Қазақстанда тауарлардың импорты кезінде қосылған құн салығынан босатуды қолдану шарттары өзгерді
Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді
Қазақстанда тауарлардың импорты кезінде қосылған құн салығынан босатуды қолдану шарттары өзгерді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді,– деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
– Енгізілген өзгерістер жанама салықтарды төлеу мерзімі өзгертілген және талаптары орындалған тауарлардың импорты кезінде қосылған құн салығынан босатуды қолданатын тұлғалар қатарын кеңейтеді. Енді бұндай тұлғалар қатарына уәкілетті экономикалық операторлар енгізілді. Сондай-ақ, көлік құралдарының жүк бөліміне электрондық сәйкестендіргіштерді (навигациялық пломбаларды) орнатуды міндеттейтін шарттар алынып тасталды, – делінген ведомство хабарламасында.
Комитет ЕАЭО-қа мүше мемлекеттер аумағына одан әрі экспорттауға арналған тауарларды қосылған құн салығынан босатуға мүмкіндік беретін жаңа шарт пайда болғанын да мәлімдеді. Тауарларды әкелу туралы өтініште (1-бөлімі кестесінің 6-бағанында) және электрондық шот-фактурада (8-бағанының G бөлімінде) көрсетілген тауар құны тауарлар декларациясында (45-бағанында) көрсетілген тауар құнынан төмен болмаса, қосылған құн салығынан босату алуға болады.
Жаңашылдықтар 11 шілдеден бастап қолданысқа енеді.
