Жаңалықтар

Қазақстанда коронавирус індетінің таралуы 3,6 есеге өсті

Алматы және Нұр-Сұлтанда ауырғандар саны көбейіп жатыр
Қазақстанда коронавирус індетінің таралуы 3,6 есеге өсті
Фото: ашық дереккөз 30.06.2022 18:21 1713

Қазақстанда алдыңғы аптамен салыстырғанда коронавирус індетінің таралуы 3,6 есеге, яғни, 127-ден 457 жағдайға дейін өсті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды El.kz

Таратылған мәліметке қарағанда, COVID-19 ауруының таралуы басқа елдерде де өсіп келеді. Мәселен, коронавирус инфекциясына қатысты әлемдік статистика деректері бойынша соңғы 7 күнде індет жұқтыру көрсеткіші 15 пайызға, өлім-жітім 3 пайызға өсті.

«Соңғы аптада Қазақстанда індетті жұқтырудың 457 жағдайының 391-і немесе 85 пайызы Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына тиесілі. Жүргізілген талдау кезінде пациенттердің 80 пайызы КВИ-ге қарсы вакцина алмаған адамдар екені, сондай-ақ вакциналаудан кейін 6 айдан астам уақыт өткен адамдар екені анықталды. Бұл деректер вакциналау КВИ инфекциясынан қорғаудың және ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың жалғыз тиімді қадамы екенін көрсетіп отыр», - делінген министрлік мәліметінде.

Қазір тәулігіне 20-21 мың екпе жасалады. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасып келеді.

«Республикада коронавирус инфекциясына қарсы үш вакцина бар. Жалпы 2,3 млн доза екпе қамтамасыз етілді. КВИ бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдайды қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе, коронавирус ауруы бойынша жоғары тәуекел тобына кіретін адамдар ревакцинациядан өткені дұрыс», - делінген хабарламада.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға