Жаңалықтар

Қазақстанның үшінші мегаполисі – Шымкенттің ҚХА-сы биылғы күзде бір жылдығын атап өтеді

Қазақстанның үшінші мегаполисі – Шымкенттің ҚХА-сы биылғы күзде бір жылдығын атап өтеді
31.03.2019 12:17 5301

Өткен жылы 5 маусымда Қазақстанда бір миллион халқы бар үшінші қала пайда болды. Ол – Шымкент. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру ұсынылды.

Шымкент үшін мегаполис дәрежесін алу жаңа мүмкіндіктерге жол ашқаны сөзсіз. Құжаттардағы тиісті өзгерістер жалпы қаланың экономикасының нақты секторының дамуына, әрбір қала тұрғынының тұрмысына оң әсерін тигізбей қоймайтыны хақ.

Сәл ғана уақыттан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тиісті Жарлыққа да қол қойды. Сөйтіп, Шымкент өз алдына ірі мегаполистар қатарына қосылды.

«Шымкент инвестициялар, технологиялар және интеллектуалдық ресурстарды біздің елге ғана емес, тұтас Орталық Азия аймағына тартатын жаңа орталық болады. Бұған қажет барлық шарттар мен әлеует бар», – деп Елбасының айтқан сөзі де бар.

Облыс орталығы Елбасының жарлығына сәйкес Шымкенттен Түркістан қаласына ауыстырылғаннан кейін аймақта жұмыс істеген Қазақстан халқы ассамблеясы екіге бөлініп, 11 шілдеде жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында Шымкент қаласы әкімі аппаратының ҚХА Хатшылығы құрылып, үш штаттық бірлікпен бекітілді.

Ал қалалық Ассамблеяның атқарушы органы – «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тамыз айында құрылып, штаттық құрылымы 24 бірлікпен бекітілді.

Шымкенттің қала мәртебесін алуына байланысты қаланың аумағында әрекет ететін 15 этномәдени бірлестік мемлекеттік тіркеуден қайта өтті.

Енді жарты жылдан сәл астам уақыт ішінде жаңадан құрылған Ассамблеяның қарымды бастамалары мен іс-шаралары туралы білу үшін «Достық үйінің» басшысы Ербол Байгунаков мырзаны әңгімеге тартқан едік.

- Шымкент қаласы республикалық мәртебеге ие болып, Ассамблеяның жаңа құрылымы пайда болды. Жаңа дербес органның пайда болуы ұйымдастырушылық жұмыстарымен тығыз байланысты. Әңгімемізді осыдан бастасақ.

- Қандай нәрсені болмасын бастау әркез оңайға түспейді шынымен де. 2018 жылдың 26 желтоқсанында өткен қалалық Ассамблея кеңесінің отырысында ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдардың: Қоғамдық келісім Кеңесінің, Аналар кеңесінің, Медиация кеңесінің, Ғылыми-сарапшылық топтың, Блогерлер мен журналистер клубының жетекшілері бекітілді. Сөйтіп, жұмыс қызу жүргізіле бастады.

Қалалық ассамблея жанынан «Қазақтану» жобасын іске асыру жөніндегі арнайы жұмысшы тобы құрылып, оған белгілі ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар, жазушылар санатындағы 19 адам енгізілді.

Жоба аясында қолға алынатын «Берекелі Шымкент», «Қазақ дастарханы», «Ұлттық домбыраны сыйға тарту», «Тілге құрмет – елге құрмет» жобаларын ілгерілету көзделген.

Қоғамдық келісім кеңестерін жергілікті бюджеттің тиімді пайдаланылуы мен агроөндірістік секторда озық технологияларды ілгерілету жөніндегі жұмысқа тарту мақсатында Жол картасы әзірленді,

Жалпы, қалалық ассамблея өз қызметі аясында түрлі құрылымдармен бірлесе 16 дербес іс-шаралар жоспарларын қабылдап, бекітті.

- ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылар тобының жұмысы жайлы айтып берсеңіз

- ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылар тобының мүшелері тарапынан этникалық және діни ахуалдың жай-күйі туралы сараптамалық қорытындылар дайындау, этносаралық қарым-қатынастарды күшейтудің болжамды нұсқауларын әзірлеу, оларды ошақтандырудың теориялық тәсілдері және қала халқының демографиялық жағдайына мониторинг жүргізу, өзбек мектептерінің тұлектерін әлеуметтендіру деңгейіне, Шымкент қалалық ҚХА өткізген іс-шараларына және т.б. мәселелерге эксперттік қорытындылар жасайды.

Шымкент қалалық ҚХА Ғылыми-сарапшылық қызметті атқару барысында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті жанындағы «ҚХА» кафедраларымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіледі.

ҚР Президенті Әкімшілігімен бекітілген Әлеуметтік мониторингтің бірыңғай әдіснамасы ретінде қала аумағында қалыптасқан этносаралық ахуалға байланысты қоғам пікірін саралау мақсатында тоқсан сайын социологияық зерттеулер жүргізілмек.

- Этносаралық кикілжіңдерді шешуде қалалық ҚХА құрылымдарының рөлі қандай?

- Қалалық ҚХА жанынан қоғамдық құрылымдардың - Қоғамдық келісім кеңестерінің, Аналар кеңестерінің, Медиация кеңесінің қалыптасуы этносаралық сипаттағы кикілжіңдердің туындау ықтималдылығын төмендетудің тиімді тәсілдерінің бірі болып табылады. Мұндай құрылымдар қала, шағын аудан, тұрғын алап, ірі кәсіпорын деңгейлерінде де жұмыс жүргізеді.

Мысалы, азаматтық даулар мен келіспеушіліктерді реттеудің тетігі ретінде медиация институтын ілгерілету бағытында қалалық сотпен, әділет департаментімен, нотариалдық палатамен, адвокаттар алқасымен өзара іс-қимыл жөніндегі меморандумға қол қою жоспарланған.

Қазіргі таңда қала аумағындағы кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың дерекқоры қалыптастырылып, олар тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға жұмылдырылатын болады.

Мектеп медиациясы жобасын дамыту бағытында да біршама жұмыс атқарылды. Қаладағы білім беру мекемелерінің 130-дан астам қызметкері қатысқан семинар-тренинг өткіздік. Оған қатысқан кәсіби медиаторлар «Жастар арасында толерантты тәрбие», «Мектеп медиациясы» сынды тақырыптарда шеберлік сабағын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті.

- Жастар жылы аясында қандай іс-жоспарлар белгіленген?

Жастар контингентімен жұмыс жүргізуге баса назар аударылып отыр, оған ҚХА жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, «Достық» студенттік клубтары, этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар қанаттары тартылмақ.

Шымкент қаласы жастарын қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саясаты аясында шоғырландыру мақсатында түрлі бағыттағы іс-шаралардың: «Бірлік», жастар форумын, «Жастар шақырады», «Берекелі шаңырақ», «Бірліктің негізі – медиация», «Шекарасыз достық», «Мың бала», «Мақсатыңа жет», «Бір дастархан басында», «Мейірімді жастар» жоспарларын, т.б. ұйымдастырып, өткізу белгіленген.

Әлеуметтік маңызы бар салалардағы оң өзгерістерді жетістікке жеткен нақты азаматтар мысалында мемлекеттік саясатты ілгерілету бағытында «Жаңғырту елшілері» жобасы қолға алынды.

Маргинал жастарды әлеуметтік тұрғыда бейімдеу, мінез-құлқы теріс (девиантты) жастар контингентімен нәтижелі алдын алу жұмыстарын жүргізу мәселесіне де айрықша назар аударылған. Жоспарланған іс-шаралар жастардың бейресми көшбасшыларымен қарым-қатынас орнықтыру, олардың көшбасшылық қасиеттері мен тұлғалық әлеуетін жалпы мемлекеттік мақсаттар  мен міндеттерге бағыттау, жастарды кәсіби бағдарлауға ықпал ету, оларды жаңа қазақстандық патриотизм қағидаттарына тәрбиелеу міндеттерін көздейді.

- Соңғы кездері ҚХА Ішкі істер органдарымен қоғамдағы тәртіпті, конфессияаралық және ұлтаралық татулықты сақтау бойынша бірлесе іс-қимыл атқара бастады. Сіздерде бұл жұмыс қалай қойылған?

- Шымкент қалалық ҚХА заңмен бекітілген шеңберде этносаралық қарым-қатынасты реттеу саласында қүқық-қорғау органдардың қызметкерлері, қалалық полиция департаменті учаскелік полиция инспекторларының кәсіби біліктілігін арттыру міндеттеріне біршама көңіл бөліп отыр. Бұл бағытта аудандық полиция басқармаларының жеке құрамымен бірге түрлі семинарлар мен түсіндіру кездесулерін өткізу жоспарланған.

Сонымен қатар Шымкент қалалық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубы мүшелерінің қатысуымен де этносаралық саясат мәселелері бойынша БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға контент-талдау жұмыстары жүргізіліп отырады. Бұлардың барлығы қоғамның көңіл-күйін зерттеп, оған тез арада жауапты әсер етуге мүмкіндік береді.

- Қыркүйек пен наурыз айлары арасында Шымкент қалалық  ҚХА қандай іс-шаралар атқарып үлгерді?

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын іске асыру барысында «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалымен, жастар тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарды ілгерілетуде қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқамармасымен әріптестік меморандумы қабылданды.

Шымкенттегі этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету және жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында 2018 жылдың қыркүйек-наурыз айларында қалалық ассамблеяның бастамасымен елуден астам шара өткізілген екен. Олардың арасындағы ең маңыздысы Өзбекстанның Қазақстандағы жылы аясында өткізілген шаралар топтамасы. Оның ішінде «Қазақстан палауы» фестивалі, «Бауырлас ел» деректі фильмінің тұсаукесерін ерекше атап өтер едім.

Сонымен бірге жастар арасында бірнеше ауқымды шаралар ұйымдастырылды. «PRодвигай себя» өзін-өзі дамыту тренингі, «Жастар – жаңғырудың жаршысы» этнолог ғалымдардың бас қосуы мен «Мен қазақша сөйлеймін» интернет акциясы мен рухани келісімнің қазақстандық үлгісіне арналған семинар-тренинг де жоғары деңгейде өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 2015 жылдан бері ел бойынша мұқтаж жандарға, әл-ауқаты төмен отбасыларға көмек көрсету мақсатымен «Қайырымыдылық керуені» акциясы басталып, әлі күнге жалғасуда.

2019 жылға арналған күнтізбеге сәйкес, 12 ай бойы мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, нақты көмек көрсетеміз. Жыл басынан бері «Сарқыт», «Сыбаға» «Шашу» қайырымдылық айлықтары ұйымдастырылып өткізілді.

Мысалы, «Мектепке жол», «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз», №6506 әскери бөлімінде «Сарқыт» қайырымдылық акциясы, ал шешен-ингуш этностарының Қазақстанға қоныс аударғанына 75 жыл толуына орай қалалық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі еске алу күнін өткізіп, оның аясында депортацияланған 56 отбасыға, 50-ге жуық әлеуметтік аз қамтылған отбасыға, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық көмек көрсетті.

Тағы бір игі бастамамыз бар. Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясының «Халықтық бренд» жобасын іске асыра бастады. Оның аясында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген түрлі этнос өкілдері көпшілікке өздерінің бизнестегі тәжірибелерімен бөлісіп келеді.

Табысты кәсіпкерлер жастар үшін арнайы шеберлік сабағын өткізіп, табысқа жетудің құпия-сырымен бөліседі.  

Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимараты жанынан этнос өкілдеріне арнап мемлекеттік тілді оқыту курсын аштық. Бүгінде  40-қа жуық азамат бастауыш және базалық деңгейдегі топтарға бөлініп, қазақ тілін тегін оқып-үйренуде. Тіл үйренушілер аптасына 2 реттен алдағы 4 айда теориялық және практикалық дәрістер алады. Тыңдаушылар жексенбі сайын еркін форматта бас қосып, қазақша сөйлеуді жетілдіруде.

Қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы», «Қыз – елдің көркі» тақырыбында Шымкенттің жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары, орташа білім беру және жоғарғы оқу орындары студенттері арасында кездесулер ұйымдастырылды. Бұл аз да болса қыз балаларға қазақи тәлім-тәрбие беру жолындағы игі бастамалардың бірі ғана.  

1 наурыз – Алғыс айту күніне орайластырып қалалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенді өкілдері «Қазақстан  халқы Асссамблеясы» ғимараты жанындағы «Қазақ еліне мың алғыс» монументінің алдына жиналып, гүл шоқтарын қойып, қиын кезеңде қолдау көрсеткен қазақ еліне алғыстарын білдірді.

Шымкент қалалық Казақстан халқы Ассамблеясы мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының әдет-ғұрып және салт-дәстүр Орталығының бірлесе ұйымдастыруымен биыл Шымкентте бұрын-соңды болмаған мереке – «Наурыз-керуені» іс-шарасы өтті.

Керуен тізбегінде болған түйелер, жылқылар, ат арба, күймелер, автокөліктер «Наурыз» алаңынан жолға шығып, қаланың орталық көшелерімен жүріп өтті.  Оның құрамында зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, әжелер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, театр әртістері мен жастар болды.

«Наурыз-керуені» Қазақстан халқы Ассамблеясы алдында «Армысың, әз-наурыз!» іс-шарасымен аяқталды.

Іс-шара соңы мерекелік дастархан мен қалалық этномәдени бірлестіктердің  тамаша концерттік бағдарламасына ұласты. Іс-шараға ұзын саны 1000-ға тарта қала жұртшылығы жиналды.

Бұл да Наурыз мейрамын  ерекше өткізу туралы билік басындағылардың үндеуіне қосқан өзіміздің үлесміз деп білеміз.

- Жақын арада шешілуі, атқарылуы тиіс мақсатты жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз?

- Этносаралық жағдайға мониторинг жүргізудің тиімді тетіктерін құру, оның шығуына жол бермеу, осы негізде араңдатушылық болдырмау және алдын алу мақсатында Қазақстан халық Ассамблеясы тарапынан Шымкент қаласы бойынша Өңірлік карта әзірлеу бойынша бастама көтерілді.

Әзірленетін Этнокарта халықтың саны мен этникалық құрамы, этностар тығыз орналасқан жерлердегі проблемалық мәселелер, этномәдени бірлестіктер мен оның жеке өкілдерінің қалалық немесе басқа да аудандарындағы құқықтық жағдайы, ресми және бейресми көшбасшылары, этнос өкілдерінің нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпарат жинау және талдау міндеттерін қарастыратын болады.

Тоқсан сайын этностар тығыз шоғырланған (өзбектер, түріктер, күрдтер және т.б.) Шымкент қаласының: Сайрам тұрғын алабы, Забадам, Пахтакор, Тельман, Ынтымақ, Еламан, Оңтүстік, Қызылтаң (бұрынғы Коммунизм), Қайтпас, Майатас, Абдуллабад, Хамза, Ескі қала, 112 квартал және т.б. жерлерінде қалыптасатын проблемалық мәселелер бойынша сараптамалық ақпараттарды дайындау қарастырылған.

Көрсетілген тұрғын алаптардың тұрғындары ҚХА ақпараттық-түсіндіру топтарының мақсатты кездесулерімен тұрақты қамтылатын болады.

ҚХА ғимаратында «Айбын» әскери-патриоттық клубын ашу жоспарланған. Бұл бастама Шымкент қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментімен, қала аумағында орналасқан әскери бөлімшер қолбасшылығымен бірлесе іске асатын болады.

- Сұхбатыңызға көп рахмет. Істеріңізге тек қана сәттілік. 

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға