Қазақтың би-шешендері
1. АЛШЫН ҚАРАЖІГІТ БИ
Алшын Қаражігіт би бала күнінде бір ауылға келсе, сол ауылда Төле би мен Едіге бір үлкен дау бітіру жұмысында жатыр екен. Қаражігіт босағадан орын алып, сөйлескен сөздерін тыңдап отырып, ұнатпай:
«Асқар тау, сенде бір мін бар –
Асу неге бермейсің?
Қара су, сенде бір мін бар –
Өткел неге бермейсің?
Билер, сізде бір мін бар –
Елге тізгін бермейсіз», –депті де, үйден шығып жүре беріпті. Билер қайтарып, кім боласың деп жөнін сұрағанда, Қаражігіт айтады:
«Шешем қара күң,
Əкем қараңғы түн.
Пышағым бар жетесіз,
Шешем бар некесіз.
Өзім туған бір ұлмын,
Тегімді сұрап не етесіз?»
Билер төрге отырғызып, дау билігін Қаражігітке беріпті. Қара жігіт: «Тұлпардың өзі бітпес, тұйағы кетпес» деген бұрынғының жолы бар, көптен келе жатқан, тозған мал екен, жүз жылқының тұйағы жүз тай болсын», – депті. Екі жағы ырза болып тарапты.
(Шорман жиғанынан)
2. АТАҚОЗЫ БИ
Қазақтың бір қанының заманында, елде бір Атақозы деген би болған. Ол би сөзге ұста, шешен кісі болған. Бірақ бұл қан оның сөзін елең қыла қоймаса керек. Бір күні қан жолдастарымен сейілге шығып келе жатса, бір бүйірден бір жалғыз адам келе жатқанын көріп, қан жанындағы жолдастарынан мына келе жатқан кім екен деп сүраса, жанындағы жолдастары бүл белгілі Атақозы ғой деп. Сүйткенше болмай, Атақозы келіп қалады. Қанмен амандасып болғаннан соң, қан тұрып Атақозыға: «Апырай, сіз қалай арықсыз?» – деп сұраған.
Сонда Атақозы қанға айтқаны: «Тақсыр қан, мен қалай семіз болайын. Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді, қаралысында қатын семіреді, қайғысыз қан семіреді. Қазақтың жылқысын калмақ алады деп, бір түнде тоғыз ойанып, тоқсан ойланамын. Сүйтіп жүріп мен қалай семірейін», – деген.
Сонда қан жанындағыларына бұл мұндай кісі екенін маған бұрынырақ неге айтпадыңыздар деп, не айтарын біле алмай, сасып қалған дейді.
3. МҮҢКЕ БИ
Шекті ұлы Мүңке би жеті жасында билік айтып, кісі құны дауды бітірген екен дейді.
Бір судың бойына бір бай аулы келіп қонады. Су бойында бір топ бала ойнап жүрсе балаларды келіп ауыл иесі ақсақал қуалайды. Байдың астындағы асаулау байтал екен, балалардың біреуі атын үркітіп қалғанда, байдың бөркі басынан ұшып, байталдың алдына түскен кезде, байтал тулап, бай жығылып жан тапсырады.
Байдың елі балалардан құн алмақ болып жиылады. Үш күн, төрт күн жатады, бітісе алмайды; бес күн, алты күн жатады, бітімге келе алмайды. Сүйтіп дағдарып тұрған уақытта бір тайға мінген жеті жасар бала келеді. Бала қарап тұрады да, бұ жұмыстың билігін маған берсеңіздер, мен бітірейін дейді. Бала бір айтады, екі айтады, оның сөзіне баласынып ешкім құлақ аспайды. Ақырында ақсақалдар дағдарып: «Осы қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақадай, жасы кіші демеңіз, ақылы жақса атадай» деген қайда? Манағы бала кім баласы екен? Та- уып əкеліңдерші», – деп іздетіпті. Сұрастырып баланы тауып əкеледі. Баланың аты Мүңке деген, бала келіп айтады: «Билікті маған берсеңіздер, менің айтатын билігім мынау дейді: «Ердің құны жүз жылқы, бұл істе тентек төртеу, əуелі ойнап жүрген бала тентек, екінші, оны қуған бай тентек, үшінші үріккен байтал тентек, төртінші, бастан ұшқан бөрік тентек. Төрт тентекке жүз жылқыны бөлу керек», – дейді.
Сонда жүз жылқының үш бөлімі байдың өзіне түсіп, бір бөлігін ғана бала жағы төлейді. Жұрт бала билігіне ырза бола- ды. Сол бала үш жүзге белгілі Мүңке би атанып, аты аспанға шығады.
А.Байтұрсынұлы / «Ел - шежіре»