Жаңалықтар

Қазақстандық жас теннисшілер халықаралық турнирлердің чемпионы атанды

18 жасқа дейінгілер арасында төртінші санаттағы ITF жарысында Ерасыл Ерділда үздік шықты
Қазақстандық жас теннисшілер халықаралық турнирлердің чемпионы атанды
Фото: ktf.kz 29.08.2022 16:12 1424

Қазақстандық жас теннисшілер ITF және Tennis Europe сериясы бойынша өткен турнирлердің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды El.kz.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, Шолпан-Атада (Қырғызстан) 18 жасқа дейінгілер арасында төртінші санаттағы ITF жарысында Ерасыл Ерділда үздік шықты.

Ерасыл жекелей сын финалында ирандық Каср Рахманиді ұтты. Есеп 3:0 болып, қазақстандық теннисші жеңіп жатқан сәтте Рахмани матчты жалғастырудан бас тартты.

Жұптық сында қыздар арасында Әдемі Аманкелді қырғызстандық Владислава Андреевскаямен бірге финалда ресейліктер Кристина Белкова - Ксения Крупенинаны ұтты – 6:4, 6:2.

Роберт Каминский өз жанкүйерлерін қуантып келеді. Ол Германияның Кобленц қаласында 12 жасқа дейінгілер арасында бірінші санаттағы Tennis Europe додасында кезекті титулын жеңіп алды. Роберт финалда Иран елінің жас жұлдызы Кираш Садижзадені тізе бүктірді – 6:3, 6:2. Осылайша, алматылық түлек соңғы екі аптада екінші жеңісіне қол жеткізді.

Кобленцте тағы бір қазақстандық Тұрсаид Дәркен жұптық сында финалист атанды. Зара Дәркеннің кіші інісі ирандық К. Садижзадемен бірге соңғы бәсекеде германиялықтар Лиан Бинерт - Макс Гомбекке есе жіберді – 3:6, 6:4, 1:10.

Черногорияда екінші санаттағы осындай турнирде 11 жасар Ясмин Дүйсембаева жартылай финалға дейін жетіп, румыниялық Ясин Строеге жол берді – 6:3, 3:6, 8:10.

Қазақстандық жасөспірімдер, сондай-ақ АҚШ ашық чемпионатына дайындығын тиянақтау үстінде. Биыл жасөспірімдер арасында АҚШ ашық чемпионатының іріктеу сайыстарында Максим Батютенко, Аружан Сағындықова және Сандуғаш Кенжебаева ел намысын қорғайды.

Вашингтон қаласында бірінші санаттағы ITF Juniors жарысында Дана Байдәулет тарихи табысқа қол жеткізді. Екінші айналымда Дана өз жасындағылар арасында дүниежүзілік рейтингіде 37-орында тұрған жапониялық Саяки Ишимен Америка жасөспірімдер додаларының тарихында ең ұзақ матчты өткізді. Д. Байдәулет 4 сағат 52 минутқа созылған кездесуде қарсыласын 7:6 (7:3) 6:7 (5:7) 7:6 (7:4) есебімен жеңді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға