Жаңалықтар

Қазақстандық «Ахыска» түріктері мереке қарсаңында

Қазақстандық «Ахыска» түріктері мереке қарсаңында
19.03.2018 12:47 2283

19 наурызда  Жамбыл облысы ҚХА қолдауымен «Ахыска» атындағы ТЭМБ «Болашақ» колледжінде Ұлыстың ұлы күні – Наурызға арналған Фестиваль ұйымдастырды. ТЭМБ-ң жастармен жұмыс жөніндегі жетекші – Фарманова Зульфияның ұйымдастыруымен өткен Фестивальге ҚХА ЭМБ-ң төрағалары мен мүшелері, Аналар, Ақсақалдар, Қоғамдық кеңесінің және «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелері және БАҚ шақырылды.

Аталған Фестивальде 10-ға жуық түрлі этнос өкілдерінің салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары көрсетілді.

Сонымен қатар түрік этносының «Құда түсу» және «Үйлену тойындағы»  салт-дәстүрлері көрсетілді.  

Әр халықтың өзіндік салт-дәстүрлері әдет-ғұрыптары бар. Түріктердің «Құда түсу» дәстүрінде қыздың келісім беру-бермеуі жігіт  үшін үлкен сынақ. Сол себепті жігіт қыздың ойын білу үшін алдын ала алма беріп жібереді. Қыз көнген болса, жауап ретінде өз орамалын салып жібереді. Алайда екі жастың қосылуы тікелей қыздың әкесінің қолында. Ұлдың әкесі туыстарының арасынан екі-үш сыйлы азаматтарды ертіп, қыздың әкесіне жолығып, дастарқан басында келген шаруасын айтады. Үйлену тойына дейін жігіт қызға жүзік, сақина, орамал, тағы да басқа сыйлы сыйлықтар жіберіп тұрады. Қалыңдық жігіттің сыйлаған жүзігін саусағына салып «нишанлы», яғни некесі қиылған болып саналады. Той болардың алдында қалыңдықтың қол-аяғын хынамен бояйды, қыз «Хналы» атанады. Қалыңдықты жігіттің үйіне келгеннен кейін отбасына таныстыру салты - «Беташар» рәсімі жасалады. Үйлену тойына байланысты мерекенің өзіндік ерекшеліктерін былайша талдап түсіндіруге болады. Оларды жүйелеп айтатын болсақ: «Құда түсу» (кыз истеме), «Келісімге келу» (сөз кесімі), «Атастыру» (нишан дейшмек), «Шарт жасау» (кесім кесмек), «Хна» түні (хна геджесі), қалыңдықты күйеу жігіттің үйіне әкелу рәсімін қарастыру (меслехет), «Келін түсіру» тойы (гелин гетирмек), «Келіннің бетіндегі орамалды алу» ( дувак ачымы), «Күйеу бала болу» (эинштелие гитмек), «Құдалық» немесе екі жақ бірін-бірі шақырып сыйлау (аяқдөнді).

Үйлену тойы кезінде көпшілік алдында қалыңдық пен күйеу жігітке бір-біріне деген сүйіспеншілігін, нәзік ілтипатын көрсетуге тыйым салынады. Екі жас келген кезде қалыңдықтың жеңгелері нан, тұз және жеміс жидек салынған табақпен билеп қарсы алу рәсімі бар.

Қалыңдық үй табалдырығын аттаған кезде жолдас жігіт қонақтармен таныстырады. Қолына пышақ алып, келінді айналып «Келіннің басын кесейін бе, тілін кесейін бе?» деп сұрайды. Көпшілік «тілін кес» деп айқайлаған соң, басына қабат қабат оралған орамалдың ұшын кесіп жібереді. Бұл ғұрып келіннің тілі қысқа болып, артық әңгіме айтпай, мәдениетті болып, үлкен-кішіні сыйлап өтсін деген мағынада жасалынады. 

Түріктер әйел тәрбиесіне қатал қарайды. Келін, жігіттің ата-анасына, оның туыстарына бағынышты болады, олар өз қыздарының ар намысы таза болуын қадағалайды. 

Түріктің әйелдері ер азаматтың алдын кесіп өтпейді, басып озбайды, бөтен еркекке өздігінен бірінші болып тіл қатпайды.

Фестивальдің соңы әр этнос өкілдерінің халық әндерін орындаумен өз мәресіне жетті.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға