Надежда қазақтың мейірімі өз алдына, Алланың мейірімі түскен жан. Ол Алланы аузынан тастамай, Тәңірге тәубе айтудан бір сәтке де жалыққан емес. Өйткені, оның санасында «Алланы ұмытқанның мейірімі де азаяды» деген ата өнегесі жаңғырып тұр...

«Жоғарыда айтқанымдай, атам Геросим аса кітапқұмар кісі болды. Бір күні ол кісі Гордий Соблуков орысшаға аударған, 1907 жылы шыққан Құран кітабын үйге алып келді. Сол Құран кітабы менің үйімде күні бүгінге дейін сақтаулы тұр. Менің ер азаматым Тұрлыбек Кеңес заманында дінге сенбейтін атеист болды. Тұрлекең өмірден өтерінде «жеңілдесін» деп, молда шақырттық. Ол кісі басын көтеріп отырды да, әлгі молда дем салғанда  «Фазылмысың» деді. Молда бала «иә» деп, иман шартын айта бастап еді, бөлменің тұсындағы ілулі тұрған домбыра бір белгісіз дыбыстар шығара бастады. Тұрлекең маған қарап: «Ее, Алланың бары рас екен. Жаным шығып барады, балаларға ие бол» деп, арыздасты. Сол сәтте: «Дінге назар салмаған коммунист адам өмірден өтіп бара жатқанда Алланы мойындады, ал, мен тірі бола тұра Аллаға неге тәу етпеуім керек?» деп ойладым. Содан бері Құран сөзінің ешуақытта өзгермейтінін сезіндім. Алланың құдіретіне сендім. 72 жасымда «Нұр-Қазақстан» компаниясының қолдауымен қажылық сапарға барып келдім. Қажылықта тілеу тілеп тұрып, елімнің, қазағымның амандығын тіледім. Біз де иманы берік, тыныштығы мығым мұсылман елдерінің бірі болайық» деп, ниет еттім.

Осылайша, қажылыққа барып, халықтың тілеуін тілеген Надежда Лушникова бүгінде өз ұрпақтарына да «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» екенін жиі еске салып отырады. Оның қазіргі таңдағы бар арманы – имани тәрбие мен білім алған ұрпағының қызығын көру.

Жамбылдың берген алмасының дәмі аузымнан кетпейді

Әкесі соғыстан оралмай, анасын көлік қағып қайтыс болған соң Надежда ауылдағы үлкендердің мейіріміне бөленді. Көрші-қолаң Надежданы бауырына басып, көңілін аулап, қасына ертіп жүретін. Сондай бір сәттерде ауылдағы сыйлы кісілердің бірі Жәметай әжей Надежданы Жамбыл ақынға ертіп барады. Осы сәт көкірегінде өмір бойы сақталып қалған Надежда Жамбылмен кездесуін үнемі толқып есіне алады:

«Шәметай апа аса сыйлы кісі болатын. Ол кісі Едіге батырдың тұқымы еді. Бір күні ол кісі мені тау бөктеріндегі бір әдемі ауылға әкелді. Таудың бөктерінде бір әдемі бақта аппақ киіз үй тұр екен. Әлгі киіз үйге Шәметай апа мені жетектеп кірді. Кірсек, аппақ киіз үйде, аппақ төсекте аппақ сақалы бар бір қария жатыр екен. Ол кісіге назар аудармаушы едім. Әлгі қария жатқан төсектің басында баланың басындай апорт алмалары үйіліп жатыр. Алманың иісі мұрынды жарып, бүкіл үйге аңқып тұр. Біз біраз жер жүріп келгенбіз. Баланың жүрісі білінбейді ғой. Мен әлгі үйіліп жатқан алмаларға қызыға қарап қалған болуым керек. Төсекте жатқан қария әлсіз ғана қолымен маған бір алма ұсынды. Әлгі алманы құшырлана жегенім соншалықты, қазіргі күнге дейін қанша алма жесем де сол алманың дәмі таңдайымнан кетпейді. Шәметай апам мен ана ақсақал біраз әңгіме өрбітті. Кейінірек, біраз уақыт өткеннен кейін, ес білгенде Шәметай ападан сұрадым ғой: «Апа, сонда ертіп барғанда сондай алма жеп едім ғой, сол алманы берге қария кім еді?» деп. Сөйтсем, сол кезде Шәметай апа мені Жамбыл бабамызға ертіп барыпты ғой. «Ол Жамбыл бабаң емес пе?» дегенде барып, «ақындықтың бір сарқыты сол бабамнан дарыған екен ғой, бір жырының жұғыны берілген екен ғой» деп ойлаймын.

Сөз өнерін жетік білген, 100 жасаған Жамбылдың қолынан алма алғанын ойлағанда Надежда Лушникова тебіреніп кетеді. Осыдан кейін ол қанаттанып, өзінің бойына бар дарынын дамытуға күш салып, үнемі ақындық өнерге адалдық танытып келеді. Надежданың ақындық талантын байқаған Асқар Тоқмағамбетов студенттік жылдарында оған қолдау білдіріп, түрлі додаларға қатыстырып, талабын ұштай түскен.

Бауыржан Момышұлы алтын сағат тақты

Үнемі айтулы додаларға түскісі келіп жүретін Надежданың арманы 1964 жылы орындалды десе де болады. Ол осы жылы Шымкент, Қызылорда, Жамбыл облысының ақындары қатысқан үлкен шарада өнер көрсетті. Ақындарға әділқазылар бағасын беріп, сүбелі сөздерін електен өткізіп отырады. Әділқазылардың арасында қазақтың біртуар батыры Бауыржан Момышұлы да бар еді. Ұтымды сөзбен қарсыласын қапы қалдырып отырған Надяға жеңіс бұйырып, ақын Әбділда Тәжібаев ер адамдар тағатын  «Победа» сағатын таққалы жатқанда, қазылар құрамында отырған Бауыржан Момышұлы атып тұрып: «Надя ол сағатты тақпайды. Қазақтың тілінде сөйлейтін ұлт өкілдері толып жатыр. Бірақ, қазақты жан-тәнімен сезінетін, оның ән-жырын сүйетін Надя тәрізді адам сирек» деп, өзінің зайыбына қарап: «Кәмеш, мына қызға алтын сағат алып бер» деп  бұйырады.

«Бауыржан Момышұлының осылай бағамды өсіріп, ел алдында мәртебемді арттырғанын қалай ұмытармын?! Кәмеш апамыз ертіп барып, қолыма алтын сағат тақты. Ол сағатты Баукеңнің көзіндей қадірлеп келдім. Сағатты беріп тұрып: «мұны Баукеңнің бергені деме, қазақтың ақ адал көңілмен бергені» деп тақ» деді. Міне, мені осылай қастерлеген халықтың ұлдары, қазақ халқының пейілі менің мерейімді асқақтата түсті. Қазір ел алдында ұлттық мақтанына айналсам, ол қазағымның кең пейілі деп білемін». 

Қызылорда «келін» емес, «қызым» деді

Сөйтіп, елдің алдында ән-жырын айтып шалықтап жүріп, жасы 24 жасқа келгенде Надежда Қызылордаға келін болып түседі. Бұл жайында Надежда апамыз «Қызылорда келініндей емес, қызындай қабылдады» дейді.

«Менің келін болуымның өзі бір тарих. Қасымда құрбым бар, Алматыға «Айтыс» деректі фильміне түсуге келгенмін. Сол кезде Тұрлыбекпен сөз байласып жүрген едім. Ол төрт жыл әскерде болып, борышын өтеп келген беті болатын. Бір күні фильмнің түсірілімінен шыққанбыз. Тұрлыбек құрбым  Хафуза екеумізді үйіне қонаққа шақырды. Ойымызда дәнеңе жоқ, бара қалдық. Сол жерде маған шашу шашылып, орамал жабылды. Содан келін болып қалдым. Қызылордаға әкелді. Үмбетәлі Кәрібаев бетімді ашты. Сол жылы сәуір айында қызылордалықтар «Сырдария» мейрамханасында комсомол тойын жасап берді. Аллаға шүкір, өнерім мен отбасымды қатар алып жүрдім. Құралай, Қарлығаш, Ләйлім, Жәнібек атты балалар өсірдік. Олардан немере, шөбере сүйіп отырмын. Алладан балапандарымның саулығын тілеп, тірлігімді кешіп отырған жайым бар».

Сары Омар атаның батасын Алла қабыл етті

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Надежда Лушникова соғыс жылдарындағы балалықты басынан өткерді. Сұрапыл соғыс баланы жетім, ананы жесір етті. Сондай кезеңдерде қазақ ауылдары «көппен көрген ұлы той» деп күнелтті. Бұл ретте Надежда Лушникова былай дейді:

 «Соғыстан кейінгі жылдар еді. Ауылымызда Қара Омар, Сары Омар деген аталарымыз болды. Ауыл тұрғындары екі атамызға кезек-кезек ас-ауқатын апарып, күтім жасаймыз. Сондай бір күндері аталарға тамақ апару кезегі біздің үйге түсіп, олардың ас-суын мен әзірлеп апардым. Тамағын апарып, алдына дастарханын жайғанымды көрген Сары Омар ақсақал «Қызым, қолыңды жай, бата беремін» деді. Қолымды жайып қарасам, кішкентай тәрізді. Содан «кішкентай қолым не болады» деп, етегімді жайдым. Қария маған «етегіңе ел толсын» деп, бата берді. Содан бері, расында да, айналамды қаумалаған ел көбейді. Артымнан бір қауым ертетін, аталы сөз айта алатын халықтың қызы болдым. Қазақтың мақтанышына айналдым. Қазаққа келін болып, ұрпақ өсірдім. Бір әулеттің ғана емес, бүкіл елдің мақтанышына айналдым. Қазір, кейде ойлаймын, сол кезде етегімді жайып бата алғаным қандай оңды іс болған. Сары Омар ақсақал айтқандай, етегім елге толып, үбрлі-шүбірлі болып отырған жайым бар. Ендігі уақытта Алладан елімнің амандығын, ұрпағымның саулығын тілеймін».

Міне, «Әкеден де, шешеден де жалғызбын, мен қазағыммен көппін» деген қазақтың келіні Надежда Лушникова жайлы біздің өрбіткен әңгімеміз осындай игі тілекпен аяқталды. Шынында да, «етегіне ел толған» елеулі тұлға бүгінде көпке үлгі. Ендеше, сөз соңында біз де ел мақтанышына айналған келінге «Жасай беріңіз, жарқырай беріңіз, ұрпағыңызбан өсіп-өне беріңіз» дегіміз келеді...

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға