Жаңалықтар

ҚАЗАҚТАР ИРАНДЫҚ ЗЕРТТЕУШІЛЕРДІҢ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ

ҚАЗАҚТАР ИРАНДЫҚ ЗЕРТТЕУШІЛЕРДІҢ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ
27.08.2014 02:49 3382

Иран мен қазақ елі - құдай жазған қадым заманнан қазірге дейін ұрпақтан ұрпаққа көршілік сыбағасының ащысын да, тəттісін де бірге татып келе жатқан елдер. Бірақ, кейінгі дəуірде ғасырларға созылған ұзақ мерзім бойы бір-бірімен тікелей байланыс жасай алмай келді. Əсіресе, мəдени-əдеби шеңберіндегі қарым-қатынастарының жібі ХҮІ ғасырдың соңына таман үзіле бастады. Сондықтан да 1602 жылы жазылған Қадырғали би Қосымұлының «Жами-ат-Тауарих» (Жалпы тарих) атты еңбегін соңғы жазба дерек ретінде қабылдауға болады.

Иран мен қазақ даласы ІХ-ХҮІ ғасырлар аралығында саяси-экономикалық жəне мəдени бағыттарда тығыз байланыста болғанын нақты араб-парсы, түркі тілдеріндегі тарихи-əдеби жазбалардан көре аламыз. Үштіктің əдеби байланыстарының биік шыңын шығыс əдебиетінің теориясына қатысты түркі, парсы, араб тілдерінде Шейх Ахмет Құдайдад Таразидің 1436-37 жылдары жазған «Фонун-əл-бəлəғе» (Көркем сөз өнері) атты еңбегі деп сеніммен айта аламыз. ХҮІ-ХХ ғасырлар аралығында Иран мен қазақ елі ішкі түрлі əлеуметтік, саяси, экономикалық дағдарыстармен қатар сыртқы отарлау күштерінің қысымы салдарынан емін-еркін əрі етене жақын қарым-қатынаста бола алмады. Сондықтан өткеніміз естелік ретінде тек қана тарихи жадымызда қалып, екі елдің тарихи-əдеби туындыларында ұшқындап тұрды. Ирандық ақын Əдиб-ол-Мəмəлек (1860-1917) «Қай уақытқа шейін, əй, сөзшең шайыр, Тараз сүйіктілері жайын баян етерсің?» деп бəйіттеуі өткен тарихымызға бір қарап ескіні еске алғандай болды. Ал, қазақтың ауыз əдебиетіндегі дастан- қыссалар мен Абай, Шəкəрім, Мəшһүр Жүсіп, Тұрмағамбет Ізтілеудің шығармаларынан екі елдің Тарих қойнауындағы ортақтаса жинаған рухани мол қазынасын байқаймыз.

Кеңес билігінің 1929-1932 жылдары кəмпескелеу арқылы жасаған жасанды ашаршылық саясатының Зұлматынан миллиондаған қазақтар қырылды. Не атамекенінен шет елдерге қоныс аударуға мəжбүр болды. Солардың шағын тобы Маңғыстау жəне Жем бойынан Түркіменстан арқылы Иран жеріне барғандар-ды.

Иранға қоныстанған қазақтар 1934 жылынан бастап 1950 жылға дейінгі уақытты жергілікті жағрафиялық, қоғамдық жəне мəдени ерекшеліктеріне бой ұсынып, тілін жəне жалпы заңнамаларын үйренуге жұмсады. 1970-75 жылдары жоғары оқу орындарына оқи бастаған алғашқы топ та қоғамда айрықша көзге түсті. Бірақ, қазақ қауымы əу бастан жергілікті парсы, түркімендермен жақын араласудан, құда-жекжат болудан бойын аулақ ұстады. Балаларын ата- жұртқа қайта оралатын күн туатынына сендіріп тəрбиеледі. Соның арқасында Иран қоғамында өзгеше көрініп, қазақ жұртынан екенін мойындатты. Уақыт өте келе фольклорист иран ғалымдарының да назарына ілікті. Əрине, бұл қазақтың оқымыстылары да өздерін танытуға бел буған кез еді.

Маңғыстауда дүниеге келіп, кеңестің зобалаң жылдары Иран жеріне ауған, Қазақстан тəуелсіздігін алған соң туған еліне қайта оралған Ырысбай Қырықмылтық – қазір 90 жасқа таяп қалған қария, Ақтау қаласында тұрады. Ол, Иранда туған елін сағынып «Ағайынға» деп өлең жазған. Оны біз жастық шағымызда өз ауызынан естіп өскенбіз. Оның жалғыз арманы туған жеріне оралу еді. Арманы да орындалды.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға