Жаңалықтар

Қазақтың алып аналары мен қаһарман қыздары

Алып ана, Дарабоз ана, Cүйімбике, Айқыз...
Қазақтың алып аналары мен қаһарман қыздары
05.11.2021 12:33 12360

Қазақ халқынан шаққын абыз аналар, қалың елдің туы болып, көш бастаған батыр қыздар жеткілікті. Солардың біразын ел таныса, біршамасының аты тек кітап беттерінде қалды. Осыған орай, Ә.Көпіш құрастырған «Қазақ халқының тарихи тұлғаларын» негізге алып, тарихта ұлы істерімен, ақыл-парасатымен есімдері қалған аналарымыз бен батыр қыздардың өмірдерегі мен жүріп өткен өнегелі жолын ұсынамыз.

Сыланды ана (VII-VIII ғ.)

Ел аузындағы аңыз-әфсаналар мен шежіре деректері бойынша, Сыланды ана — Ұлы жүзге кіретін, Бәйдібектің немерелері, Жәлменбеттің ұлдары болып келетін Ысты, Ошақты, Шапыраштының анасы. Ұлы жүз шежірелерінде көрсетілгендей, Сыланды ананың бір ұлы Ыстыдан Тілік және Ойық тарайды. Тіліктен Тазша, Таздар, Асанқараған, Сексен, Байқараған, Қоңыр, Жырымсыз, Ақмолда рулары өрбиді. Ойық Есім, Малай, Таз, Құланшы атты ірі-ірі төрт ру бөлінеді. Тілік руларының арасында Қарақойлы руы (Наурызбай, Қораз, Рүстем, Томай, Әжі аталары) тайпа тарихында үлкен рөл атқарған. Кейбір ғалымдар оны Қарақойлы мемлекетін құрған әулет деп есептейді. Қалай болғанда да, Ысты тайпасының ілкідегі тарихы Үйсін-Юечжи заманынан басталады. Сол кездері олар Ыстықкөл аймағында тіршілік еткен. Осыған байланысты Ыстықкөл этнонимін бірқатар зерттеушілер осы тайпа атауынан шығуы мүмкін деп есептейді. Кейбір зерттеушілердің пікірлерінше, Ыстылардың бір тармағы ерте орта ғасырларда Тохарлармен бірге батысқа қарай жылжып, Қазақстанның батыс аймақтарында тұрақтап калды, кейіннен олар Кіші жүз құрамына өтіп, Ысық атауымен танылған. Ыстылар үйсін-Юечжи заманы аяқталған соң Түрік қағанының билігін мойындады. Батыс Түрік қағандығы тұсындағы қытай жазба деректеріндегі мәліметтерде Ыстының Дулу одағы құрамына енгендігі анық көрсетілген. Ыстының Тілік тармағы жайында Фахретдин Мүбаракшаһтың «Тарихында» айтылады. Бұл дерекке қарағанда, Ыстылар өзге тайпалармен қатар XIII ғасырда Шу мен Талас алаптарында тіршілік еткен, XV ғасырда Қазақ хандығының құрамында болған. Ыстылардың XVII-XVIII ғасырларда жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескендігін ел аузындағы Піләл (руы – қарақойлы), Бөрібай, т.б. батырлардың ерліктері дәлелдейді. XVIII ғасырдағы М.Тевкелевтің Ұлы жүз құрамын көрсеткен тайпалар тізімінде Ысты тайпасы да кездеседі. Арнайы қарастырмаса да орыстың бірқатар зерттеушілерінің (П.Рычков, А.Левшин, Н.Абрамов, В.Радлов, Н.Аристов, т.б.), қазақ ғалымдарының (Ш.Уәлиханов, С.Аманжолов, т.б.) еңбектерінде Ысты туралы мол мағлұматтар ұшырасады. Ресейлік зерттеушілердің біразы Ыстыны таңбасына (көсеу) қарап Ұлы жүз құрамындағы ру-тайпалармен туыстығы алшақ деген жаңсақ пікір ұстанды. Ал, шын мәнінде олардың таңбасы Ұлы жүз құрамындағы Қызылбөрік, Қаңлы, т.б. ру-тайпалар таңбасына ұқсас. Соған қарап көптеген зерттеушілер Ыстының түп-төркіні ежелгі Қаңлыда (кангюйте) да жатуы мүмкін деп есептейді. Сондай-ақ, Ойықтың 00 таңбасы жалпыдулаттық дөңгелектің қосарлануы екендігін бірқатар этнолог-мамандар (Х.Арғынбаев, т.б.) дәлелдеген. Бұл мағлұматтарға карағанда, Ыстының Ұлы жүз тайпаларынан туыстық алшақтығы байқалмайды. XIX ғасырдағы мәліметтер Ысты тайпасынын рулары Сырдария және Жетісу облыстарының жерін мекендеп, мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысқандығын айғақтайды. Ысты рулары Шудың сол жақ жағасын, Қаратаудың оңтүстігіне дейін, қыста Шалдыөзек, Бестоғай, Арыстанды, Шаян өзендерінің бойын, Іле мен Балқаш өңірін, Қараойды, Алатау қойнауын жайлады. 1868 жылы жүргізілген санақ бойынша бұл жердің халқы 7314 түтін болған. XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Ысты рулары Верный, Әулиеата және Шымкент уездерінде шоғырланды. М.Тынышбаевтың деректерінде 1917 жылы Ыстылар Верный уезінде 10 мың, Әулиеатада 20 мың, Шымкентте 20 мың адам деп көрсетілген. Ұраны – Жауатар, таңбасы – көсеу. Ошақты – Ұлы жүз құрамындағы тайпа. Көне жазба деректерде Ошақты тайпасы туралы ешқандай мәлімет жоқ. Тек XV ғасырға жататын «Тарих-и Абулхайырхани» шығармасында Ошақтыдан тараған байлы руы туралы азды-кемді мағлұматтар ғана бар. Ол Байлы (немесе Байназар), Қоңыр (Қойназар), Аталық (немесе Бекназар), Тасжүрек (Ақназар) секілді рулар бірлестігінен бөлінеді. Байлыдан – Сүзік (Созақ), Байсары, Қасқа, Қабыл рулары, Қоңырдан – ІШуылдақ, Алданар, Жамантымак, Түлікші рулары, Аталықтан – Орақ (Төртaуыл, Қарсақ), Жалмәмбет (Берді, Сүгір, Төбет, Тас) рулары таратылады. Ал Тасжүректен он екі ру тарайды: Қосақ. Солақай, Сейіт, Тоқтауыл, Қараман, Келмембет, Бөлек, Тас, Тілеу, Қайкы, Таз, Кенже. Халық ауыз әдебиеті мен тарихи деректерге қарағанда, Ошақты тайпасы Жоңғар шапқыншылығына елеулі қарсылық көрсеткен (Саурық батыр, т.б.). 

Кенесары Қасымұлы қозғалысына, т.б. ірі тарихи оқиғаларға белсене араласқан Ошақты тайпасы Талас өзенінің төменгі ағысын қоныстанған. XIX ғасырда көпшілік рулары Әулиеата уезін, біраз бөлігі Шымкент уезін қыстаған. Олар өз қандастары сияқты отырықшы және жартылай отырықшы өмір кешті. Талас өзені алқабында жатақтар суармалы егін шаруашылығымен айналысты. Ал, көшпелі тұрғындар Мойынқұм өңірін қыстады. Жазғы жайлаулары Қаратау қойнауы болды. Н.Аристов ХІХ ғасырдың аяғында Әулиеата, Шымкент, Ташкент уездерінде Ошақтылардың шамамен 2 мың отбасы тұрды деп есептейді. М.Тынышбаев 1917 жылы Әулиеата мен Шымкент уездерінде 70 мыңдай жан болды деп көрсетеді. Ошақты тайпасының ұраны «Бақтияр», таңбасы – тұмар (O).

Шапырашты қазақ халқының құрамындағы тайпа, Ұлы жүзге кіреді. Шежіре деректері бойынша, Абақтан тарайтын Бәйдібектің екінші әйелі Зерiптен Жалмәмбет (Жәлменде), одан Шапырашты, Ысты, Ошақты тарайды. Диқанбай батыр шежіресінде Шапыраштыдан Асыл, Шыбыл, Екей, Еміл, Есқожа, Айқым өрбітіледі. Бұларды «бесшам шапырашты» деп те атайды. Шапырашты тайпасы туралы ежелгі заманнан қалған мәліметтер өте сирек. Жазба дерек көздерінде Шапырашты деген атау ұшыраспағанымен, оның құрамындағы Шыбыл мен Еміл рулары Махмұт Қашқаридың жазбасындағы Чигил (Жікіл), Чумул есімімен аталады. Этнолог ғалымдар бұл екі руды Шыбыл мен Еміл, кейде Екей болуы да мүмкін деген тұжырым ұстанады. Ортағасырлық қытай жазба әдебиеттеріне қарағанда, Батыс Түрік қағандығындағы нүшбелер одағында Азғыр (Әскіл), Қасо тайпалары өмір кешкен. Олар Шапыраштының Асыл, Есқожа руларымен үндеседі. Оскілдер ІШыбар Ахилап қаған тұсында нүшбелер арасындағы ең қуатты тайпа болған. Шапырашты атауын кейбір деректер көзі шапыраш болғандықтан осылай аталған дейді. Бірақ ол Шыбар Ахилаш қаған есімінен бастау алуы ықтимал. Осылайша, Сыланды ана ұрпақтары қалың елге айналып өсіп-өнген.

Алып ана

Aңыз кейіпкері. Оның атында қорым сақталған. Сәулет өнерінің ескерткіші Ақтөбе және Атырау облысы шекарасында, Сағыз өзенінің аңғарында, Сағыз темір жол стансасының оңтүстік-шығысында 10 км жерде орналасқан. 1979–80 жылдары «Қазреставрация» бірлестігі экспедициясы (жетекшісі С.Е. Әжіғалиев) зерттеген. Жазба деректерде бұл жерде алып батыр әйел жерленгені айтылады. Археологиялық зерттеулер бұл жерде XIV-XVI ғасырларда ортағасырлық күмбез тұрғанын көрсетеді. Қазіргі кезде қираған орны ғана сақталған. Күмбездер мен сағанатамдар әктас пен күйдірілмеген кірпіштен көтерілген. Ескерткіш Маңғыстау-Үстірт стилінде жасалған. Құрамында күйдірілген кірпіштен тұрғызылған кішігірім күмбездер және әртүрлі қалыптағы құлпытастар көптеп кездеседі. Құлпытастарда әйел адамның әшекей бұйымдары, аяқкиімдері бейнеленген. Бұлар қорымның түу басында әйел бейіті болғаны туралы аңызды растай түседі. Алып ана қорымында көбіне қазақтың кете, адай руларының өкілдері жерленген.

Гүлайым

Түркінің эпикалық «Қырық қыз» жырының басты кейіпкері батыр Гүлайым – Аллаяр ханның қызы. Қарақалпақ эпосында Гүлайым бастаған қырық күң Хорезм хандығының қорғаушылары, ел кегін қайтарушылар болып бейнеленеді. Бұл аңыздың тамыры сонау ықылым заманға — әйелдік-құқықтық негізге құрылған этноәлеуметтік жас ерекшелік ұйым формалары тұсына кетеді. Мұндай жас ерекшелік бірлестігі негізгі хан ордасынан алыс топтастырылады. Эпос сарынында Гүлайым өз әкесінен Мəyəлі деген жерді сыйға алады. Осы жерде Гүлайым үшін қамал тұрғызылады. Гүлайым қырық қызбен бірге әкесінің хандығын сыртқы қауіп-қатерден қорғайды, қырық қыздан құрылған бұл жасақтың негізгі қызметі – барлау жасап, қауіп туралы хабар айту. Орта Азияға кең тараған бұл қызықты дастанның арғы түп-тамыры сақ- массагеттік мәдени дәстүрге келіп тіреледі. Қарақалпақ ақыны И.Юсупов: «Қырық ұлы әженің шешесі массагеттiк Томирис менің арғы әжем еді» дейді. Арал бойы халықтары ауыз әдебиетінде кеңінен таралған матриархалдық әуендер олардың сақ-массагеттік тектеріндегі аналық-құқықтық қарым-қатынастың айқын көрінісі іспетті ежелгі кезеңнің және ерте орта ғасыр халықтарының, оның ішінде Арал-Каспий халықтарының нормасы болған бұл дәстүр көптеген түркі халықтарына тән еді. Түркі дәуірінде сақ-массагеттік және юэчжийлік мәдени дәстүрлер, аналық-құқықтық қарым-қатынастар түркі қоғамының әлеуметтік және ішкі-саяси қарым-қатынасының құрамдас бөлігі болды. Оғыздар мен селжүктердің, Бұхар мен Хорезмнің əйел билеушілерінің билігі мен қуаттылығы туралы араб-парсы тарихшыларының тарихи сюжеттері – аналық-құқықтық қарым-қатынастардың қатар өмір сүргенінің айқын куәсі. «Қырық қыз» этноәлеуметтік жас ерекшелік бірлестігі түркі халықтарының тарихында отыз немесе жүз ұлан, бозбаланың (оғыз, оғлан, жүз қадаш) жас ерекшелік бірлестігі сияқты маңызды орын алады. Көшпелі қоғамның үйленбеген немесе күйеуге шықпаған мүшелерінің жас ерекшелік бірлестігі қоғамның тең құқықты әлеуметтік бірлігі ретінде ересектер тобына өтуге дайындық жүргізді, ұрыс дағдыларын шыңдап, шаруашылықты басқаруды үйренді. Қырык қыз немесе отыз бозбаланың жасақтары әскери-спорт мектебі болып саналды. Олар әлеуметтік тұрғыда Түркеш қағанатындағы үлкен қаған ордасы - Cұябта және кіші қатүн ордасы Күнгүтте орналасқан күн және ай «екі патшаның» қызметін қайталайды. Қоғамның толыққанды ересек мүшесі тобына өте отырып, Гүлайым Хорезмнің билеуші-Хатуны болды. Хорезм билеушісінің кемеңгер дана кеңесшісі болған Хорезм хатұнының бейнесі Ұлы Дала әйелдерінің тарихи шынайы бет-бедері.

Қаpашаш (XV ғ.)

Өазақтың Жиpенше шешенге байланысты тұpмыс-салт еpтегiлеpiнiң кейiпкеpi, Жиpеншенiң әйелi. Қаpашаш тypалы еpтегiлеpдiң сюжеттеpi, көбiнесе, шешендiк жұмбақтаp саpыны негiзiнде құpылған. Қазақ фольклоpында «Қаpашаш» деген атпен әйгiлi болған типтiк бейненiң қалыптасy таpихы өте ұзақ. Ол шешендiк, тапқыpлық, даналық тypалы еpтегiлеpдiң пайда болy, қалыптасy және дамy таpихымен тығыз байланысты. Бұлаpдың аpғы түп-тамыpы ежелгi ыpымдаp мен сол ыpымдаpға негiз болған наным-сенiмдеpден тyған. Сонңыз дамып, қалыптасты. Қаpашаш тұлғасы өз бойына фольклоpлық дәстүpдiң түpлi еpекшелiктеpiн сiңipген күpделi бейне. Қаpашаштың есiмi әpқашанда Жиpенше шешен атымен қоса айтылып жүpедi. Жиpенше атымен байланысты еpтегiлеp оpта ғасыpлаpдың бастапқы кезеңдеpiнде шоғыpланып құpала бастады. Осыған қаpағанда, шешендiк жұмбақ, дана қыз тypалы сюжеттеpдiн Қаpашаш атымен байланыстыpылyы да осы кезден басталған.

Сүйімбике (1516-1554)

Қазан хандығының билеушісі (1549-51). 1549 -54 жылдары Үлкен Ноғай ордасының билеушісі болған Едіге әулетінің ұрпағы, Жүсіптің қызы. Әкесі Сүйімбикені 1533 жылдары Қазан ханы Жанәліге ұзатқан. 1535 жылы Жанәлі хан Қазан ақсүйектерінің ұйымдастыруымен тақтан тайдырылып, айдауға жіберілгеннен кейін таққа отырган Сафа-Гирей ханға тұрмысқа шыққан. 1549 жылы Сафа-Гирей хан қайтыс болғаннан кейін Қазан хандығының билеушісі Сүйімбике болды. Қазан ақсүйектері оған Сафа-Гирейден туған баласы Өтеміс-Гирей ержеткенге дейін билік етуіне көмек көрсетуге уәде береді. Сүйімбике Иван Грозныйдың Қазанға жасаған жорығына тойтарыс беруді ұйымдастырды. Кейіннен Қазан қаласын жаулап алған Иван Грозныйдың бұйрығымен Сүйімбикені баласы Өтеміс-Гирей мен бірге Мәскеуге алдырып, 1553 жылы Қасым хандығының билеушісі Шах Әлидің қарамағына жіберді. 

Ақтолыс ана (шамамен 1600–1655)

Есімі ел есінде сақталған көріпкел және емші. Есім ханның замандасы Жарлықамыс батырдың інісі Жалаңның зайыбы. Жасынан көріпкелдік қасиетімен аты шыққан. Ақтолыс ана айтыпты дейтін аңыз-әфсаналар көп. Ақтолыс ананың Ақбикештен бір ерекшелігі емшілікпен айналысқан. Сондықтан халық оны әрі емші, әрі көріпкел ретінде құрметтеген. Оның кейінгі ұрпақтарынан Сары мырза (Ресейге қазақ елшілігін басқарып барған елші), Бөрібай батыр, Тауасар батыр, Шаппа би, Қыдырәлі би, тб. қайраткерлер шыкқан. 

Дарабоз ана (шамамен 1690–1770)

Шешен, би. Қазіргі Алматы облысы Ескелді ауданында өмірге келген.Ұлы жүз құрамындағы жалайыр тайпасынан шыққан. Шын есімі – Қалипа, кейін Үлпілдек атанған. Қайын атасы Кенжеке келінінің ақыл-ой жағынан өзгелерден ерекше екенін танып, Жолбарыс биге сынатады. Сонда би Дарабоз анадан былай деп сұрапты: «Көкке тіреу не болар? Көлге піспек не болар? Терісін теспей, етін сорған не болар? Жілігін шақпай, майын сорған не болар?». Дарабоз ананың жауабы: «Көкке тіреу күн болар. Көлге піспек жел болар. Терісін теспей етін сорса, қара нарды қалтыратқан қаңтар ғой. Жілігін шақпай майын сорса, екі ағайынды ақпан (айы) ғой». Сонда Жолбарыс би: «Сенің өз қатарыңнан мойның озық, бұдан былайғы ныспың Дарабоз болсын» деп бата берген екен. Дарабоз ана ел басына күн туған сәтте Жетісу жерінде жауға қарсы күресті ұйымдастырған Ескелді Жылгелдіұлы, Балпық Дербісәліұлы, Қабан Асанұлы сынды ел басшыларына үзеңгілес серік бола білді. Ел ішіндегі даулы мәселелерді бітімгершілікпен шешіп, екі жақты жарастырып отырған. Күйеуі Құтжа табиғатында жуас, қарапайым адам болғанымен, Дарабоз ананың ықпалымен ол да ел ісіне араласқан. Дарабоз ана көріпкелдік қасиетімен де ерекшеленген, әйелдердің қоғамдағы орнын белгілеуге, ықпалын көтеруге де көп күш салған. Бірде Балпық би Дарабоз анадан: «Әйелдің қандайы жақсы?» деп сұрапты. Сонда Дарабоз ана: «Көшкенде жетелейтін боталы түйесі болса, ерттеп мінетін құлыды биесі болса, алдында бесігі болса, маңдайының несібі болса, әйелдің жақсысы сол болады» деген екен. Дарабоз ана туралы ел аузындағы аңыздарда оның ас дайындау, қымыз ашыту, оны жорық үстінде бұзылмайтындай етіп сақтау жөніндегі шеберлігі де сөз болады.

Есенбике (XVIII ғ.)

Қаратай батырдың қызы, Олжабай батырдың шешесі. Есенбике кішкентайынан Айдабол бидің бәйбішесінен туған кенже ұлы Кенжеқозыға атастырылған. Алайда Кенжеқозы жастай өліп, Есенбике Айдабол бидің бәйбішеден туған екінші ұлы Малқозының баласы Толыбайға (басқа құжаттарда Төлебайға) ұзатылады. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің дерегі бойынша, Толыбай кедей адам болған. Ал Ә.Марғұланның жазуынша, Толыбай 1723 жылы жоңғар шапқыншылығы кезінде оққа ұшып, Есенбике баласы Олжабайды Қаратай батырдың тәрбиесіне беріпті. Аңыз бойынша, Олжабай батыр ең алғаш рет сол нағашы атасы Қаратай батырдың туын ұстап, ұрысқа кіреді. Ел аузында есімінің сақталуына қарағанда, Есенбике Олжабайдың батыр болып қалыптасуына көп әсерін тигізген.

Ақбикеш (XVII ғасырдың алғашқы жартысы)

Kөріпкел әйел, Есім хан жасақтарының жасаған жорықтарына қатысқан ержүрек қыз. Ол алыстағы жау әскерлерінің орнын дәл болжауы арқылы қазақ жасақтарына көп көмектескен. Ақбикеш еліне оралған соң, Қаратау өңірінен биік мұнара тұрғызып, жауды осы қарауыл мұнарадан қарап тұрған. Кейін бұл мұнара «Ақбикеш мұнарасы» аталып кеткен. Ел аузында сақталған аңызда Ақбикешті жоңғарлар қапыда қолға түсіріп, көзін ойып алған деседі. Ақбикеш мұнарасы — Қаратаудың батыс сілемдеріндегі Ақсүмбе кентінен оңтүстікке қарай орналасқан биік жота басындағы тарихи ескерткіш. Мұнара «Ақсүмбе» дегеу атпен тарихшы Шараф-әд-Дин әл-Жүздінің «Зуфарнамесінде» («Жеңіс кітабы») Әмір Темірдің 1389-90 жылдары Тоқтамысқа қарсы жорықтарын сипаттағанда Дешті-Қыпшақ даласын бақылап отыру үшін Қаратау шыңына салынған қарауыл мұнарасы ретінде айтылады. Әртүрлі аңыздарда осы күнге дейін мұнараны Ақбикеш арудың есімі мен байланыстырады. Мұнара жартас арасын ірі киыршық тастармен толтырып жасаған іргеткіш үстіне шикі кірпіштен тұрғызылған. Пішімі жұмыр. Мұнараның ішіне кіретін бір, айналаны бақылау үшін жасалған екі ойығы бар. Оның бірі батыс асуға, екіншісі солтүстік-шығыс жаққа қараған. Мұнара композициясы өзгеше. Орта ғасырдан бүгінге дейін сақталған шикі кірпіштен тұрғызылған бұл мұнараның Қазақстан сәулет өнері тарихында алатын орны ерекше.

Бопай (ХІХ ғ.)

Kенесары Қасымұлы көтерілісіне белсене қатысушылардың бірі, Кенесарының қарындасы. Көкшетауда дүниеге келген. Қасым төренің Санжар, Есенкелді, Ағатай, Көшек, Кенесары және Наурызбай атты 6 ұлының арасындағы жалғыз қызы. Деректерде Бопы болып та кездеседі. Жазушы Сарбас Ақтаевтың «Қазақ ханымдары» зерттеу еңбегінде суреттелгендей: көзсіз батыр, керемет ақыл иесі Қасым төренің Саржан, Есенкелді, Ағатай, Көшек, Кенесары және Наурызбай сияқты шетінен сайрауға емес, самғауға жаралған сайып- қыран алты ұлының арасындағы жалғыз қызы сайыскер серілік салт-дәстүрде аға-інілерінен қалмауға құлшынып, жастай шынығып, шымболаттай шыңдалып өседі. Қыз бала білуге тиіс өнердің бәрін бес саусағындай игерген ол күшке келетін қарекет-қимылда да жігіттердің өзіне дес бермеген. Әсіресе сайысқа бөлекше шебер болды. Ақбоз аты ойнақтап, құндыз бөркінің үкiсi желкілдеп, кәмар белбеуінің алтын-күмісі күнге шағылып жетіп барғанда-ақ белдесуге шыққан жігіттің құты қашатын. Жанаса бере аттан қарсыласын қалай жұлып алғанына көз ілеспейтін. Байгебек байдың асында бұған бір еркек тең келмей, бәрі ат сауырынан сырғып, тырапай асқанын жұрт ұзақ уақыт ауыздан тастамай айтып жүреді. Сонда жиналған ел: «Сандал айындай сымбаттысын қарашы! Сілеусін көзі өңменіңнен ететін ақсары Кенесарының өзінен аумайды. Жанарының жап-жасыл ұшқын атып тұрғанын көрмейсің бе! Қасымның кілең көкжал бері ұлдарын қойып, қызына дейін қасқыр ғой» деп, таңданып таңдай қағысқан-ды. Ал Бопай жақ тартқанда да адырнасын ала өгіздей мөңіретіп, жебесін көз жетпейтін жерге түсіретін қарулы садақкер әрі құралайды көзге аткан мерген еді. Жиын-тойларда жамбы атып та талай жүлде алған. Бопай бойжеткен шағында әкесі Қасым төренің қалауымен Әбілқайырдың Сәмеке деген ұлына ұзатылады. Бірақ аруақты атаның бұла боп өскен ерке қызы өмір тірлігінде де өзін еркін ұстайды. Түскен жерінде де тізгінін ешкімге бермей, өз отбасының ғана емес, бүкіл әулеттің билігін уысында ұстап, айбынбай, айдынды жүреді. Сол батыр мінез, батыл қылығы ағасы Саржанның туын жықпай, жолын жалғастырып, ереуіл атқа ер салған Кенесары орыс отаршылдарына қарсы бас көтерген тұста бар қырынан көрінді. Көтеріліс оты лаулап, қырға қанатын жая бастағанда балаларының алды кәмелетке толып, үйленіп үлгерген Бопай қол қусырып үйде қарап отыра алмады. Айналасындағыларға үгіт айтып, ері Сәмеке, оның туыстары Сартеке мен Досанға «атқа қонып, көтерілісшілердің бір жағына шығысайық» деп сөз салып көреді, бірақ керенау төрелер қозғала қоймайды. Ыза болған Бопай күйеуіне де, оның ағайын-туғандарына да қолды бір сілтеп, алты баласын алып, «көтеріліс ошағы қайдасың» деп тартты да отырды. Сөйтіп, ол 1837 жылы қалың елдің бостандығы жолында басын бәске тіккен көтерілісшілердің тағдырымен ұштастырды. Қыз кезіндегі арманымен қайта қауышып, осы Кенесары қосынында Жанайдар батырмен тағы да табысып, талай жорықтарда үзеңгілес жүріп, қиын-қыстау кезеңдердің көбін бастан бірге кешірді. Алты бала тапса да артық еті жоқ құлын мүшелі ханшайым қырыққа таяп қалса да, талайлардың көмейіне құрт түсіріп, көзінің жауын алатын-ды. Оның жанында жүретін жұртым үшін жан пида» деп атқа мінген арғын қызы Алтыншаш пен табын қызы Ақбөкен де өзі сияқты ерге ердей, серіге серідей жолдас бола білетін қайратты да айбатты кыздар еді. Айтқан ақыл-кеңесі қашанда діттеген жерге дөп тистін Бопайды Кенесары ереуіл кеңесінің мәжілістеріне ұдайы қатыстырып, оның ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып отырды. Ереуіл басшыларымен келісе отырып, оған арнаулы қызмет белгілеп берді. «Бопай зекет жинайтын және көтеріліске қосылмаған сұлтандардың мүлкі мен азық-түлігін тартып алатын алты жүз адамдық ерекше топты басқарды» деп жазды белгілі тарихшы Ермұқан Бекмаханов). Көтерілістің мән-маңызын жұрттың көбі әлі жете түсінбеген кез. Ел алдағы игіліктен қолдағы тірлік-талшығын артық көреді. Сондықтан көпшілігі көтеріліс шығынын көтерісуге енжар қарады. Сол себепті біраз жерде «берсең – қолыңнан, бермесең – жолыңнан» деп күш қолдануға да тура келді. Әсіресе, мыңды айдап отырып мыңқ етпей, түбі не болар екен деп, әліптің артын бағып, жалтақ қағып отырған байлар Бопайдың ашу-ызасын туғызды. «Олардың ақ патшаға жағынып, жаны шығып жүргенінің өзі сол қолдағы байлығынан айырылып қалмаудың амалы», – деп Бопай оны ереуіл кеңесінде ашық та айтты. Бопай қатысқан шайқастардың ішіндегі ең ірісі 1838 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторлығының терістік-батыс аудандарына бағытталган Аманқарағай дуанына шабуылы. Бопай өзінің жасағымен Батыс Сібір губернаторльнының терістік-батыс аудандарына үңги еніп әрекет етті. Дұшпан жеріне ендеп еніп, партизан жорығын жасап, ту сыртынан соққылап, қыруар шығынға ұшыратты. Көтерілі ісіне белсене қатысып, қырға тағы кеңінен жайылған Бопай Кенесары басқарған ірі шайқастардың бәріне дерлік қатысқан. Оның үстіне өзінің тікелей міндеті бойынша зекет жинай жүріп, одан бас тартқан немесе жаттарған бай-поралардың, би-төрелердің мал-мүлкін тәркілеген. 1840 жылы Касым төре, балалары Көшек, Бопай қолдау іздеп, Хиуаға барар жолда (Созақ маңында) Ташкент бегінің қолына түсіп, Бопай Әзірет бекінісіне қамауға алынады. Көшек Ташкентке жіберіледі. Тұтқында жүріп Бопай Кенесары әскерінің құрамындағы ұлы Нұрқанның Ақтөбе жасағының қолына тұтқынға түскенін естиді. Сол Нұрқан тұтқында отырып, Кенесарының қайта-қайта қоймай сұрап, табандап талап етуі арқасында әрең босап, нағашысының қосынына қайта қосылып, қайда салса да қайрауы келіскен қылыштай алып түсетін сенімді батырларының бірі болды. Бопайдың батырлығының үстіне дүниеге осындай ұл әкелгені үшін де елі оны аспанға көтерді. Тұтқында жүріп Бопай Қасымқызы өзінің ұлы Нұрқанның Ақтобе жасағының қолына түсіп қалып, тұтқында кеткенін естіп, қатты егіліп, өксіп-өксіп кеп жылады деп жазады Г.Першин. Нұрқан нағашы тұқымына тартқан алғыр да өжет, шынында, болайын деп тұрған бала еді. Жастығына қарамастан, көтерілісшілер арасынан өз орнын ойып тұрып алған-ды. Бопай 1847 жылы қырғыз манаптарына қарсы шабуылда Кенесарымен бірге болған. Жетісу жерінде де ағасына тапжылмас таянып, таптырмас сүйсінші бола білген. Өзіне бекітіп берілген бес жүз жігітімен көтерілісшілер үшін үйсін ауылдарынан зекет жинауға қатысты. Байсал тартып, тарпаң тентек мінезден арылғандығы да болар, бұл өңірде оның тарапынан асыра сілтеп, артық кету секілді келеңсіздік кездескен жоқ. Бірақ жеме-жемге келгенде біраз серіктері сатып кетіп, Кенесарымен бірге қырғыздардың қоршауында қалып, тағдыры ұстараның жүзіне ілінгенде ханды тастап, қашып құтылайық дегендердің сезін Бопай қатты қайтарып тастайды. Кенесары Ұлы жүзден бастап, бақтас батыр достар тапты. Байзақ пен Байсейіт, Сұраншы мен Саурық, Тойшыбек тәрізді батырлар оның қуанғанда қанаты, күйзелгенде қуаты бола біліп, қолдау-көмегін аяп көрген жоқ. Әйткенмен, орыс патшасы құрған тұзақ өрмекшінің торындай қайда барса да аяқ-қолын шырмап, құлатын жаздырмады. Патша ұлықтары қазақ дүмдiлерiне қоса қырғыз манаптарымен де астыртын байланыс жасап, аузын алып, оларды да Кенесарыға қарсы айдап салды. Ақыры, қырғыздардың қолына түсіп, торына шырматылып, қазған орынан шыға алмай, қапияда опат болды. Есіл ердi жоқтап, қабырғасы сөгіліп, ағыл-тегіл егіліп зарлаған қаралы шеру Арқаға қайтты. Соның арасында он жыл бойы аттан түспей, туған елінің азаттығы жолында жорықтың ыстық-суығын, барлық ауыртпалығын ер азаматтармен бірдей бөліскен Бопай батыр да бір сәтте ай маңдайын әжім басқан кемпірге айналып, еліне оралды. Ол өзі келін болып түскен Ырғыз бойында дүние салса керек. Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында Бопай атты ауыл да бар. Сол ауылдың тұсындағы бір төбешіктің басында көне бейіт бар көрінеді.

Көшімбайқызы Айқыз (1876-1918)

Азамат соғысының қаһарманы. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Сарыбұйрат ауылында кедей шаруа Көшімбайдың отбасында дүниеге келген. Серигиопольдегі (Аягөз) қазақ эскадронын қарусыздандыруға және қорғаныс күндері окопқа тамақ жеткізуге көмектесіп, жаралыларды емдейтін пункт ұйымдастырған. 1918 жылы 11 наурызда Уақытша үкіметтің жергілікті органын (приставты) құлатуға қатысты. С.Ғаббасовпен бірге үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Колчак әскері қаланы уақытша басып алған кезде жау қолынан қаза тапты. Оның өмірі мен ерлік істері туралы жазушы Қ.Исабаевтың «Айқыз» атты романы бар. Көшімбайдың екі қызы – Ұлымжан, Айқыз, ал Қойшыбайдан екі ұлы Әзімбай, Рақымбай және Күміс деген қызы болады. Ата-анасынан жастай қалып, жетімдіктің зардабын шегіп жүрген Айқыз бір күні, бір саудагерге ілесіп Сергиопольға (Аягөзге) келеді. Осында жүріп Бақтай деген жатақ жігітімен танысып, соған тұрмысқа шығады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің әсерімен сана- сезімі ояна бастаған, саналы Айқыз, өзін халқы үшін қызмет етуге бейімдейді. Ол қалаға керуеншілер келген кедейлермен тілдесіп, оларға барынша қамқорлық жасайды. Айқыз комиссар Сабыржан Ғаббасов басқарған шағын революционерлер тобының ісіне белсене араласады. Партизандар арасында листовка таратып, оларға ыстық тамақ тасып, астыртын байланыс жасайды. Мұндай жұмыстарға барғанда, өзі қарапайым киініп, колына кетпен-күрегін алып, белін бекем буып, қоржынын арқалап алатын. Сырттай қарағанда бейкүнә адам сияқты көрінетін. Осы кездерде Айқыз контрреволюцияшыл отрядтың командирі, полковник Ярушиннің кеңсесінде үй сыпырушы болып жұмыс істейтін-ді. Орысша таза сөйлейтін Айқыз дұшпандардың құпия сырларын қолма-қол Сабыржандарға жеткізіп отырады. Осылай көзге түскен Айқызды ұстауға бандылар астыртын шаралар қолдана бастайды. 1918 жылдың басында ақ бандылардың штабы Сергиополь стансасына мықтап орналасады. Олар Ceмей – Сергиополь - Үржар тікелей телеграф байланысын тұтасымен басып алуды ойластырады. Оның үстіне Сергиопольды «Жетісудың солтүстік қақпасы» деп, сол арқылы Жетісуды басып алудың стратегиялық маңызы бар деп есептейді. Осы мақсатпен шілдеде Сергиопольға шабуыл жасайды. Айқыз соғыс кезінде жауынгерлерге көп көмек көрсетеді. Азық-түлік, оқ-дәрi тасиды. Жараланған жауынгерлерді жасырады, киімін жуып, жарасын емдейді. Ол Совдепке ақ казак Литвинов Егор дегенді ұстап береді. Осы кезде Айкыздың астыртын істеген істері белгілі болып қалады. Ярушиннің бұйрығымен бандит Жигарев пен байдың отаршысы Ахметжан (Апошка) Айқыз бен Маклакова деген партизан әйел екеуін тұтқындайды. Маклакова ол кезде аяғы ауыр, жүкті екен. Жауыздар, оның ауелі қарнын жарады да, өзін сол жерде атып тастайды. Ал, Айқыз жайлы 1919 жылғы 8 тамыздағы санында «Голос Семиречья» газеті мынаны хабарлайды. «Сергиопольдeri қорғаныс күндері қазақ әйелі партизан Айқыз окопка шай, тамақ тасып, жараланғандарға көмек көрсеткен. Ол митингілерде сөйлеп, опасыздарды әшкереледі. Бірақ дұшпандары оны жауға ұстап берген. Айқызды казарма маңында жендеттер көп уақыт жәбірледі. Оның мұрнын, құлағын, емшегін кесіп алып, көзін шұқып шығарған, қол-аяғын шауып тастаған» деп хабарлаған. Ал Айқыздың өлімін, жергілікті халық былай деп айтады: «Айқызды қаладан тыс, қол-аяғын байлап, арбаға басып, Көкөзек деген жерге апарып, мүше-мүше қылып, қылышпен шапқылап өлтірген. Қол-аяғы байлаулы, арбада кетіп бара жатып арттағыларға: «Халқым, мыналар мені өлтіреді. Қанымды Апошка мен Ярушин жауыздардан қанмен өтеңдер. Мен өлгенмен, өмір өлмейді. Қаламызда әлі-ақ бақытты өмір орнайды. Халқы үшін құрбан болғандарды еске аларсыңдар!» – деп, бар ыза-кегімен халыққа жар салып кете барады. Бұл 1918 жылдың шілде айының орта кезі болатын. Бұл уақиғаны көзімен көріп тұрған халықтың қанішер бандыларға деген ашу-ызасының шегі жоқ еді. Кешқұрым, ымырт жабыла Айқыздың денесін немерелес інісі Рақымбай Қойшыбаев және Жұмəділ Дүйсенбеков бастаған жұрт астыртын жиналып барып, алып келіп, қазіргі тау басындағы «Туыстар қабірі» деген зиратқа әкеліп жерлейді. Зиратқа «Айқыз Көшімбайқызы 1875 жылы 9 июльде (жаңаша 22 шілдеде) туған – 1918 жылы жерленді» деп жазылған тас қойылған еді. Айқыз Көшімбайқызының өмірі талай жырға арқау болды. Ақын Мариям Хакімжанова батыр қыздың образын былай деп ерекше толғайды:

Аягөздің Айқызы тұр мөлдіреп,

Сол батырдың атақ-даңқын кім білед...

Ердің кегін, ел намысын жоқтаған

Қазақ қызы, қашаннан-ақ ақ жүрек...

Бүгінде Аягөз қаласында Айқыз анамыздың есімінде көше, тағы басқа мекемелердің аты бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға