Жаңалықтар

Қазақта қанша Барақ бар

Барақ есімді тұлғалар туралы
09.09.2014 10:19 12474

Момынұлы Әбілда әкей айтып отырғанда:  

- Қазақта үш Барақ, - дейді екен. - Хан Барақ, Қара Барақ, Қарқаралы қыздай Тама Барақ. Хан Барақ – Найманның Көкжарлы Барақ батыры, Қара Барақ – Табыннан шыққан Асау Барақ батыр, Қарқаралы қыздай Тама Барақ, Көкжал Барақ атанған кісі – біздің бабамыз, - дейді екен. «Қазақтар шетел әдебиетінде» атты кітапта: «Қазақ тарихында талай Барақ болғаны белгілі. Әсіресе, қазақ халқына үш Барақтың аттары әйгілі. Ағылшын суретшісінің (Томас Уитлам Аткинсон, 6.03.1799, Иоркшир-13.08.1861, Кент қ. 1848-1852 жылдары Қазақстанның көптеген жерлерінде болып, тарихи, этнографиялық, географиялық зерттеулер жүргізген) айтып отырғаны 1813 жылы туған «Көкжал» атанған Барақ туралы болмақ. Поляк революционері Адольф Янушкевич Көкжал Барақтың Құнанбай мен Орынбай ақынмен бір болғанын көзімен көрген. Барақ құдыретті күш иесі, ержүрек те қайсар, құралайды көзімен атқан мерген, жүзінен нұр төгілген сұлу, сері болған» деп жазады. 

Классик жазушы Ілияс Есенберлин «Жанталас» романында: «Бұл бір мың жеті жүз отыз төртінші жылы еді. Әбілқайыр Ордасы бүгінгі қонысы Ырғыз өзенінің жағасында: Қазір хан ордасында бірнеше адам отыр: Қанжығалы Бөгенбай, оның қарсы алдында Шекті руының аты-шулы батыры Тайман. Бұлардан жоғарырақ, Әбілқайырдың оң жағында Найманның сұлтаны Барақ... жұрт оны қайсарлығы, ержүректігі үшін Көкжал Барақ атаған» дейді. Зарқын Тайшыбай «Қазақтың ханы – Абылай» атты тарихи зерттеуінде: «Барақ батыр - Найманның Көкжарлы Көкжал Барақ, кейде Қара Барақ атанған батыры» дейді. Қазақтың атақты тарихшы-зерттеушісі Шоқан Уәлиханов өз жазбаларында: «Найманның көк жалды Барақ сұлтаны Алатау қырғыздарына шабуыл жасайды. Жолында ешбір қарсылық кездестірмей, бағына масайраған Барақ – бейғамдыққа салынып, күштілігіне дандайсып, Алатау қырғыздарының қасиетті Қошқар ата моласын қорлайды. Барақтың мейірімсіз, сорақы қылығына ыза болған Алатау қырғыздары астыртын келісіп, жиналады да, Барақ әскеріне түнде тұтқиылдан тап береді. Жеңімпаз Барақ ешбір қарсылық көрсетпей, бүкіл әскерін тастап, қаша жөнелген соң қырғыздар оның қыр соңынан түсіп, Ілеге дейін қуады. Қырғыздар Барақтың ойда жоқта қарсыласпай қашып кетуіне өздерінің әулиесі жақ болды деп есептейді» деп көрсетеді.  

Тағы бір Барақ бар, ол - Барақ Сатыбалдыұлы (кейбір деректерде Жанұзақұлы, Қарапалуанұлы деп көрсетіледі) (1743, Үстірт, Сам құмы - 1840, сонда) - батыр, Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі. Барақ Сатыбалдыұлының батыр атағы 18 жасында (1761) торғауыт батыры Алакөбікті жекпе-жекте жеңгеннен кейін шықты. 18 ғасырдың 70-жылдарына дейін шөмішті-табын қолын бастап, Еділ мен Жайық арасында қалмақтармен соғысты. 1785-1792 жылдары Сырым Датұлы бастаған Ресей отаршылдығына қарсы күрес басшыларының қатарында болды. Сырымның жақын серігі Барақ Сатыбалдыұлы 3 мыңдық жасағымен Орынбор шебіндегі қамал-бекіністер бойында және қазақ даласына жіберілген патша үкіметінің жазалаушы отрядтарымен кескілескен шайқастар жүргізді. Орал әскери кеңесінің рапортында (1785 жылы наурыз айындағы) Барақ Сатыбалдыұлының 2000 жасағымен үкімет әскеріне қарсы тұрғаны жазылған. Барақ Сатыбалдыұлының әскери күші туралы барон О.А. Игельстромның император Екатерина ІІ-ге жазған хатында да айтылады. Батырдың тегеурінді қарсылық әрекеттері орыс отаршыларының зорлық-зомбылығын шектеп, Жайықтың оң жағалауындағы қазақ жерлерін сақтап қалуға септігін тигізді, Батыс Қазақстанның отарлануын тежеді, әскери бекіністердің көптеп салынуына жол бермеді. Барақ Сатыбалдыұлының есімі табын руының ұранына айналды. Оның ерліктері “Барақ Батыр” дастанына арқау болған. Барақтың ұлы Асау (1763 — 1846) мен немересі Дәуіт те атақты батырлар болған. Барақ пен Асау батырлар Сам құмында оңтүстік-шығысқа қарай 15 км жерде жерленген. 1993 жылы Барақтың бейітіне күмбезді кесене тұрғызылған. 

Асау Барақ батырыңыз осы. Оның Кіші жүздің батыры екендігі болмаса, біз сөз еткелі отырған Бигелдіұлы Барақ батырға еш қатысы жоқ. Аткинсон мен Янушкевичтің көретін Көкжал Барағы – Солтыбайұлы Барақ төре. Шоқан Уәлиханов, Ілияс Есенберлин және Зарқын Тайшыбайдың жазатыны – Көкжарлы Барақ сұлтан Шүрекұлы болса керек. Жоғарыда аталған екі Барақты да Көкжал Барақ деп атап жатады. Бұлардан басқа Түкті Жалды Барақ атанған Барақ, Секер батырлар бар. Әбілқайырды өлтіретін Барақ сұлтан Тұрсынұлы, Оразмұхаммед ханды өлімнен құтқаратын Барақ батыр бар, ескі замандағы Барақ хан бар. Таңқалатын-ақ нәрсе, біздің Барақ батыр Бигелдіұлын да Көкжал Барақ, Қара Барақ дейтіні бар. Тарихтағы қосарланып аталу ма бұл? 

Нұрлан Рахымжанов 

Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға