Жаңалықтар

Қазақстанның архиектурасының тарихы

Қазақ қала құрылысын жобалау ин-ты 1958 жылдан Алматы қ-ның батыс ауданын жобалауға кірісті. Жаңа тұрғын аудандардың архит.-жоспарлау құрылымының негізі ықшамаудандар
29.08.2014 12:40 4111

2-дүниежүз. соғыстан кейінгі кезеңде сериялық жоба бойынша негізінен аз қабатты үйлер салынды. Сонымен қатар типті жобалар сериясы көбірек тарады. 40-жылдардың 2-жартысынан бастап тұрғын үйлер жеке жобалар бойынша да салына бастады. Қазақстанда соғыстан кейінгі кезеңдегі ең ірі құрылыстардың бірі – ҚР ҒА-ның бас ғимараты (арх. А.В. Щусев, 1948 – 53). ҚР ҒА-ның бірқатар ин-ттарының ғимараттары академиялық қалашық жасауды қамтамасыз етті. Балқаш, Өскемен, Лениногор қ-ндағы Металлургтер мәдениет үйі (1949), Атыраудағы Мұнайшылар мәдениет үйі (1945 – 48), Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет үйі ғимараты – неғұрлым ірі және сол кезеңге тән құрылыстар. Арх.: Б.Р. Рубаненко мен Г.А. Симоновтың жобасы бойынша Қазақ КСР Үкімет үйі ғимараты (1957) – сол кезеңдегі ең ірі әкімш.-қоғамдық құрылыс болып табылады. 1954 ж. Теміртауда тәжірибелік тұңғыш ықшамаудан салынды.

Қазақ қала құрылысын жобалау ин-ты 1958 жылдан Алматы қ-ның батыс ауданын жобалауға кірісті. Жаңа тұрғын аудандардың архит.-жоспарлау құрылымының негізі ықшамаудандар (халқы шамамен 6 – 8 мың адам, олар тұтас алғанда 20 – 30 мың халқы бар тұрғын аудан құрады) болды; қ. Қала құрылысы.

50 жылдардың 2-жартысында Қ. а-ның жаңа архит.-көркемдік принциптері, ең алдымен, қоғамдық ғимараттардың көпшілік типтерінде: мектептерде, балалар мекемелерінде, ықшам аудандардың қоғамдық-сауда орт-тарында, т.б. жүзеге асырылды. “Жетісу” қонақ үйінің (бұрынғы “Қазақстан” қонақ үйі, Алматы, 1960; арх. Ким До Сен, Е.К. Дятлов; инж. Ю.Скринский) архит. құрылымының көркемдігімен ерекше көзге түседі. Мейманхана – жер қатты сілкінетін аймақта рамалар кірігетін қаңқаларды пайдалану арқылы салынған еліміздегі алғашқы тұтас жиналмалы ғимарат. Оның сыртқы қабырғалары жеңіл материалдардан жасалған. Бұл жаңалықтар республиканың жер сілкінісі қаупі бар аймақтарында, ғимараттар салмағын жеңілдету маңызды шартқа айналған жерлерде салынатын құрылыстарға өте тиімді. Құрылыстардың сыртқы жағын қоршау ісі де өзгеше сипат алды. Сыртқы қабырғаларды қалыңдығы көзге байқалмайтын жеңіл қоршау-мембраналарға айналдыруға байланысты пластик. сипат беру тәсілдері де жойылды. Бұған дейін тас қабырғаларды көрнекі ету үшін оның салмағын арттыру және материалды мол пайдалану қажет болса, енді бұл мәселе, керісінше қабырғалардың салмағын жеңілдету және оларды неғұрлым жұқа жасау жолымен шешілді (Қазақ қала құрылысын жобалау ин-тының ғимараты; 1961, арх. Рипинский, А.Недовизин, Ким До Сен, В.П. Ищенко; конструкторы В.Решетов). Темір-бетон қаңқасының құрылымы сыртқы қабырғаларды толық көрсетіп, ғимаратты айналдыра белдеулеп алатындай көлемде жаппай әйнектен жасауға мүмкіндік берді. Ғимараттың ішкі бейнесі жаңа архит.-көркем құралдар негізінде қалыптасты.

60-жылдардың 2-жартысы Қ. а-ның маңызды бетбұрыс кезеңі болды. Архитектура міндеттері жергілікті жағдайларды ескере отырып, ұлттық бейне және ұлттық этногр. ерекшелік негізінде шешілді. “Арман” кинотеатрының құрылысында (арх. А.И. Коржемпо, И.Р. Слонов; инж. В.Гарвард; Алматы, 1968) архитектура мен мүсінді ұштастыру жолымен қабырғалардың бетін бедерлеп өңдеу тәсілі пайдаланылды, бедерлік композиция енгізілді, табиғи тасты нақты көрсету арқылы ғимараттың сезімдік әсерлілігін көрсетуге (суретші В.И. Константинов) мүмкіндік туды. Ортада ашық алаң-фойе жасау, қабырғаларында жапсырма бедерлер арқылы қазақ халқы тұрмысындағы текеметтің түрінен туындайтын өрнектер пайдаланылды. Бұл саладағы өзіндік ерекшеліктері бар архит. құрылыстардың бірі Семей қ-ндағы 500 орынды мейманхана (1970 – 75, архитекторлар Ю.Г. Ратушный, О.Балықбаев; конструкторлар: В.Д. Сушинцев, Г.Клочковская) болды.

Қ. а-ның үлкен жетістігі “Қазақстан” қонақ үйі. Бұл – еліміздегі жер сілкінетін аймақта орналасқан көп қабатты (25 қабат) алғашқы ғимарат. Республика сарайының архитектурасы бүкіл бір кезеңнің жетістігі болып саналады. Осы ғимарат арқылы ғасырлар бойы қалыптасқан озық архит. тәжірибеге негізделген Қ. а-н онан әрі дамыту жолы белгіленді. 70-жылдардың соңы – 80-жылдардың басында Қазақстан қ-ларында жаңа мәдениет сарайлары мен үйлері, басқа да мәдени ойын-сауық мекемелері: Рудный қ-нда Кеншілер сарайы, Петропавлда обл. драма театры (арх. А.А. Козачинский; инженері А.Зайцев), Алматыда цирк ғимараты (арх.: В.З. Кацев, Слонов, С.Б. Матвеев, М.В. Плохотников), Арқалықта Кеншілер сарайы, Астанада Жастар сарайы (арх.: А.Полянский, К.Миронов; инженері Ц.Нахутина), Павлодарда Трактор жасаушылар сарайы, Алматыда Мақта-мата комб-ның мәдениет сарайы (арх.: А.А. Петрова, З.Мұстафина, Г.Жақыпова; инженері: Г.Стулов, Б.Никишина), М.О. Әуезов атынд. Қазақ акад. драма театрының ғимараты (арх.: О.Баймырзаев, А.Қайнарбаев, М.Жақсылықов) салынды. Бұл кезеңде Қ. а-нда негізінен монументтік-сән өнері көрініс тапқан елеулі сапалық өзгерістер болды.

Қазақстан егемендігі мен тәуелсіздігінің нығаюы Қазақстан мемлекеттілігінің нығаю процесі Түркістан, Семей, Атырау, Қарағанды, Қостанай, т.б. қ-лардағы архит. және мемориалдық ескерткіштерде көрініс тапты.

20 ғ-дың аяғындағы қазақ жеріндегі егемендік пен тәуелсіздік айғағы саналатын архит. кешендер ішінде Алматы қ-нда салынған Президент резиденциясы (1995) мен Республика алаңында орналасқан Тәуелсіздік монументінің (1996) орны айрықша.

Тәуелсіздік монументі ел тәуелсіздігіне 5 жыл, Желтоқсан оқиғасына 10 жыл толуына орай ашылды. Тәуелсіздік монументінде қазақ халқының тарихы мен қазіргі кезеңі тұтас қамтылған. Монумент Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі көрнекті ескерткіштердің бірі болып саналады. Алматы қ-ның қазіргі бет-бейнесінде тәуелсіздік жылдары салынған бес жұлдызды “Анкара” (авт. Бижан Туберг, Түркия) және “Рахат-Палас”, “Астана” қонақ үйлері мен т.б. құрылыстардың өзіндік орны бар. Нарықтық қатынастарға көшкен республика экономикасының белгілері соңғы архит. үлгілермен салынған банк, кеңсе, сауда кешендері, үйлер мен супермаркеттердің бейнелерінен көрінеді. Соңғыларының арасында Астана, Алматы қ-ларында салынған “Рамстор” ғимараттарын ерекше атап өтуге болады. Қазақтың Мемл. опера және балет театрын қайта жөндеуден өткізу 1996 ж. басталып, 2000 ж. аяқталды. Ғимаратқа өңдеу жұмысын жүргізген белгілі арх. С.Сұлтанғалиұлы басқаратын “Айсел Қазақстан” компаниясы.

Ел Президенті архитекторлар алдына жаңа елорда – Астана қ-ның келешек келбетіне еуроазиялық мәдениеттің ең үздік жетістіктерін пайдаланып, қолдану міндетін қойды. Бірінші кезекте іске асырылған жобаларға Орт. алаң аумағындағы Президент резиденциясы мен Мин. Каб-нің әкімш. және Парламент ғимараты, сондай-ақ, Ішкі істер мин-нің ғимараты, Қаржы мин. кешені, “Самал” тұрғын үйлер ауд., аэропорт, Есіл өз. аймағындағы архит. кешен, т.б. жатады. Соңғы кезеңдерде бұл аймақтарда жаңа Үкімет үйі, “Сити маркет” сауда орт., Спорт сарайы, Ұлттық музей, Еуроазия ун-тінің ғимараттары салынды. Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласын жан-жақты көтеру мақсатымен 1998 ж. Астана қ-н дамытудың бас жоспарын жасау үшін халықар. байқау жарияланды. Байқауға әлемнің көптеген елдерінен 40 тапсырыс пен 27 жоба келіп түсті. Қазылар алқасының шешімімен белгілі жапон арх. Кисе Курокава мен оның ұжымына бірінші орын берілді. 2000 ж. ЮНЕСКО шешімімен Түркістан қ-ның 1500 жылдығы атап өтілді. Осы күнге орай әлемге танымал Қожа Ахмет Иасауи кесенесі қайта жөндеуден өткізілді, Есім ханның хан алаңы жасалынып, “Яссы” қонақ үйі тұрғызылды, сонымен қатар, Ұлы жібек жолын символдық тұрғыдан көрсететін “Керуен” ескерткіш кешені ашылды.

Қазақстан тәуелсіздігінің он жылы ішінде салынған архит. ескерткіштерді төрт топқа бөлуге болады. Алғашқы топқа ата-бабалар мен тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштер жатады. Бұлар: Қорқыт Ата мемориалды кешені (Қызылорда), Домалақ ана мұнарасы (Оңт.-Қазақстан обл.), Бекет ата мешіті (Маңғыстау), Сарайшық (Атырау обл.), Қарасай, Ағынтай батыр кесенелері (Айыртау, Солт. Қазақстан обл.). Қазақ тарихи тұлғаларына арналған ескерткіштер: Мұхаммед Хайдар Дулат (Тараз), Әбілқайыр (Ақтөбе), Абылай хан (Алматы), Бейбарыс сұлтан (Атырау), Шақшақ Жәнібек (Арқалық), Қаракерей Қабанбай (Рождественка, Астана), Әйтеке би, Қазыбек би, Төле би (Астана), Уәлиханов (Кішкенекөл, Солт. Қазақстан обл.), Абай-Шәкерім (Семей), Абай (Астана). Бұл ескерткіштердің пайда болуы ұлттың тарихи танымының жаңғырып, рухани мұраларға деген ынтасының өскендігін байқатады. 2001 ж. 27 тамызда Алматы қ-нан 35 км қашықтықта Алматы – Бішкек тас жолының бойынан қазақ халқының жоңғарларға қарсы соғысына арналған мемориал ашылды. Бұл ескерткіш 300 жыл бойы жоңғар басқыншылығына қарсы тұрып келген қазақ халқының ерлігі мен бірлігін танытады. Тәуелсіздік кезеңіндегі ескерткіштердің екінші тобы қазақ халқының белгілі қайраткерлеріне арналған. Мұның қатарына А.Байтұрсынов (Қостанай), М.Жұмабаев (Солт. Қазақстан), С.Торайғыров (Павлодар), Қажымұқан (Оңт. Қазақстан), Қ.Сәтбаев (Алматы) ескерткіштері жатады. Үшінші топ ескерткіштерін “қаһармандар” деп атауға болады. Олар Б.Момышұлы (Тараз), Мәншүк пен Әлия (Алматы), С.Нұрмағанбетов (Көкшетау) ескерткіштері. Осы топтың қатарына Астана, Тараз, Шымкент қ-ларындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды кешендерді қосуға болады. Ескерткіштердің төртінші тобы әдебиет және өнер тақырыбын біріктіреді. Соңғы онжылдық ішінде Ж.Жабаевқа (Алматы), Н.Байғанинге (Ақтөбе), М.Әуезовке (Шымкент), А.Пушкин мен Т.Шевченкоға (Алматы) ескерткіштер орнатылды.

Он жылдық тәуелсіздік кезеңінде Қазақстанның көптеген қалалары мен ауылдарының, әсіресе Алматы және Ақмола облыстарының архит. келбеті айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Ірі-ірі әкімш. ғимараттары мен тұрғын-үй кешендері пайда болды. Мемориалдық құрылыстардың арасында жаңа ескерткіштер мен ғылым мен техника, тарих пен мәдениет қайраткерлері тұрған үйлерге тақталар мен құлпытастар қойылды.

Әдеб.: Маргулан А.Х., Из истории городов и строительного искусства древнего Казахстана, А.-А., 1950; Герасимов Г.Г., Памятники архитектуры долины реки Кара-Кенгир в Центральном Казахстане, А.-А., 1957; Акишев К., Агеев Б., Древние памятники Казахстана, А.-А., 1958; Археологическая карта Казахстана, А.-А., 1960; Муканов М.С., Казахская юрта, А.-А., 1964; Байпаков К.М., Ерзакович Л.Б., Древние города Казахстана, А.-А., 1971; Сенигова Г.Н., Средневековый Тараз, А.-А., 1972; Басенов Т.К., Памятники истории и культуры Казахстана, А.-А., 1984; Мендикулов М.М., Памятники народного зодчества Западного Казахстана, А.-А., 1987; Глаудинов Б.А., Сейдалин М.Р., Карпыков А.С., Архитектура Советского Казахстана, М., 1987.

Ә. Тәтіғұлов, Б. Глаудинов

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға