Қазақстанда 900-ден астам адам жол апатынан көз жұмған
Осы жылдың алты айында 6 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген
Елімізде жыл басынан бері жол апатынан 900-ден астам адам қайтыс болды, оның 89-ы – жасөспірім, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің мәліметіне сүйенсек, осы жылдың алты айында 6 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. 8 мыңнан астам адам жарақаттанып, 900-ден астамы қаза болды. Жол-көлік оқиғаларының 1 426-сына кәмелетке толмағандардың қатысы бар. 89 жеткіншек қаза болып, 1 678 жасөспірім әртүрлі дене жарақатын алған.
«Балалар көбіне жол-көлік оқиғаларынан жолаушы ретінде зардап шегеді. Себебі, жүргізушілер автокөлікте балаларды тасымалдау ережесін сақтамайды. Ата-аналардың немқұрайлылығы тағы бар. Алты айда 735 бала жаяу жүргінші ретінде, 588 бала көлік жолаушысы ретінде жол апатына ұшырады», - дейді ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Айтуынша, жол-көлік оқиғаларының 95%-ы жүргізушілердің қозғалыс ережелерін сақтамауынан болады. Басым көпшілігі жылдамдықты межеден асырады, жол белгілерін елемейді, маневр жасау ережелерін бұзады, рульге ішімдік ішіп отырады, сондай-ақ жолаушылар тасымалына салғырт қарайды.
