Қазақтардың космологиялық түсініктері
Кейбір қазақтардың ойынша, жұлдыздар – асыл тастардан үйілген таулар, олар жерден алыс қашықтықта болғаны сонша, нүктедей болып қана көрінеді. Қазақтар жұлдыздардың жер бетіндегі бақытқа әсер ететіндігіне сенеді, халық арасында көк күмбез жайлы әңгімелер де баршылық. Тіпті біреулердің пікірінше, әрбір жұлдыз жердегі адамның өмірімен тікелей байланыста, адам өлгенде оның аспандағы жұлдызы да жерге ағып түседі. Менің жұлдызым жоғары, жұлдызы жанған деген сөздер содан қалса керек.
Қазақтар, белгілі жұлдыздарды ғана таниды.
- Темірқазық (Полярная звезда). Қазақ саяхатшылары түнде жолға шыққанда осы жұлдызбен бағытын анықтайды. Темірқазық деп аталу себебі, оның көк әлемінде қозғалмай, бір орында тұруынан болса керек. Темірқазықтың маңында қозғалып тұратын, одан алыстап та, жақындап та кетпейтін екі жұлдыз арқандаулы аттарды еске түсіреді. Сондықтан да, ол екі жұлдызды екі ақ ат деп атайды.
- Жетіқарақшы (Большая Медведица). Қазақтар арасындағы аңыз бойынша, бұл жұлдыздар – жеті қарақшының рухы, олар өлген соң жеті жұлдызға айналған. Тағы бір аңызда жетіқарақшы күні бойы ұрлық жасайды да, түн бола өздерінің күндізгі жасаған күнәларына қайғырады.
- Үркер (Плеяд). Үркердің Жетіқарақшыны үнемі өкшелеп жүретінін қазақтар жақсы байқаған. Жетіқарақшының топ басшысы Қыранқарақшы Үркердің қызы Үлпілдекті мінгестіріп алып, үнемі қашып жүретін және ол қызын құтқармақ болып, қуып жүреді. Қазақтар Үркерге қарап, түннің қай сағаты екенін және жылдың қай мезгілі екенін анықтайды.
Зодиак белгілері және олардың шоқжұлдыздары арабтар арқылы белгілі болған, бірақ атаулары біраз өзгеріске ұшыраған. Жұлдыздардың орналасу тәртібін ешкім білмейді. Қазақтарда олардың өз аттары бар.
Құс жолы (Млечный путь). Галактиканың бұлай аталуы оның бойымен құстардың ұшып келіп, ұшып кетуіне байланысты.
Ай. Шамасы, ай қазақтарда қасиетті ғаламшар болып саналған. Қазақтар жаңа айдың туғанын көргенде, тәжім етеді. Жазда сол айға тәжім еткен жерден шөп жұлып алып, отқа салады. Қазақтар Айда кемпір бар деп айтады (шамасы, Айдағы адамның бет-пішініне ұқсас дақтарды айтады). Қазақтар Айға ұзақ қарап тұрмайды, сескенеді. Айдағы кемпір кірпікті санап қояды, егер санап қойса, адам өледі деп сенген. Дәрет сындырғанда да, бетін айға беріп отырмайды. Жалпы, қазақтар Айды құрметпен ауызға алады.
Күн. Егер Ай құдыретті болып саналса, онда күн де құрметке бөленуге тиіс еді, бірақ қазақтар арасында ондай құрмет-салтты жиі кездестірмейміз. Қазақтар Күнге қарсы қарап тұрмайды, түзге отырғанда да, алдын Күнге бермейді. Күнге деген қошеметтің бізге белгілі бір-ақ салты осы ғана.
Аспан – шамандықтағы ең құдыретті жаратылыстың жаратушысы. Көк тәңірі – көк аспан деп аталады. Тәңірі сөзін Шыңғыс-хан заманында мұсылмандар «Алла» деп, ал еуропалықтар «Deus» деп аударған. Аспан өзінің құдыретті әрекеттерінде ештеңеден тәуелсіз, жақсылықты да, жамандықты да, көк биігінен асырып тұрады. Бүкіл адамзаттың амандық-саулығы аспан-көктің еркінде. «Тәңір жарылқасын», «Көк соқсын» деген сөз тіркестері шамандық кезінде пайда болды.
Аспанда да адамдар тұрады, олар белбеуді тамағынан буынады, біз әлемнің ортасында тұрамыз, сондықтан да біз белбеуді белімізден буынамыз, ал жер астында тұратындар (олардың да өздерінің күні, айы, жұлдыздары бар) белбеуді аяқтарына буады. Аспанда тұратын қазақтардың арасында өте бай кемпір бар.
Кемірқосақ (Радуга) – кемпірдің қосағы. Қосақ деп ұзын арқанмен мойындарынан айқастыра тіркеп байлаған қой, ешкілер тобын айтады. Жоғарыда айтып кеткен, аспан еліндегі бай кемпір есімізде. Кемпірқосақ сол бай кемпірдің қосағындағы әртүсті қойлар, кемпір сол қойларын ылғи да жауыннан кейін сауады.
Ж.Дәуренбеков, Е.Тұрсынов құрастыруындағы «Қазақ бақсы-балгерлері» кітабынан