Жаңалықтар

Қазақстанда билік өкіліне бағынбағандарға жаза күшейтілді

Фото: trk.sud.kz
Қазақстанда билік өкіліне бағынбағандарға жаза күшейтілді
08.06.2022 15:05 1893

Қазақстанда билік өкіліне бағынбау, күш қолдану үшін жауаптылық күшейтіледі, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.

Мәжіліс отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы екінші оқылымға шығарылды.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Гүлнар Бижанова Мемлекет басшысының 11 қаңтарда Мәжілісте берген нақты тапсырмаларын іске асыру жөнінде айтып берді.

«Қаңтардағы оқиғалар азаматтардың, оның ішінде қызметкерлердің өзінің және жақын туыстарының құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық беріп, құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша шара қабылдау қажеттігін көрсетті. Осыған орай, депутаттар құқық қорғау блогымен бірлесіп, күштік блок қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын, олардың басшыларының жауапкершілік деңгейін, әлеуметтік қамтамасыз етуді күшейту, ынталандыру және олар үшін уәждемені арттыру бойынша бірқатар түзетулер әзірледі», - деді Г. Бижанова Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттың айтуынша, бұл түзетулерді шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Бірінші блок – қызметкерлердің құқықтық қорғалуына қатысты болмақ.

«Атап айтқанда, Қылмыстық кодекске енгізілетін түзетулер арқылы билік өкіліне бағынбағаны, оған қатысты күш қолданғаны, төтенше жағдай кезіндегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде және терроризмге қарсы операция жүргізу аймағында қызметкердің өміріне қолсұғушылық үшін жауаптылық күшейтіледі. Жоғарыда аталған жағдайларда қорқыту мен күш қолдану үшін де жауаптылық артады», - деп түсіндірді депутат.

Екінші блок күштік құрылымдардың шешім қабылдаудағы дербестігін күшейту және олардың басшыларының жауапкершілігін арттыру мәселелерін шешеді.

«Біз бірқатар заңдарға, атап айтқанда Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге, «Төтенше жағдай туралы», «Әскери жағдай туралы», «Ұлттық ұлан туралы» және басқа да заңдарға өзгерістер енгізуді ұсынамыз. Жаңа құрамдар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Мысалы, «Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның немесе құқық қорғау органының немесе арнаулы мемлекеттік органның өзге де басшысының қызмет бойынша әрекетсіздігі». Санкцияның жоғарғы шегі – 7 жылға бас бостандығынан айыру. Келесі – «Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындаудан бас тартуы немесе жалтаруы» деп аталады. Санкцияның жоғарғы шегі – 10 жылға бас бостандығынан айыру», - деді Г. Бижанова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға