Қазақстанның сыртқы саясатының басты ерекшелігі
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері 24 жылдың ішінде әлемнің жүз отыздан астам мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан болатын. Ежелден «сен тимесең, мен тимеймін» деген ата-баба жолын ұстанған қазақ елінің сыртқы саясаты сындарлы сұхбат жүргізуге талпынысымен және көпжақты ынтымақтастыққа бағытталғанымен ерекшеленеді. Қазақстанның әлемдегі алпауыт елдер: Ресей және Қытаймен көршілес бола отырып, өз территориясын сақтай білуі, өзара сыйластыққа негізделген көпжылдық дипломатиялық қарым-қатынасты орнатуы соның айғағы.
Тарих ғылымдарының кандидаты Жанар Қаражанова «Қазақстан Республикасының көпвекторлы саясаты: ерекшеліктері мен сипаты» деген мақаласында: «Қазақстан Республикасы кеңестік кезеңнен кейінгі дәуірде өзінің тәуелсіз ел ретінде халықаралық қатынастар жүйесінде толыққанды қатысушы бола алатындығын толғымен дәлелдеп шықты. Қазақстанның көпвекторлы саясаты түпкілікті жүйеге түсіп, елдің өсіп өркендеуі мен нығаю жолында жұмыс істеп жатыр. Өзінің геосаяси орны мен экономикалық әлеуетіне байланысты Қазақстанға дәл осындай саясатты жүргізу қажетті де. Еуразия құрлығының орталық бөлігінде орналасқан Қазақстанды ірі еуразиялық мемлекет ретінде қарастырып, ортаазиялық өңірдің ғана мүмкіндіктерімен шектеп, тар ауқымды географиямен тұйықтау жөн болмайды. Мұндай ұстаным еліміздің әлеуеті мен ұлттық мүдделеріне кереғар келер еді. Қазақстан әлемдік және аймақтық істерге белсенді түрде атсалысып, өзінің халықаралық беделін арттыруға, қауіпсіздік,егемендікті құрмет тұту, аумақтық тұтастық принциптеріне негізделген тұрақтылық пен татукөршілік аймағын қалыптастыруға мүдделі. Ал, сыртқы саясат пен халықаралық дамудың үйлесімділігін қамтамасыз ете білу көпвекторлы бағыттың жемісті нәтижелері болып табылады,» - деген тұжырымғакеледі.
Қазақстанның егемен ел ретіндегі әлемдік аренада беделін қалыптастыруда, көршілес Ресей, Қытай елдерімен шекарасын бекітудегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаетың рөлі зор еді. Бұл жөнінде көрнекті дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев «Күңгей мен көлеңке» кітабында нақты деректер келтіріп, толығырақ атап өткен болатын.
ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстанның сыртқы саясатына мынадай баға берген болатын: «Бейбітсүйгіш әрі конструктивті сыртқы саясаттың нәтижесінде Қазақстан осы жылдар ішінде халықаралық беделін жаңа сатыға көтерді, халықаралық қауымдастықтың ықпалды мүшесіне айналды. Біз алыс-жақын шетелдермен достық қарым-қатынас пен өзара тиімді әріптестік орнаттық. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемнің заманауи құрылымының аймақтың және жаһандық мәселелерін шешуде өз үлесін қосып жатыр.»
Еліміздің соңғы жылдары ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ЕЭО, ШЫҰ, ҰҚШҰ және Түркі кеңесіне төрағалық етуі, Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы жоғары беделін айғақтайды.