Қазақтар Ауған елінде
Орыстың патшалық империясы да, коммунистік билігі де қазақ халқының тағдырына кері ықпалын тигізгені рас. Оған Ауғанстанға барып қоныс тепкен қазақ ағайындардың тарихы куə. Ол елге қазақтар үш кезеңде барған. Əр кезеңнің өзіндік тауқыметі мол болды. Бірінші кезең – 1865 жылы Ресей патшалығынан қысым көрген бір топ қазақтар əуелі Тəжікстанға өтеді. Одан ары бір мың шаңырақты құрайтын қазақтар Ауғанстанға барып орнығады. Екінші көш – 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейінгі тарихи зұлматтың беттерін парақтайды. Бұл көш қазақтың екі мың шаңырағын Ауған елінде сергелдеңге салды. Үшінші кезең – тарихта кəмпескелеу жəне қолдан жасалған ашаршылық деген анықтамасымен мəлім болып келе жатқан 1929-1932 жылдары іске асты. Осылайша олар Ауғанстанның диаспорасына айналды. Үш кезеңде Ауғанстанды паналауға мəжбүр болған қазақтар ол елдің Құндыз, Мазар Шəріп, Пол Құмыра, Герат, Кабул, тағы басқа өңірлерінде тұрды. Олардың саны туралы түрлі мəлімет айтылып жүрді. Шындығына келгенде қазақтар арасында орташа бала саны сегіз болғандықтан үш кезеңнің төрт мың қазақ шаңырағының есебін шығару демограф ғалымдарымыз үшін қиын емес.
Қазақтар Ауған елінде мал шаруашылығы, сауда-саттық жəне тігіншілікпен айналысты. Ұл-қыздарын көбінесе діни курстарда оқытты. Заманауи білім алуға бірен-саран ұл балалары ғана ықылас танытты. Соның ішінде баржоғы екі азамат Кабул университетінде оқып, жоғары білім алды. Оның бірі – Нұрмұхаммед деген азамат, əкесінің аты Молла Серікбай болатын. Ол Кеңес Одағының əскері Ауғанстанның ішкі оқиғаларына араласып, елдің ішіне бүлік шығарған 1980 жылдарында саяси тартыстардың құрбаны болып, Кабулда қаза тапты. Екіншісі – Мұхаммед Рафиһ атты азамат БҰҰ-ның босқындар бөлімшесінің тізіміне ілігіп, алған мамандығы бойынша Дания мемлекетінде қоныстанып, отбасы мүшелерімен тыныш өмірге қауышты. Аталары небір тауқыметті бастарынан өткерген ұрпақтың əулетінің бірі болған оған бағы мен берекесі мол тіршілік еткей деген тілегіміз бар. Кеңес əскерінің 1980-1989 жыл- дар аралығында лаулатқан соғыс оты талай шаңырақты күйретті, миллиондаған ел азаматтарын жан-жаққа тарыдай шашыратып əуреге салды, оның кесапаты сол елде тұратын қазақтарды да айналып өте қойған жоқ. Ауғанстан қазақтары 1980 жылдардан бастап босқын ретінде Пəкістан, Иран, Сауд Арабиясы жəне Түркия мемлекеттерін паналады. Олардың басым көпшілігі оқымысты маман болмағандықтан, тұрақтанған елдерде алыпсатарлық сауда, тігіншілік жəне аяқ киім жөндеу жұмыстарымен айналысып жүрді. Олар тігіншілік саласында Түркияда мемлекеттік экономикаға əсер етерліктей тері құрақтарынан күрте тігуді дамытты. Босқында жүрген олардың өмірі өте қиын болды. Барған елдің толықтай тілін меңгеру, заңдарына үйренісу, адамдарының мінез-құлқын тани білу, тіршілік қағидаларына қанық болу, тағы басқа қырларының байыбына бара білу оңайға соқпайтын. Босқында жүрген бауырларымыз тауқымет иірімінде жарқыраған үміт сəулесіне тап болды. Ол Қазақстанның тəуелсіз ел болғанын əлемге жариялау еді. Небір өмір азабын көрген олар елінің Тəуелсіздігін естігенде жүректері қуаныштан жарыла жаздады.