Жаңалықтар

Қазақстандағы авар халқы

Қазақстан – көпұлтты мемлекет
Қазақстандағы авар халқы
05.10.2020 22:30 12516

Бүгінде елімізде түрлі ұлттар мен ұлыстар мекен етеді. Солардың ішінде дағыстандық халықтар қатарына жататын аварлар да бар. Олар Ресей Федерациясының байырғы тұрғындары болып табылады.

Қазақстандағы авар халқы

Қазақстанда Дағыстан халықтарының – лезгиндер, аварлар, лактар, даргиндер, құмықтар, ноғайлар, агулдар, цахурлар, рутулдар, табасарандар, тацтар, кубачиндер, андис, чамалиндер, годобериндер деп аталатын барлығы отыз үш «таулы ел» этностарының он бес өкілі тұрады. Араб тілінен аударғанда Дағыстан «Таулы ел» деген мағынаны білдіреді. Ресейде бүгінде шамамен 912090 авар тіркелген. Аварлар Әзірбайжанның солтүстігінде, Белокан және Закатал аудандарында, Грузияның шығысында, Шешенстанда және Қалмақ Республикасында және Түркияда мекен етеді.

Аварлардың тарихы

Авар хандығы ХІІ ғасырдың аяғында өмір сүрген. Сонымен бірге, Кавказдың оқшауланған таулы алқаптарында «еркін» болғанымен, ханның тәуелділігінде болған. Авар хандығының аумағына ХІІІ ғасырда моңғол-татарлар басып кіреді. Хандық шекаралар ХІV-ХVІІ ғасырларда кеңейіп, нығаяды. Кавказ үшін XVI ғасырда парсы және түрік әскерлері жеңіліске ұшырайды. Кейінгі ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда хандық нығайып, көрші Дағыстан халықтары салық төлеуге мәжбүр болды. Хандықты 1864 жылы Ресей империясы жаулап алып, Авар округі деп атады. Дағыстан Ресейге қосылғаннан кейін аварлар Шамильдің басшылығымен Дағыстан мен Шешенстанның таулы жерлерін азат ету күресіне қатысады. Аварлардың ұлттық шоғырлануы Дағыстан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының құрылуымен жедел жүрді. Кейін 1921 жыл мен 1991 жылдар аралығында Дағыстан Республикасы деп аталды.

 Аварлардың Қазақстанда пайда болуы

Аварлардың Қазақстанға келуі 1877 жылғы көтеріліспен және Сібірге жер аударылған дағыстандықтардың бірінші тобымен байланысты. Осы топтың каторгаға жіберілгендері Қазақстанның солтүстік өңіріндегі сол кездегі Петропавл, Қостанай және Көкшетау облыстарына қоныстанған. Дағыстандықтардың екінші тобы елімізге кәсіппен айналысу үшін келген. Күзде өз еліндегі егінді жинап болған соң, «таулы елдің» адамдары отбасыларын асырау үшін жұмыс іздеп мемлекеттің шеткері аймақтарына кететін болған.

Қазақстандағы авар халқы

Алматыда 1933 жылы алғашқы кәсіпкер пайда болады. Ол Чародин ауданы Дусрах ауылының тумасы – аварлық Тагир Агаев. Оның артынан ағасы, содан кейін туыстары, достары келеді. Осылайша Қазақстанда дағыстандықтардың үлкен тобы қоныстана бастайды. Келесі қомақты топтың Қазақстанға келуі кулактар мен байларды тәркілеу кезеңімен байланысты. Облыстық партия комитеті бюросының 1935 жыл 20 ақпандағы шешіміне сәйкес, 400 бай қожалығы, 1500-ден астам тау халықтары Қазақстан мен Қырғызстанға жер аударылады. Дағыстанның таулы аймақтарынан 1936 жылы Орта Азия мен Қазақстанға 1127 шаруа қожалығы көшірілді. Қызылорда облысына жіберілген «кулактар» көпшілігі Арал теңізінің аралдарына орналастырылды. Онда олар тұз өндіруде, балық аулау кооперативтерінде және балық зауытында адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеді. Дағыстанның астанасы 1942 жылы тамызда майдан шебіндегі аймақта қалды. Және Мемлекеттік қорғаныс комитеті 1942 жылғы 20 тамызда шығарған қаулысымен бұрынғы Двигательстрой ауылындағы (қазіргі Каспийск) Киров атындағы зауытты соғыс майданынан алыс Қазақстанға эвакуациялау туралы шешім қабылдайды. Алматыға әскери-теңіз қаруы – өздігінен жүретін миналарды шығаратын зауыт жабдықтарының негізгі бөлігі мен зауыт өнімдерін шығарумен айналысатын адамдар көшіріледі. Зауыттың аз бөлігі ҚазКСР-нің Петропавл қаласына эвакуацияланды. Отбасыларымен қоса есептегенде шамамен 12 мың зауыт жұмысшылары және барлығы 11,0 мың тоннадан астам станоктар, көлік құралдары және әртүрлі материалдар көптеген жабдықтар көшіріледі. Алматы тұрғындары мен дағыстандықтар ерен еңбектері арқасында 1943 жылдың ІІІ тоқсанында зауыт өз өнімін шығара бастайды.

Аварлардың бір бөлігі Кеңес үкіметінің күштеп қоныстандыру саясатының нәтижесінде қазақ жеріне қоныстандырылады. Айта кетерлік жағдай, аварлар ресми түрде күштеп қоныстандырылуға жатпаған. Бірақ, жер аударылғандардың арасында «қате жер аударылғандар» категориясы болды. Тау халықтарын солардың қатарына жатқызуға болады. Себебі басқа «сенімсіз халықтарды» белгілі бір елді мекеннен, туған жерінен жер аударған кезде, сол жерде тұратын дағыстандықтар да бірге күштеп жер аударылды. Осылайша, соғыс алдындағы және соғыс жылдарында жүрген халықтарды күштеп қоныс аударуы аварларға да, басқа дағыстандықтарға да әсер етті.

Қазақстанда аварлардың пайда болуына қатысты келесі тарихи оқиға – тың және тыңайған жерлерді игерумен байланысты. Комсомолдық жолдамамен тың игеруші-дағыстандықтар келді. Кейіннен Ақтоғай-Дружба жолын төсеген комсомол құрылысының белсенділері болды. Жекелеген азаматтар жоғарғы оқу орындарының жолдамасымен келді.

Саны мен қоныстануы

Аварлар ХХ ғасырдың 20-жылдарында этнос ретінде қалыптасу сатысында болған. Бүкілодақтық 1926 жылғы санақты өткізу кезінде кейбір халықтардың атаулары дәл анықталмаған еді. Сол жылы бірқатар халықтар өздерінің ұлттық ерекшеліктерін жеткілікті дәрежеде нақтылаған жоқ. Себебі ұлт пен этнос атауларының орнына тайпалық және рулық атаулар айтылып жүрді. Осыған орай, Ресей Ғылым академиясының Антропология және этнография институты, Тіл және ойлау институтының ғалымдары Ұлттар кеңесі өкілдерінің қатысуымен ұлттарды анықтау бойынша жұмыстар атқарды. Нәтижесінде аварлар да этникалық және рулық құрамы бойынша нақтыланды. Кейінірек аварларға андийлер, ботлихтер, годобериндер, каралл, ахвахс багулалы, чамалалы, тиндин, дидоицалар, хваршиндер, капучандар, хунзалдар және арчиндар жұрты енді.

Қазақстанда 1939 жылы тіркелген 473 авардың 369-ы (78%) ерлер болды. Авар тілін 469 адам өзінің ана тілі деп санады. Бұл бүкіл этникалық топтың 99,1% құрайды. Халық санағының 1959 жылғы мәліметі бойынша, Алматы облысында тіркелген 119 авардың 70-і (58,8%) өз ұлтының тілін ана тілі деп санаса, 19 адамы – орыс тілін, 33 адам басқа тілді есептеген.

Қазақстандағы 2009 жылы жүргізілген халық санағында 12 мыңға жуық дағыстандықтар тіркелген еді, оның 1202-сі аварлар болды. Қазақстанда аварлар барлық облыстарда кездеседі. Негізгі бөлігі Алматы қаласында, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында тұрады.

Аварлар қандай кәсіппен айналысты?

Аварлықтардың дәстүрлі кәсібіне мал және егін шаруашылықтары (арпа, бидай, қара бидай, сұлы, тары, бұршақ тұқымдар, жүгері, картоп, зығыр, қарасора) жатады. Таулы аймақтарда және тау бөктерлерінде егіншілік мал шаруашылығымен қатар жүрді. Ал таулы жерлерде мал шаруашылығы (отарлы қой шаруашылығы) жетекші рөл атқарды. Бақша, жүзім өсірумен және қолөнермен айналысты. Оның ішінде тоқыма (мата), киізден бұйымдар, кілемдер, мыс ыдыс, ағаштан жасалған бұйымдар, теріден жасалған бұйымдар, зергерлік бұйымдар, темір ұстасы, қару-жарақ, тастан және ағаштан ою, металдан (күміс, мыс, мельхиор) жасау жатады.

Діні мен тілі

Аварлар – сунниттік мұсылмандар. Ана тілі – авар тілі. Ол ибер-кавказ тілдерінің дағыстандық тобына жатады. ХХ ғасырдың басында андо-аидоиндік диалектілері мен аршин тілі ішінара қолданылған. Айта кету керек, Дағыстандағы яфеттік халықтардың неғұрлым ірі бесеуі өз ана тілінде жазба тілі бар және дербес халықтар ретінде қалыптасқан. Олардың қатарына даргиндер, аварлар, лезгиндер, лактар және табасарандар жатады.

Аварлардың ацухс, карак, гид, андал, закатал, хузах, салатав және тағы да басқа диалектілері бар. Олар солтүстік және оңтүстік деп бөлінеді. Әдеби тіл солтүстік диалектінің негізінде қалыптасқан. Жазулары – аварлық. XV ғасырдан бастап арабша, араб жазбасы XIX ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басында кеңінен таралды. Жазба 1928 жылы латын әліпбиіне, 1938 жылы кириллицаға ауыстырылды.

Аварларда кәсіби әдебиет пен өнер жоғары деңгейде дамыған. Фольклордың ішінде эпикалық және лирикалық ертегілер, әндер, мақал-мәтелдер кең тараған. Сонымен бірге жылдам, баяу, ерлер, әйелдер, жұп болып билейтін әр алуан би түрлері бар.

Музыкалық аспаптар: чагчан (иілу), чагур, тамур-пандур (ішекті), лалу (түтікше түрі), зурна, бубен, барабан. Исламға дейінгі наным-сенімдердің қалдықтары табиғат құбылыстарын, қасиетті жерлерді, жаңбыр мен күнді шақыру рәсімдері және тағы да дәстүрлер басқа сақталған.

Дәстүрлі тағамдары

Аварлардың дәстүрлі тағамдарына ұн, ет және сүт тағамдарынан тұрады. Жалпы тағамдар қатарына қайнатылған ет, сүзбе ірімшігі, айран, сарымсақ тұздығы қосылған хинкал, ұннан жасалған ботқалар, бұршақ сорпалары, шөп қосылған қайнатпалар жатады. Тағамға жас етті қолданған. Сарымсақ немесе басқа да шөптерден жасалған дәмдеуіш тұздықтарды пайдаланған. Тағамда маңызды орынды сүт, май, сүзбе алады. Аз мөлшердегі алкогольді сусын, тау алқаптарында жүзім шарабы дайындалды.

Ұлттық киімдері

Дағыстандықтардың ұлттық киімдері дәстүрлі киім болып табылады. Ер адамдар киімі ұзын етік, қысқа жеңді көйлек, шалбар, бешпет, жағасыз ұзын қынама бел шапан, түкті бас киім, қой терісінен жасалынған тон, былғары белбеуді құрады. Аяқ киімі киіз, былғарыдан тоқылды. Әйелдер шалбар, жейделі-көйлек, екі жеңді ұзын көлемді көйлек, чохто бас киімі, түрлі-түсті жамылғы, фабрикадан шыққан орамал, қой терісінен жасалған тон, былғары, киізден немесе тоқылған аяқ киім, жүннен жасалған шұлықтар киген. Ұлттық киімдері кесте, күміс зергерлік бұйымдармен көмкеріліп жасалған.

Тауларды мекен еткен аварлардың өзендерге жақын орналасқан қоныстары кішігірім (30-50 үй), таулы аймақтарда олар едәуір үлкен (300-500 үй), оңтүстік бағыттағы тау жоталарында және жоталардың, жартастардың шыңдарында орташа мөлшерде қоныстанған.

Көбіне тығыз орналасып, үйлері жабық және туннельдерге ұқсайтын тар иілген көшелер бойымен үздіксіз қабырғаны құрайды. Көптеген ауылдарда соғыс мұнаралары болған. Төбесі тегіс саздан құйылған тастан жасалған дәстүрлі үйлері көпқабатты мұнара тәрізді салынған. Олардың әр қабатында бөлек кіреберісі бар, бекіністі үйлер болған. Көбінесе бір үйдің төбесі екіншісінің ауласы сияқты болып қызмет етеді. Орталық тіреу кескіндемелермен ойылып безендірілген. Қазіргі тұрғын үйлері бір қабатты және екі қабатты, көп камералы, темір немесе шифермен қапталған. Және жылтыратылған террассалары бар.

Этномәдени орталықтары

Дағыстандықтар – біртұтас халық. Дағыстандықтардың этномәдени орталықтары барлық таулы аймақтарда тұратын этникалық топтарды біріктіреді. Алматы қаласы және Алматы облыстарындағы барлық дағыстандықтарды біріктіретін Алматы қаласындағы «Горец» Дағыстан этномәдени бірлестігінде дағыстандықтар әртүрлі, бірақ туыстас тілдерде сөйлейді.

Маңғыстау облысының Ақтау қаласында «Дағыстан» және лезгин мәдени орталықтары жұмыс жасайды. Осыған сәйкес орталықтар Қарағанды, Атырау, Нұр-Сұлтан қалаларында ашылды. Алматы қаласындағы мәдени орталықты Хадисхат Мусаниповна Увайсова басқарады. Бұл этномәдени бірлестіктің негізін қалаушы және бұрынғы жетекшісі Мұсаннип Зияутдинұлының қызы Х. Уваисова әкесі бастаған дағыстандықтардың салт-дәстүрін және мәдениетін сақтаудағы әрекетін жалғастырып келеді. Ақтаудағы лезгин орталығын Гаджимагомед Назариевич Селимов, «Дағыстан» орталығын Юсуп Абдурахманұлы Шахшаев басқарса, Қарағанды қаласында Ширинов Ремиз Ширинұлы, Атырау қаласында Мұса Абакарұлы Алишаев, Нұр-Сұлтан қаласында Арислан-Али Магомедұлы Алибков жетекшілік етеді.

Республика облыстарында құрылған мәдени орталықтар 2007 жылы 19 тамызда Қазақстандағы Дағыстан халықтары қауымдастығын құру туралы келісімге қол қойды. Қауымдастық төрағасы болып М.З. Увайсов сайланды.

Бүгінгі таңда Х.М. Уваисованың басқаруындағы қоғамдастық тарихи Отанынан тыс жүрген дағыстандықтарға ата-бабаларының мәдениетін, өзіндік ерекшеліктерін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін сақтау үшін маңызды іс-шаралар жүргізіп тұрады. Сондай-ақ, олар басқа мәдени орталықтардың өкілдерімен бірге Қазақстан Республикасының белсенді азаматтары ретінде көп ұлтты мемлекеттің қалыптасуына қатысады.

Бөлісу:
(Суреттер; ашық ғаламтор көзінен алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға