Жаңалықтар

Қазақстандағы неміс әдебиеті

Қазақстандағы неміс әдебиеті
30.07.2014 04:49 7540

Қазақстандағы неміс әдебиеті

«Ассамблеяның ең басты міндеті еліміздегі қоғамдық келісім болып саналады. Ал ұлтаралық татулық мәселесі Ассамблеяның сан қырлы қызметінің бір парасы ғана. Қазақстандағы қоғамдық келісімнің алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстағанымыз абзал. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек», – дейді елбасы Н. Назарбаев.

Еншісіне егемендік бұйырып, тәуелсіздік жаңадан ту тіккен жылдары Қазақстандағы немістер саны жөнінен қазақ және орыс ұлттарынан кейінгі үшінші орында еді. Бүгінде Қазақстанда 300 мыңға жуық неміс ұлты бар. Кеңес дәуіріндегі қайта құру уағында олардың көбі тарихи Отандарына кетсе де, кейін біраздары қазақ топырағына қайта оралысты. Олар қоғам өмірінің барлық салаларына араласты. Елбасы: «Ұлттық бірлігін нығайту үшін интеллигенция қызметі ерекше маңызға ие. Дәл осы интеллигенция қоғамды тұтастырудағы рухани процеске басшылық жасай алады», – деген болатын. Елбасы айтып отырған интеллигенция өз кезегінде неміс ұлтының арасынан да шығып отырды. Олар қазақ әдебиетінің дамуына елеулi еңбек еттi. Қазақстандағы немістердің әдебиеті сонау одақ кезінен бастау алады. 1966 жылы «Фройндшафт» газетiнiң шығуы, «Қазақстан» баспасында (Алматы) немiс әдебиетi редакциясының құрылуы (1967 жыл), Алматыдан немiс тiлiнде радио хабар таратылуы (1958 жыл), сондай-ақ Қарағандыда немiс тiлiнде телевизиялық хабардың әуе толқынына шығуы, Темiртау қаласында немiс театрының ашылуы (1980) – осылардың бәрi Қазақстандағы немiс ұлты өкiлдерiне жасалған қамқорлық болды. 50-60 жылдары Қазақстандағы немiс жазушыларының шығармаларында поэзия жанры ерекше өркендедi. Рудольф Жакмьеннiң, К.Вельцтiң, И.Варкентиннiң, Н.Ваккердiң, Г.Генкенiң, Д.Левеннiң, Р.Франктiң, Э.Ульмердiң, Р.Лейстiң, Н.Ваккердiң, О.Пладерстiң, т.б. жыр жинақтары, А.Реймгеннiң, В.Клейннiң, Д.Гольманның, А.Дебольскийдiң, Г.Бельгердiң, К.Эрлихтiң, Г.Гольманның прозалық кiтаптары жарық көрдi. Абай шығармаларын неміс тіліне аударуға неміс ақындары - Герберт Генке, Зени Эстеррейхер, Роза Пфлюг елеулі үлес қосып жүр. Енді осы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына тоқталайық.

Генке Герберт (1913–1999) – 14 қазанда Ресейдің Житомир облысы, Ярунск ауданы, Анетал селосында туған. 1937 жылы Энгельс қаласындағы педагогика институтын тамамдайды. Содан кейін неміс тілінде шығатын журналдар мен газеттердің редакцияларында, Қазақ радиосында қызмет істеген. Алғашқы өлеңдері мен әңгімелері 1935 жылы, «Фрау Волга» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1938 жылы жарық көрген. Бірнеше медальдармен марапатталған.

Шығармалары: Фрау Волга (неміс тілінде). М., «Правда» баспасы, 1938; Көктем (неміс тілінде). М., «Правда» баспасы, 1939; Бал мерекесі (неміс тілінде). А., «Қазақстан», 1967; Көгілдір жаңғырық (неміс тілінде). «Қазақстан», 1970; Алхорылар (неміс тілінде). А., «Қазақстан», 1973; Баспалдақ (орыс тілінде). Өлеңдер. А., «Жалын», 1985; Таңдамалы. Өлеңдер мен әңгімелер. А., 1988; «Круговорот». Стихи. А., 1990.

Реймген Александр (1916–1991) – 18 қарашада Қырым облысының Қызыл гвардия ауданында туған. Феодосия педагогикалық техникумын бітірген. Мұғалім, көркемдеуші суретші болып қызмет істеді. Мәскеудің шет тілдері педагогикалық институтын сырттай оқып бітірген. Алғашқы очерктері мен өлеңдері 1936 жылы «Неміс орталық газетінде» (Мәскеу) жарық көрді. Поэзиялық және прозалық бірнеше кітаптары Мәскеу мен Алматы баспаларынан шықты.

Шығармалары: Рядом с тобой друзья. Очерки. А., «Қазақстан», 1970; Люди с нашей стороны. Стихи и проза. М., «Советский писатель», 1973; И ни шагу назад. Проза. М., «Советский писатель», 1976; Соленые тропы. М., «Советский писатель», 1979; Последняя рана. Проза. М., «Советский писатель», 1978.

Дебольский Алексей (1916–1997) – 13 қаңтарда Украинаның Харьков қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институтының география факультетін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1945-1954 жж. Совет Армиясы баспасөз органдары мен Германиядағы кеңестік әскери әкімшілігінде қызмет істеген. Шығармашылық еңбегінің бастауы – Берлиндегі «Тэглихе рундшау» газетінде (Германия тұрғындарына арналған кеңестік газет) неміс тілінде 1948 жылы жарияланған очерктер шоғыры. Бұл А.Гуммельс деген бүркеншік атпен жеке кітап боп шыққан (1949, Берлин). 50жылдардың соңы мен 60жылдардың басында А.Стражевский деген бүркеншік атпен орыс тілінде жазған, сондайақ неміс, ағылшын, француз тілдерінен кейбір шығармаларды орыс тіліне аударған. Осы кезеңде өзінің «Истина стоит жизни» (1960) романы мен «От Белого моря до Черного» атты жолсапар очерктер кітабын шығарды. Л.Кернектің «В Индии» (1956) атты очерктер жинағын, М.Лафайттің «Принцесса Клевская» (1959), Г.Нахбардың «Дурная примета» (1963) романдарын орысшалаған. «Туман» романы (1971) және «Такое долгое лето» (1975) әзілсықақ повесі жарық көрді. «Простые смертные» романы «Простор», «Феникс» журналдарында жарияланды (1993–1994). 1966-1977 жж. республикалық «Фройндшафт» газеті редакциясын басқарған. Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен марапатталған.

Ваккер Нелли – 1919 жылы 20 қазанда қазіргі Украинадағы Қырым облысы, Симферополь ауданында туған. 1939 жылы Энгельс қаласында екіжылдық мұғалімдер институтын (неміс тілі мен әдебиеті бөлімшесін), 1965 жылы Омск қаласындағы педагогикалық институтты тамамдаған. Мектептерде, педагогика училищесінде сабақ беріп, ұстаздық еткен. Алғашқы өлеңдері 1962 жылы «Правда» баспасының жанынан шығатын «Нойес Лебен» газетінде жарияланған. Неміс тіліне қазақ және орыс ақындарының өлеңдерін аударған.

Шығармалары: Құрбыларыма (неміс тілінде). А., «Қазақстан», 1969; Сиқырлы қарындаш (неміс тілінде). А., «Қазақстан», 1975; Мойындау. А., «Қазақстан», 1978; Өзіңе деген қалампыр. Повесть, әңгімелер. А., «Жазушы». 1983.

Устинов Альберт – 1932 жылы 26 ақпанда Павлодар облысы, Качир ауданының Осьмерыжск селосында туған. Еңбек жолын 1955 жылы, Қазақ мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін, мектепте орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып бастады. 1958 жылы Қазақстан ЛКЖО Качир аудандық комитетінің бірінші, 1959 жылы Павлодар облыстық комсомол комитетінің екінші, сонан соң бірінші, 1961–1965 жж. Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің хатшысы болған. Альберт Александрович 1965–1968 жж. КОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасында оқыды. 1968–1982 жж. партиялық жұмыста: Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, мәдениет бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1982–1986 жж. республикалық «Казахстанская правда» газетінің редакторы, одан кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі болды. Филология ғылымдарының кандидаты, бірқатар әдеби сын кітаптардың авторы. Халықтар Достығы, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Шығармалары: Море в капле. Критические статьи. А., «Жазушы», 1975, Новый человек: Идеал и реальность. Критико-публицистические статьи. А., «Жазушы», 1978; Точка опоры. Литературно-критические статьи. А., «Жазушы», 1982.

Бельгер Герольд – 1934 жылы 28 қазанда Саратов облысы, Энгельс қаласында туған. Неміс, орыс, қазақ тілдерінде жазады. Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген (1958). 1958–1960 жж. Жамбыл облысының Байқадам совхозындағы орта мектепте мұғалім, 1960–1963 жж. Абай атындағы ҚазПИдің аспиранты, 1963–1964 жж. «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер болды. 1964 жылдан шығармашылық жұмыста, 1992 жылдан неміс тілінде шығатын «Феникс» альманахы бас редакторының орынбасары болған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған (1994–1995). «Ауыл шетіндегі үй» (1973), «Даладағы шағалалар» (1976), «Алты асу» (1977), «Тас өткел» (1988, орыс, қазақ, неміс тілдерінде), «Бауырластықтың жанды бейнесі» (1981), «Созвучие» (1982), «Уақытпен бетпебет» (1985, неміс тілінде), «Мотивы трех струн» (1986), «Гете и Абай» (1989), «Родство» (1991), «Земные избранники» (1995) атты зерттеу еңбектері шыққан. Б.Майлин, Х.Есенжанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Д.Досжанов, т.б. қазақ жазушыларының бірқатар шығармаларын қазақшадан орыс тіліне, А.Раймген, Э.Кончак, Н.Ваккер, т.б. неміс жазушыларының жекелеген туындыларын неміс тілінен орысшаға аударды. Жиырмадай жинақтың құрастырушысы және жекелеген әңгіме, мақалалары енген 25тей жинақтары бар. Қазақстан Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлығының иегері (1988), Қазақ КСРнің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1987), Президенттің бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының иегері (1992), ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес мүшесі. «Парасат» орденінің иегері (1994), Қазақстандағы ПЕН клуб сыйлығының (1996), «Алтын самрұқ» сыйлығының (2007) иегері.

Шығармалары: Лики слова. Эссе. А., «Білім», 1996; Помни имя свое. Мақалалар жиыны. А., «Ғылым», 1999; Тихие беседы на шумных перекрестках. Эссе. А., «Арыс», 2001; Этюды о переводах, И.Жансугурова. А., «Ғылым», 2001; След слова. Әдеби портреттер. А., «Жазушы», 2002; Дом скитальца. Роман. Астана. «Аударма», 2003; Гармония духа. Мақалалар мен эсселер. Москва. «Рус. Книга», 2003; Автобиографические эскизы. А., «Жібек жолы», 2004; Туюксу. Роман. А., «Даик пресс», 2004; Эль. А., «Ғылым», 2005; Плетенье чепухи. Публицистика. А., «Ғылым», 2006; Мұнартау. Әңгімелер. А., «Өлке», 2006; Властительслово. А., «МКА», 2007; Разлад. Роман. А., «Жазушы», 2008; Казахские слова. А., 2009.

Лейс Рейнольд – 1940 жылы Саратов облысы, Франск ауданы, Гссенбах селосында туған. Жетіжылдық мектепті бітіріп, ММКР-де жұмыс істейді, ауыл шаруашылығы техникасының слесарь-жөндеушісі мамандығын алады. Осы мамандық бойынша бес жыл жұмыс істейді, арагідік жүкші және құрылыстарда жұмысшы болады. 1958 жылы орта мектепті бітіреді де, комсомолдық жолдамамен Омск облысы, Пологаевко селосында неміс тілінің мұғалімі қызметіне жіберіледі. 1962 жылы М.Горький атындағы Омбы педагогика институтының неміс тілі мен әдебиеті бөліміне түседі. Институтты бітірген соң бір жыл осы облыстың Новоалексеевка сегізжылдық мектебінде мұғалім болады. 1967 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогика институтына ассистент болып орналасады. Неміс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Оның алғашқы өлеңдері 1963 жылы «Нойес Лебен» және «Роте Фанс» газеттерінде жарияланды. Содан бері баспасөз беттерінде өлеңдері үзбей жарияланып тұрды.

Вайдман Леонид (1940–2001) – 1 мамырда Талдықорған қаласында туған. 1957 жылы орта мектепті бітірген соң, «Красное знамя» газетінің редакциясында қызмет істеді. Қазақ мемлекеттік университетін сырттай оқып бітірген. Одан кейін республикалық «Фройндшафт» газетінің редакциясында қызметкер, газеттің редакторы болған. 1993–1995 жж. «Феникс» альманахының Бас редакторы қызметін атқарған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. 1995 жылы Германияға қоныс аударды. Жетпісінші жылдардың бас кезінде деректі проза жанрымен бірге, беллетристикаға қалам тартады. «Қазақстан» баспасынан төрт әңгімелер мен очерктер жинағы – «Репортер жазбалары», «Өзіңнің досыңның кім екенін айтшы?», «Иуданы сүйіп көр», «Өткен мен болашақ арасындағы сәт» (неміс тілінде) жарық көрді. «Серый туман на рассвете» повесі мен неміс тілінен аудармалары «Жазушы» баспасынан шыққан «В степном краю» жинағында жарияланды.

Эрлих Константин 1948 жылы 24 наурызда Омбы облысының Одесса ауданында дүниеге келген. 1975 жылы Омбы педагогикалық институтының шетел тілдері факультетін бітірген. Мектепте мұғалім, облыстық, республикалық радиода тілші, аудармашы, «Қазақстан» баспасында аға редактор болып істеген. «Эскиз» атты прозалық кітаптың авторы. Мұнымен бірге «Күндей сұлу Күнікей», «Кедейдің үш баласы, «Қазақ халқының ертегілері», «Ұйғыр халқының ертегілері» атты кітаптарды неміс тіліне аударған.

Бұл аталған тұлғалардан басқа қазақ әдебиеті мен мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткерлер жетерлік.

 

Құралай Ахмет

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға