Жаңалықтар

Қазақстандағы орыс әдебиеті

Қазақстандағы орыс әдебиеті
27.08.2014 09:17 6673

Қазақстандағы орыс әдебиеті

Өзге де ұлт өкілдерінің шоғыр-шоғырымен шұбатылып келіп, қазақ тағдырына араласып кеткеніне де ғасырдың өлшем болатын уақыты жетті. Қазақ секілді құм кешіп, қу мекиен шөл басып, Қытай қашып, Ауған аспаса да, басым бөлігі өз ықтиярымен де емес, бір түнде берілген саяси бұйрықтың тегеурінімен вагонға тиеліп телім-телім болып тентіреп келіп, жат жерде жүріп өмір жалғастырып, ұлтты тұтастыру мен сақтап қалудың ең үлкен құралы ретінде олар руханиятын дамытуды ұмытқан жоқ. Әсіресе, әдебиеті мен өнерін. Өйткені, бір ұлттың әдебиеті дегеніміз – сол ұлттың асқақ рухы.

Қазақ жерінің қуаты мен қасиеті орыс әдебиетіне Павел Васильев пен Иван Шухов, Иван Щеголихин мен Николай Корсунов, Валерий Антонов пен Морис Симашко, Евгений Курдаков пен Надежда Чернова сияқты дара дарындарды сыйлады. Қазақстан жазушылар одағы құрамында 1933 жылдан орыс әдебиетi секциясы жұмыс iстей бастады. Сол жылдардан бері қазақ әдебиетіне өз үлестерін қосып келе жатқан әдебиет қайраткерлеріне тоқталып өтсек.

Шығыс Қазақстан облысының тумасы Павел Николаевич Васильев (1910-1937) - ақын. Саяси қуғын-сүргін құрбаны. Алғашқы өлеңдері 1926 жылдан бастап жариялана бастаған. «Алтын барлауында» (1930), «Тайга адамдары» (1931) атты очерктер жинағы, «Астрахан хаттары», «Еділ атырауында», «Арал очерктері» жарық көрген. Васильевтің «Салт аттылар», «Бүркітпен аң аулау», «Серке туралы жыр» т.б. қазақтың аңыз-әңгімелеріне құрылған шығармалары «Песни киргиз-казахов» ("Қырғыз-қазақ әндері", 1932) ұжымдық аудармалар жинағына енген. Мұқан Башметов деген бүркеншік атпен «Бал ашу», «Айырылысу», «Мен, Мұқан Башметов бір кесе қымызды сіміргенде», «Ертіс бойында», «Семей түбіндегі бақша», «Қоянды жәрмеңкесі» өлеңдерінің авторы. І.Жансүгіровтің «Дала» поэмасынан «Арнауды» («Посвящение») орыс тіліне аударған, сонымен бірге татар, башқұрт, чуваш, тәжік, т.б. тілдерден аударма жасаған.

Шухов Иван (1906–1977) қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Преснов стансасында туған. «Горькая линия» романы 1931 жылы екі кітап болып шыққан. Одан кейін «Октябрь» журналы «Ненависть» романын жариялады. 1935 жылы «Родина», кейінірек «Действующая армия» романдарын жазды. Ұлы Отан соғысы жылдары Преснов аудандық газетінің редакторы болды. Сол кездері «Письма Сибирским казакам» атты повесі дүниеге келді. 50-жылдардан бастап оның жаңа кітаптары «Покорители целины», «Золотое дно», «Целинные будни», т.б. бірінен кейін бірі жазылды.

Щеголихин Иван 1927 жылы 1 сәуірде Қостанай облысы, Қарабалық ауданы, Новотроицк селосында туған. Алғашқы әңгімесі «Профессор қызы» «Советский Казахстан» (1954) журналында басылды. Ол С.Сейфуллиннің, С.Мұқановтың, Ғ.Мұстафиннің, Х.Есенжановтың, Ә.Шәріповтің, М.Ғабдуллиннің, С.Талжановтың, ұйғыр жазушысы Х.Абдуллиннің романдары мен повестерін, сондай-ақ М.Әуезовтің, Т.Ахтановтың, Ж.Жұмахановтың, Р.Райымқұловтың, Т.Нұртазиннің әңгімелерін аударған.

Корсунов Николай 1927 жылы 27 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы, Приурал ауданының Красноармейск қыстағында туған. Көптеген очерк, фельетон, репортаждар жазған. 1961 жылы алғашқы повесі «Родник рождает реку» деген атпен жеке кітап боп шыққан. Бұдан соң бірнеше повесть, әңгіме, романдары жарық көрді. М.Шолоховтың өмірі мен шығармашылығы жайлы очерктері көптеген тілдерге аударылған.

Антонов Валерий 1933 жылы 25 сәуірде Өзбек КСР-нің Андижан қаласында туған. Қазақ тілінен орыс тіліне бірқатар өлең жинақтарын аударған. 1978 жылы «Жазушы» баспасынан қазақ тіліне аударылған өлеңдер жинағы жарық көрді. Бірнеше медальдармен марапатталған. Шығармалары: День рождения. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1956; Перекресток. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1961; Отзовись, назовись. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1967; Старый посох. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1976; Золотые ворота. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1983.
            Симашко Морис (Шамис Морис) (1924–2000) 18 наурызда Одесса қаласында туған. 1948–1950 және 1957 жылдары «Қиыр оңтүстікте» және «Дала комиссары» (Ә.Әлімжановпен бірге) пьесалары қойылды. «Қарақұмда» (1958), «Фрагидің арбауы» (1960), «Қажы Һаям», «Емшон» атты тарихи повестері, «Маздақ» (1968), «Комиссар Жангелдин» (1978), «Қоңырау» (1982), «Семирамида» тарихи романдары жарық көрді. Сценарийлері бойынша «Дашкаладағы оқиға» (1964), «Қарақұмда» (1965), «Бейбарыс» (1989), «Гу-га» (1989) кинофильмдері түсірілді.

Курдаков Евгений 1940 жылы 27 наурызда Орынбор қаласында туған. «Ертіс қызы», «Менің жайқалған бағым», «Менің мәңгілік жағалауым» атты жыр жинақтары жарық көрген. «Орман мен балта» атты табиғат қорғау тақырыбындағы кітаптың, «Флористикалық этюдтер» атты философиялық эсселердің авторы.

Чернова Надежда 1947 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауылында туған. Өлең жазумен бірге аудармамен де шұғылданады. К.Ахметованың өлеңдерін орысшалап, жеке кітап етіп шығарды. Өлеңдері қазақ, украин, якут, болгар тілдеріне аударылған. 2008 жылы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты болды. «Құрмет» орденінің иегері.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға