Жаңалықтар

Қазақстанның тұрақты экономикасы: бір қадам артқа, екі қадам алға

Қазақстанның тұрақты экономикасы: бір қадам артқа, екі қадам алға
29.09.2014 07:32 9546

Қазақстанның тұрақты экономикасы: бір қадам артқа, екі қадам алға

Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі. Н.Назарбаев (биылғы жолдауынан). Тұтастай алғанда 2020 жылға қарай Қазақстанның экономикасы жеделдете әртараптандырудың негізгі нәтижелеріне қол жеткізуге тиіс екенін президентіміз бір емес, бірнеше бағдарламалары мен стратегияларында айтып өткен болатын. Мемлекетіміздің мақсаты бойынша, ІЖӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 13%-дан кем емес мөлшерін құрауы тиіс. Экспорттың жалпы көлемінде шикізаттық емес экспорттың үлесі 27-ден 45%-ға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Еңбек өнімділігі өңдеу өнеркәсібінде 2 есе, ауыл шаруашылығында кем дегенде 4 есе артуы керек. ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығы 25%-дан кем емес мөлшерде төмендеуі тиіс. Кәсіпорындардың инновациялық активтерінің үлесі 4-тен 20 %-ға дейін өсуі керек. 2015 жылдың өзінде-ақ аграрлық саланың экспорттық әлеуеті 4-тен 8%-ға дейін ұлғайып, құрылыстың ішкі қажеттіліктерінің 80%-ы қазақстандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Міне, президентіміз осындай мақсаттар мен стратегиялар қоя отырып, үкімет пен әкімдіктерге үлкен тапсырма жүктей отырып, еліміздегі барлық компаниялар мен кәсіпорындар басшыларының жауапкершіліктерін арттырып келеді.

Мемлекетіміз тәуелсіздіктің 22 жылын экономиканы күшейту үшін өткерді. Бұл тарихтың жаһандық сынақтарына жауаптар және жаңа экономиканы іздеудің күрделі кезеңі болғаны анық. Кідіріссіз де қысқа мерзімде тәуелсіз мемлекет құру, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға және тоталитаризмнен демократияға көшуді жүзеге асыру міндеттерін шешу қажеттігі туындады. Қазақстан үшін әлемнің көптеген жетекші державалары секілді ондаған, жүздеген жылдар бойы біртіндеп дамып, экономикалық және демократиялық өзгерістерді біртіндеп нығайтуға уақыт тығыз болған еді. Экономикалық, құқықтық және әлеуметтік-саяси реформалар кейде қаншалықты қиын жүргеніне қарамастан, күткен нәтижелерге жеткізді: ел экономикасы мен демократиялық процестер серпінді дамытылды және бұл жетістікке жетуде президентіміз Н.Назарбаевтың еңбегі ерекше. Қазақстан орынды түрде өңір лидері саналады және барынша бәсекеге қабілетті экономикасы бар 50 мемлекеттің қатарынан лайықты орын алды. Ендеше, біздің жаңа бағытымыз экономикасы тұрақты дамыған 30 елдің қатарына ену. Бұл жолда да жасалып жатқан шаралар шаш етектен.

Қазақстан әу баста капитализмді, яғни нарықтық экономикаға көшіп жауапты таңдау жасады жөне бәсекелестікке, меншіктің әрқилы формаларын дамытуға негізделген экономикаға әлеуметтік бағдарлануды белгіледі. Алайда мақсатты жариялау және елді сапалық тұрғыда басқа жағдайға көшіру — бұл мәні бірдей емес міндеттер болатын. Тұтас ұрпақтар тіршілік әрекетінің мүлдем басқа жағдайларына бейімделген ел үшін өздігінен икемделетін және әлеуметтік бағдарланған нарық тетігін қалыптастыру тарихи тұрғыда жүйелік көшу жөніндегі күрделі міндеттердің тұтас кешенінен тұратын айрықша, ауқымды проблемаларды шешуді өз-өзінен көздейді. Өткен өзгерістердің басты қорытындыларын бағалай отырып, мынаны сөзсіз мойындаған жөн: біз нарық тетігін іске қосып, сұраныс пен ұсыныс бағаны реттейтін, тауар ағымдарының қозғалысын, бәсекелестіктің табиғатын, инвестиция арналарын айқындайтын ахуал жасай алдық. Елеулі экономикалық табыс біз таңдаған экономикалық даму моделінің дұрыстығын дәлелдейді және әлемдік сарапшылар да мұны мойындайды.

Кеңестік Одақ кезінде Қазақстан экономикасының дербестігі туралы сөз бола алмайтын. Барлық ірі кәсіпорындардың 80 пайызы одақтық бағыныста болды. Республикаға тек тамақ және жеңіл өнеркәсіпке билік ету құқығы қалатын. 90-шы жылдардың басында "саясат экономиканың алдында жүретін", бірақ уақыт бәрін өз орындарына қойды. Егемендік алдық деп есі кете қуанудан кейін жаңа мемлекеттерге дербес экономикалық жүйелерін құруға тура келді. Нарыққа өту алдын ала айқындалды, алайда көшу моделін таңдау күн тәртібінде тұрған ең қиын мәселе болды. Экономикалық, көп ретті жасанды байланыстардың үзілуі алғашқы жылдары келеңсіз ұласпалы әрекет туғызды. Кәсіпорындар тоқтап жатты өнімдер өтпей тұрғандықтан ондаған мың адамдар жұмыссыз және тірлік ету қаражатынсыз қалды. Ауыл шаруашылығы тірек еткен дотациялар мен субсидияларды төлеу тоқтатылды. Орталықтандырылған жоспарлы сатып алуға бағдарланған колхоздар мен совхоздар бір сәтте бәрінен айырылып тынды. Осынау келеңсіз процестердің салдары ретінде бюджетке салықтар түспей қалды. Жалақы мен зейнетақыға қаражат болмады. Қазына қаңырап, қаржы резервтері түгесілді. 1991 жылға қарай Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ахуал әлдеқайда қиындады. Ішкі жалпы өнім 12 пайызға төмендеп кетті. Рынокта тауар жетімсіздігі байқала бастады. Бұрынғы жылдары тұмшаланып келген инфляция сыртқа сыпырыла шығуға әзір тұрды. Сол жағдайда бір мезетте аса маңызды міндетті шешуге тура келді. Осы дағдарысты еңсеру ғана емес, сонымен бірге өзіміздің дербес экономикалық жүйемізді құра бастау қажет болды.

Реформалау тәжірибесі және қажетті заңнамалық база жоқ еді. Өзгерістер бағдарламасының өзі де жоқ болатын. Ал жаңа жүйеге өтуді өте қысқа мерзімде жүзеге асыру қажет еді. Нарық экономикасына көшу мынадай компоненттердің: сұраныс пен ұсыныстың; табыстар мен шығындардың; ақша массасы, айналым қаражаты мен инвестициялық ресурстардың белгілі бір келісілуін білдіреді. Бұған мемлекет иелігінен алу және жекешелендіруді жүргізу, яғни жеке меншік институтын енгізу жолымен ғана қол жеткізуге болатын еді. Мемлекеттік экономикалық саясат ақша-кредит, салық-бюджет, баға және антимонополиялық, инвестициялық, технологиялық саясат кіруі тиіс болды. Бұл екі деңгейлі банк жүйесін құруды, алтын-валюта резервінің қорлануын, қор биржасы, салық, кеден және басқа  органдар  секілді жаңа мемлекеттік институттарды қалыпта дамытуды талап етті. Бірінші кезеңде өзекті міндет басқарудың әміршіл-әкімшіл әдістерін алмастыру болды. Өйтпеген жағдайда туындаған проблемаларды шешу мүмкін емес еді. Тұтыну тауарларын өндіру барынша азайды. Қаңыраған сөрелер сұраныс пен ұсыныстың сәйкессіздігін көрсетіп тұрды. Тек бағаны өсіру есебінен пайдақуушылықтың жалпыға ортақ жарысы басталды. Тауар тапшылығы, өсіп бара жатқан гиперинфляция жағдайына тап болған біз бірінші кезекте бағаның ырықтандырылуын жарияладық, ол нарыққа өтудің табанды қадамы болды. Сұраныс ұсынысты туғызады деген классикалық кестені іске қосу керек болды. Осындай қажеттіліктер мен кемшіліктерді, жетіспеушіліктерді ескере отырып, Президентіміз Н.Назарбаев өзінің стратегиялары мен табанды саясатының арқасында Қазақстанды барша қиыншылықтар мен келеңсіздіктерден алып шықты. Жеуге нан таппай қалған тәуелсіздіктің алғашқы жылындағы сол бір мезеттер бәрінің есінде болса керек-ті.

Бүгінде Қазақстанда – нақты жұмыс істейтін нарықтық экономика құрылған. Өнеркәсіптің жетекші салаларының қатарына түсті және қара металлургия жатады. Қазақстанның мысы, қорғасыны, мырышы және кадмийі сапасының жоғары деңгейде болуына байланысты әлемдік нарықта сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті. Қазіргі таңда экономикалық дамудың негізгі көзі елдің шикізат әлеуетін пайдалану болып табылады. Елімізде  1985 жылмен салыстырғанда көміртегі шикізатын өндіру көлемі 225 пайызға өсті, ал дүние жүзі бойынша бұл көрсеткіш 1,3 есеге жуық өсті. Мұнай өндіру (газ конденсатын қоса алғанда) 61,9 млн. тоннаға, табиғи газ өндіру 25,2 млрд текше м болды. Қазақстанда болашақта ашық кен орындарын игеру есебінен 2015 жылға қарай 150 млн. тонна мұнай және 79 млрд текше м газ мөлшерінде көмірсутегі шикізаты өндіріледі. Еуропа елдері Қазақстан экспорты көлемінің негізгі бөлігін алады. Қазақстан ірі отын-энергетикалық өңір болып есептеледі. Еуропа елдері арасында Қазақстан экспортын негізгі тұтынушылар Швейцария, Италия, Польша, Германия болып табылады. Міне, бұл нәтижелер мен көрсеткіштердің, статистикалардың баршасы да бүгінгі Қазақстанның экономикасы өте жақсы деңгейде тұрғанын көрсетеді.

Жалпы, Қазақстанның экономикалық қуатын шетелдік сарапшылар бүгінде жиі мойындай бастағаны баршамызға белгілі. Оны телеарналардан да жиі көріп жүрміз. Мәселен, Венадағы Еуразиялық зерттеулер орталығының директоры Александр Хворостовтың пікірінше, Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумның зерттеулер қорытындысы әділ, әрі беделді. Сарапшы саясаткерлерге деген қоғамдық сенім, мемлекеттік шығындардың жүйелі, әрі тиімді жұмсалуы және мүдделердің қорғалуы Қазақстан жетістіктерінің басты себептері деп есептейді. 
Ол «Хабар» арнасына берген бір сұхбатында: «Бұл әлем елдерінің экономикалық бәсекелестігін таразылайтын тамаша есеп. Қазақстанның экономикалық дамудағы көшбасшылардың бірі екенінде дау жоқ. Оның үстіне, басқа мемлекеттермен салыстырғандағы рейтингтегі Қазақстанның жоғарғы көрсеткіші орынды айқындалған. Қазір ел тұрақты дамып келеді, нарықтық базалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізіп қойған. Енді қолданыстағы механизмдерді жаңғырту үстінде», - деген болатын. Сонымен қатар, Қазақстанның экономикалық жетістіктерін австриялық баспасөз де кеңінен насихаттауда. Әйгілі «Курьер» баспасы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның тұрақты дамуы мен еуропалық елдермен ынтымағы жайлы жазған екен.  «Бейбіт өмір мен тұрақты дамудың үлгісіне айналған Қазақстанның бұл жетістіктері бірде-бір посткеңестік мемлекеттер арасында байқалмайды. Сөз жоқ, Нұрсұлтан Назарбаев еуразиялық масштабтағы қайраткер. 90-шы жылдары күллі Кеңес Одағының Министрлер кеңесінің төрағасы лауазымына ұсынылуы да бекер емес еді. Мемлекеттің саяси басшылығының жетістігін айтсам, Қазақстан 22 жылда толассыз даму, тұрақты өсім, дау-жанжалдардың жоқтығымен ерекшеленді», - деп толықтырады өз сөзін Хворостов.

«Алдымен, экономика, сосын саясат» формуласын ұстанған және осы формула бойынша жұмыс жасаған елбасымыз Н.Назарбаев, шын мәнінде, Қазақстанды көптеген жетістіктерге жеткізген көреген басшы екенін әлем мойындайды. Президентіміз көптеген бағдарламалары мен стратегияларында, жолдауларында ең алдымен экономиканы дамыту керектігін, халықтың ахуалы жақсарса басқа мәселелер өз орнына өзінен-өзі түсіп кететінін үнемі айтып келеді. Міне, бұл дегеніміз, яғни «тұрақты экономика» бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында топтасқан қазақстандықтарды ұшпаққа шығаратын бірден бір бағыт.

«Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы» тұжырымдамасында елбасымыз бірнеше стратегияларды орындауды мақсат етеді. Сол бойынша сөйлейтін болсақ, таяу онжылдықтағы индустриялық-инновациялық даму жеделдетілген диверсификация, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен қамтамасыз етілетін болады. Еңбек өнімділігінің кешенді өсімі маңызды тапсырмалардың бірі болып табылады. Қазақстанда бір жұмысшы жылына 17 мың доллардың ғана тауарын өндіреді. Ал дамыған елдердегі бұл көрсеткіш 90 мың доллардан асып түседі. Бұдан шығатын қорытынды өте қарапайым –  президентіміздің айтуынша біз бұл жағдайды түзеуіміз керек. Бұл үшін еңбек өнімділігін көтеріп, инновацияны ендіруіміз қажет. Осы критерий бойынша бағалау, қаржылай қолдау көрсету сияқты барлық басқару жұмыстарына бақылау жүргізу Үкіметтің басты міндеті болмақ. Тек инновация ғана еңбек өнімділігінің шұғыл көтерілуіне мүмкіндік береді. Менің тапсырмам бойынша «Үкімет үдемелі индустриалдық даму және елдің детальді даму картасы» деп аталатын мемлекеттік бағдарлама жасады. Бұл екі құжат – таяу бес жылда қашан, қалай және не істейтінімізге нақты жоспар.

Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін бірінші кезекте Кеден одағы елдері аясында, Орталық Азия және Кавказ, Таяу Шығыс бағытында дамыту керектігі бұған дейін бірнеше рет айтылған. Ал, қазіргі уақытта ол мақсатты жаңадан құрылмақшы болып жатқан Еуразиялық экономикалық интеграциясы аясында жаңадан қаралып жатыр. Еліміз қазірдің өзінде Шығыста Қытаймен арада Жетіген-Қорғас теміржолын салып бітті, Түрікменстан арқылы Парсы шығанағына шығатын теміржол салынып жатыр. Батыс Қытай – Батыс Еуропа тас жолының құрылысы бітуге таяу. Бұл біздің тауарларымыздың осы аймақтарға шығуына мүмкіндік береді.

Елбасымыз Н.Назарбаев Қазақстанның экономикасын дамыту туралы тұжырымдамасында: «Экономиканы әртараптандыру бағытындағы жоспарларды орындау үшін мемлекеттік қаржы ресурстары жеткіліксіз. Сондықтан қаржы көзі – шетелдік тікелей инвестиция болуы қажет. Менің өткен жылғы халықаралық сапарларымның дені осы инвестиция мәселесіне қатысты болды. Көптеген мемлекеттер біздің елге инвестиция салудың болашағын көріп отыр. Бүгінгі күні ҚХР, Оңтүстік Корея, БАЭ, Франция, Италия, Ресейдің компаниялары біздің елге 20 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартатын болды. Бұл қаржы шикізаттық емес секторға жұмсалады, индустриалдық бағдарламаның бірнеше нысанын, инфрақұрылымды, бірлескен кәсіпорындарды іске қосуды қамтамасыз етеді. Батыс Қытай–Батыс Еуропа автомагистраліне 3 млрд АҚШ доллары көлемінде, еліміздің батысынан оңтүстігіне қарай тартылатын газ құбырына 2 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту мәселесі шешілді. Мұның барлығы – шикізат секторына тартылған 10 млрд инвестициядан бөлек. Біз Қазақстанды шетелдік инвесторларға жақсы жағынан көрсету үшін барлық істі қолға алуымыз керек. Осыған орай мен Үкіметке индустриалды дамуымыз үшін жаңа экономикалық зона құру туралы арнайы заң әзірлеуді тапсырамын. Жеке инвестиция тарту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін құру қажет. Біз бұл механизмді құрдық, бірақ ол әлемдік үздік тәжірибемен ұштаса отырып дамуды талап етеді. Мен Үкіметке бірінші жартыжылдықта «концессия туралы» заңға керекті түзетулерді енгізуді тапсырамын. Жобалық қаржыландыру қағидатын енгізу мақсатында біз заңнамамызда ерекше заңдық мәртебесі бар арнайы жобалық ұйымдарды құру мүмкіндігін қарастыруымыз керек» - деген болатын. Ал, дәл бүгінде бұл мақсаттар мен стратегиялардың жартысынан астамы жүзеге асырылып қойды. Ендеше, 2020 жылға қарай еліміздің экономиканы тұрақтандыруға арналған бағдарламалары толықтай орындалады деуге негізіміз бар.

Мемлекетімізде экономиканы диверсификациялаудың негізі – кәсіпкерлік болып қала береді. Жаңа нарықты игере алатын, инновацияларды енгізуге қабілеті бар қуатты кәсіпкерлік класы бүгінде бар. Дәл осы кәсіпкерлер экономиканы модернизациялаудың негізгі күші бола алады. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша еліміздегі кәсіпкерлерге көптеген мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалған. Бұл бағдарламаның негізі мақсаты – аймақтардағы жаңа кәсіпорындардың, әсіресе, шағын және орта бизнестің арқасында тұрақты жұмыс орындарын ашу екені белгілі. Міне, осы бағдарлама қабылданған күннен бастап елімізде мыңдаған кәсіпорындар ашылғанын статистика агенттігі растай алады.

Қазақстан өнеркәсібі экспорт нарығында отандық брендтің кең торабына айналуы керектігі президентіміздің келесі бір мақсаты. Сондықтан Үкіметтің басты міндеті – экспорттаушыларды қолдаудың біртұтас жүйесін құру, ол негізгі құралдарды қаржыландыруды, экспортты сервистік қолдауды, экспорттаушылар гранты мен экспорттық сауданы қаржыландыруды қарастыратын болады. Қазақстанның батысында мұнай-газ секторын, химия өнеркәсібін, транспорттық күшті дамыту әрі қарай жалғаса береді. Орталықта, солтүстікте, шығыста, оңтүстікте тау-металлургиялық, атомдық, химиялық, аграрлық индустрияны да тұрақты дамыту мақсаттан тыс емес. Жоғары әлеуетті шикізаттық емес секторларды және агроөндірістік кешенді солтүстік және оңтүстік аймақтарда дамыту қолайлырақ, сондықтан агроөндірістік күштерді осы аймақтарға топтастыру керек.

2020 жылға қарай Ұлттық қор активтері 90 миллиард долларға дейін жетіп, ЖІӨ 30 пайыздан асуы керектігін президентіміз бірнеше рет атап өткен болатын. Дамыған мемлекеттерден тартылып жатқан инвестициялар бойынша жұмыс жалғасын табуда. Ұлттық қорды жасақтау мен пайдаланудың жаңа тұғырнамасы бекітілгені де барша жұртқа белгілі. Жалпы, 2020 жылға қарай экономиканы жедел түрде әртараптандырудың мынадай негізгі нәтижелеріне қол жеткізуіміз керектігін атай отырып, президентіміз Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты көп жылдық стратегиясында: «Барлық жұмыстардан кейін өңдеуші өндірістің ЖІӨ-дегі үлесі 13 пайыздан кем болмауы, шикізаттық емес сектордың экспорттағы үлесі 27 пайыздан 45 пайызға артуы, өңдеуші өндірісте еңбек өнімділігі екі есеге, ауыл шаруашылығында жоқ дегенде 4 есеге артуы, энергоқуаттылықтың ЖІӨ-дегі үлесі 20 пайызға дейін төмендеуі, инновация тұрғысынан белсенді компаниялар үлесі 4 пайыздан 20 пайызға артуы керек. 2015 жылдың өзінде ауыл шаруашылығы саласының экспорттық мүмкіндігі 4 пайыздан 8 пайызға артып, құрылыстың 80 пайызы отандық материалдармен жүзеге асырылуы керек. Үкімет пен облыс әкімдеріне берілетін нақты тапсырма, міне, осындай, біз осыны талап ететін боламыз. Бұл – өте ауқымды жұмыс, бұл – мемлекеттіктің, тәуелсіздіктің мәселесі. Бес жыл ішінде Үкімет өндірісті екі еселеу мен металлургиялық өнімдерді экспорттауды, химиялық өнімдер өндірісін үш еселеуді қамтамасыз етуі тиіс. 2015 жылға қарай жаңа жобалар есебінен түсетін бюджеттің табысы шикізаттық секторға тәуелділікті төмендете отырып, 300-400 млрд теңгеге дейін өсуі қажет» - дейді.  Міне, бұл біздің президентіміздің және оған іліскен бүкіл қазақстандықтардың нақты мақсаты.

 

Дінмұхамед Аязбеков

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға