Жаңалықтар

Аза тұту күні: Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қаралы күндер

Аза тұту күні: Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қаралы күндер
Фото: Әкімдіктің баспасөз қызметі 12.06.2023 09:01 2424

Абай облысындағы орман өртінде 14 орманшының қаза болуына байланысты Қазақстанда ұлттық аза тұту жарияланды. Бұл тәуелсіздік алған күннен бері он екінші қаралы күн.

Елімізде ұлттық аза тұту күнін президент жариялайды. Аза тұту бір күннен бірнеше күнге созылуы мүмкін. Тәртіп бойынша мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың және дипломатиялық мекемелердің ғимараттарындағы Мемлекеттік Ту төмен түсіріледі. Ойын-сауық телебағдарламалар мен көңіл көтеретін шаралар тоқтатылады. Ел аумағында бір минуттық үнсіздік жарияланады.

Қаралы күндердің хронологиясы

Тәуелсіз Қазақсан тарихында ең алғашқы қаралы күн 2006 жылы 20 қыркүйекте жарияланды.

Бұл күні Қарағанды облысындағы Ленин шахтасында метан газы жарылып, 41 адам қаза тапты. Бұл ел тарихында төтенше жағдайлар ішінде ең көп адам қайтыс болған қасіретті оқиға. Шахта ішінде желдету құбырларын ауыстыру кезінде қауіпсіздік техникасы бұзылған. Оқиғадан соң апатқа кінәлі 6 жұмысшы сотталды.

2008 жыл 11 қаңтар

Қарағанды облысы Абай қаласындағы шахтада метан жарылып, 30 адам өлім құшты. Жарылыс кезінде шахта ішінде 191 адам болған. Құтқарушылар 161 адамды тауып, ал 23 адам жер астында қалды. Төтенше жағдайды тергеу аяқталған соң кәсіпорындағы қауіпсіздікке жауапты екі қызметкер жұмысынан шығарылды.

2010 жыл 16 наурыз

Сол жылы 12 наурызға қараған түні Қызылағаш су қоймасындағы бөгет бұзылды. Бар болғаны 18 минуттың ішінде ауылды топан су басып, 45 адам қайтыс болды. Биіктігі бес метрден асатын су бір түнде бейбіт ауылдың тас-талқанын шығарды. Апатты оқиға қылмыс ретінде танылып, ауыл әкімі, су қойма басшысы мен аудандық және облыстық төтенше жағдайлар бөлім басшылары қамауға алынды.

2012 жыл 5 маусым

Алматы облысының Алакөл ауданындағы «Арқанкерген» шекара бекетінде Мамырдың 27-сінен 28-іне қараған түні лаңкестік оқиға болды. 1 маусымда Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанып кеткен 14 шекарашы мен бір қорықшының мүрдесін тапты. Шекара бекетінен 20 шақырым жердегі қыстаудан аман қалған 15-ші шекарашы сарбар Владислав Челах табылды. Ол аталмыш оқиғаға басты күдікті ретінде тергеліп, 2012 жылы желтоқсан айында өмір бойынша бас бостандығынан айырылды.

2012 жыл 27 желтоқсан

25 желтоқсан күні Шымкент маңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің әскери ұшағы опат болды. Ан-72 әскери бортында болған 27 адам өлім құшты. Олардың ішінде 7 адам – экипаж мүшесі, 20-сы – шекарашы.

2013 жыл 31 қаңтар

29 қаңтарда Көкшетаудан Алматыға бағыт алған Scat компаниясына тиесілі әуе кемесі апатқа ұшырады. Оқиға Алматы маңындағы Қызылту ауылына жақын жерде болды. Апат салдарынан 21 адам қайтыс болды. Олардың қатарында 16 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.

2016 жыл 9 маусым

5 маусым күні Ақтөбеде бір топ террорист «Паллада» және «Пантера» қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасады. Әскери бөлімнің қару-жарақ қоймасын басып алмақ болғанда 7 адам қаза болды. Лаңкестік оқиғадан соң бір апта бойы қауіпсіздіктің қызыл деңгейі сақталды. Антитеррорлық операция жүргізіліп, 18 қылмыскердің көзі жойылды.

2019 жыл 28 желтоқсан

Алматы әуежайы маңында 27 желтоқсан күні таңертең Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы құлады. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Астанаға бет алған әуе кемесі ұшу барысында бетон қоршауды бұзып, екі қабатты нысанға соғылды. Ресми мәлімет бойынша 13 адам қайтыс болды.

2020 жыл 13 шілде

COVID-19 коронавирус инфекциясынан қайтыс болған құрбандар үшін жалпы ұлттық аза тұту күні жарияланды. Бүгінгі мәлімет бойынша пандемия басталғалы Қазақстанда 19 мыңнан астам адам коронавирустан қаза тапты.

2021 жыл 29 тамыз

Жамбыл облысы Байзақ ауданында 26 тамыз күні сағат 19:00-де әскери бөлімнің оқ-дәрілер сақталған қоймасынан өрт шықты. 13 адам мерт болып, 98 адам жарақат алған. Жарылыс ошағына жақын ауылдардан 100-деген адам эвакуацияланды. Қоймадағы оқ-дәрілердің кейбірі дәл осындай жарылыс болған Арыс қаласынан әкелінгені белгілі болды.

2022 жыл 10 қаңтар

Елдің бірнеше қаласында болған бейбіт ереуілдің соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, 238 адам қаза тапты. Жаппай тәртіпсіздік бойынша 1205 адам сотталып, 1095 адамға рақымшылық жасалды. Қайғылы жағдай кезінде 19 қызметкер қайтыс болып, 3 мыңнан аса полиция және әскери қызметкер жарақат алған.

2023 жыл 12 маусым

Абай облысындағы орман өртінен 14 адам қайтыс болды. Президент қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтып, мемлекет тарапынан көмек көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ қаза тапқан қызметкерлер мемлекеттік наградаға ұсынылады. Орман өртіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға