Жаңалықтар

Қазақстандағы жарты миллион студентті жатақханамен қамту қарқыны еселенбек

Қазақстандағы жарты миллион студентті жатақханамен қамту қарқыны еселенбек
26.10.2018 02:58 2200

Бүгінде ең басты мәселе – баспаналы болу. Әсіресе, ауылдан қалаға күнкөрістің қамын күйттеп келген отбасылар үшін құрқылтайдың ұясындай бөлмеге қол жеткізу үлкен арманға айналған.

Десек те, мемлекет тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру мақсатында бірқатар бағдарламалар қабылдап, оның тиімді жұмыс істеуіне басымдық беріп отыр.

Бұған дейін, яғни, 2003 жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» құрылды. Банкке 30 пайыз салым жинаған кез келген азамат баспанаға ие болуына мүмкіндік туды. Әу баста бұған сенімділікпен қарап, үш жылдың ішінде межелі соманы жинағандар бүгінде өз шаңырағында түтінін түтетіп отыр. Демек, аталған банк арқылы қаншама отбасы ақшасын тірнектеп жинап, өз баспанасының кілтіне ие болды.

Алайда, бұл баспанасыз жүрген жандардың мәселесін түпкілікті шешіп тастады деген сөз емес. Бұдан кейін мемлекет «Нұрлы жер» бағдарламасын қабылдады. Жақында осы игілікті істің жалғасы іспеттес «7-20-25» бағдарламасы өмірге келді. Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Бес әлеуметтік бастама» атты халыққа үндеуінде әуелі баспана мәселесіне баса назар аударды. Әр отбасыға баспаналы болуына мүмкіндік жасауға басымдық берген бірінші бастамасында былтыр 11,2 миллион шаршы метр баспана берілсе де, әлі күнге үйсіз-күйсіз жүргендердің саны көп екенін айтқан еді. Осы тұрғыда «7-20-25» бағдарламасы арқылы жылына 7 пайыздық көрсеткіштен аспайтындай етіп, сондай-ақ, несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін мерзімін 25 жылға дейін ұзартуға ұсыныс жасады. Қазірдің өзінде жаңа бағдарламаға қызығушылық танытып, баспаналы болуға ниеттеніп жатқандардың саны көп. Жақында ғана алғашқы бақытты жан өз үйінің кілтіне ие болғаны ақпарат құралдарында жария болды.

Осылайша, «Нұрлы жер» бағдарламасына біраз өзгеріс енді. «7-20-25» бағдарламасының қабылдануына орай «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалу барысы бұрынғыдан жеңіл әрі тиімді болмақ. Сондай-ақ, тұрғын үйге қатысты барлық коммуникацияны орнату жұмысына қаржы еселеп бөлінеді. Мұнымен қоса, жалға берілетін пәтер санын көбейту үшін бюджеттен қосымша 10 млрд теңге қаржы бөлу көзделген. Әрине, бұл арқылы жыл сайын баспанаға мұқтаж 1 мың отбасының мәселесін шешуге негіз бар.

Баға жағынан салыстырғанда, шалғайдағы өңірлерде арзандау болады. Мәселен, басқа өңірде шаршы метрі — 140 мың теңге болса, ал, Астана, Алматы, Атырау қалаларында баға әлдеқайда жоғары, яғни, 180 мың теңге. Егер бағдарлама сәтті жүзеге асатын болса, 2030 жылға дейін баспана мәселесі бірқалыпқа түсетін сыңайлы.   

  Әуелі жас отбасылар қамтылуы керек

«7-20-25» бағдарламасы көздеген мақсат — жас отбасыларға баспана алуға мүмкіндік беру. Елбасы бағдарламаны қабылдаған кезде де: «Әуелі жас отбасылар көбірек үй алсын. Құрылыс компаниялары тұрғын үйдің бағасын шарықтатпауы тиіс. Керісінше болса, қарыз алған адамның несиесі көбейіп кетеді» деген болатын. Шын мәнінде, бағдарламаға тек баспанасы жоқ Қазақстан азаматтары ғана қатыса алады. Бұл жерде несие алушының төлем қабілеті де ескеріледі. Қазірдің өзінде мамандар бағдарламаға сұраныстың жоғары болатынын айтуда. Тіпті, болашақта бағдарламаның аясын кеңейту жағын да қарастырмақшы. Себебі, «Бес әлеуметтік бастама» – ел тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.  

Әрине, қазір цифрландырудың кезеңі табалдырықтан аттады. Үйде отырып-ақ, есепшоттарды басқарып, банктегі төлемақымен есеп айыруға мүмкіндік мол. Әсіресе, бұл баспанаға кезекке тұрушылардың бейнетін азайта түспек. Алайда, бұған дейін Астана мен Алматы қалаларындағы бөлімдер күніне 2 мыңға жуық адам қабылдаған еді. Тұрғындар ақпараттың аздығы мен түсінбеушілікке бой алдыруы салдарынан көп мәліметке қол жеткізе алмауда. Сол себептен, арнайы түсіндірушілер тобы құрылып, жедел-ғабыл жұмыс істеуге көшкен болатын. Оның 8-інің Алматы қаласында құрылғанын айта кеткен жөн. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқарма төрайымының орынбасары Жанар Жұбаниязованың айтуынша, бөлімшелердің штаттан тыс кеңесшілерінің саны көбейген. «Банкке хабарласқан әр клиенттің сұрағы жауапсыз қалған жоқ. Яғни, олар уақытын босқа кетірмес үшін қашықтықтан бейнебайланыс арқылы кеңес ала алады. Тіпті, бұл қызметті қолындағы ұялы телефонында интернеті бар  кез келген адам пайдалана алады. Мұның көмегімен сайтқа кіріп, қажетті ақпаратты алып, жұмыс істеуіне болады» дегенді жеткізді.

Соның ішінде «Баспана» ипотекалық ұйымына ерекше тоқталған артық болмас. Себебі, бұл біз тілге тиек еткен жас отбасылар мен мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін жандарға арналған. Яғни, осы ұйымның «Жас арман» және «Қамқор баспана» деп аталатын өнімдері «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспанаға қол жеткізгісі келетіндердің алғашқы құятын жарнасын 2 есеге азайтуды қолға алды. 

«7-20-25» бағдарламасы арқылы, әсіресе, жас отбасылар мен мемлекеттік қызметкерлердің үйлі болғанына басымдық береміз. Әрине, жалақысы аз болғандықтан, алғашқы жарнаны құю да аса қиынға соғатынын білеміз. Біз мұны бірауыздан қолдаймыз және оған жергілікті әкімдіктердің атсалысқанын құптаймыз», – деді «Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.

Мамандар бұл жобаны Шымкент қаласында сынап көрді. Екі тарап қыркүйектің басында меморандумға қол қойды. Бұған ерекше көңіл бөлген Шымкент  әкімдігі жыл соңына дейін — 500 млн теңге, ал, 2019 жылға 1,5 млрд теңге бөлуді көздеп отыр. Жергілікті әкімдіктің бұл шарапаты 2 мыңдай жас отбасы мен мемлекеттік қызметкерлерге тиетін болады.

Бір айта кетерлігі, көпшілік үміт еткен жоба бойынша көбінесе сұранысқа аумағы 62 шаршы метр 2 бөлмелі пәтер ие екен. Ал, «7-20-25  бағдарламасы арқылы баспананың орташа бағасы 14 млн 68 мың теңгеге жетеғабыл. Осы пәтерді қарыз алушының орташа жасы — 24 пен 40 жас арасы.

13 тамыз күнгі мәліметте бағдарламаға қатысуға 15,4 миллиард теңге сомасындағы 1323 өтініш келіп түскен. Оның жалпы сомасы 9,7 миллиард теңге болатын 843 өтініш банк арқылы расталды. Қазіргі таңда, «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық несиеге Центркредит банкі, АТФБанк, Bank RBK мен ЦеснаБанк көмегімен қол жеткізе аласыз. Әрине, мамандар бұл бағдарламаны дер кезінде қабылданды және нағыз әлеуметтік топтарға арналған дегенді айтуда. Жылдық үстемесі 7 пайыз болатын бағдарламаның ай сайын төлейтін ақысы да арзанға түседі екен. Бір жағынан, жылдар бойы пәтер жалдап тұрғаннан өз баспанаңа құйған жақсы емес пе?

Бағдарлама тиімді бола түспек

 «7-20-25» бағдарламасына құжат тапсыру науқаны басталғалы бері  жұрттан маза қашқан. Қазірдің өзінде тек дайын құжатқа ие тұрғындар ғана ипотека рәсімдей алады. Пәтердің көбі салынып жатқанда-ақ сатылымға түседі. Бұдан кейін жаңа бағдарлама бойынша берілетін пәтер саны азайып кетеді. Сол себептен арнайы тұрғын үй салу жоспарға ілікті. Яғни, жергілікті әкімдіктерге бөлінген 150 миллиард теңгеге жаңа үйлер бой көтереді.

 «Бүгінде Солтүстік Қазақстан мен Түркістан облыстарында «7-20-25» бағдарламасы бойынша беріліп жатқан ипотека саны көңіл көншітпейді.  Мұнда жаңа тұрғын үй көп емес. Осы мәселені ескерген Ұлттық банк «Баспана» ипотекалық компаниясымен бірлесіп, тиімді өзгеріс енгізуді қолға алды. Ол үшін 150 млрд теңгені бөлу жоспарда бар», деді Қ.Алтынбеков.  Демек, жаңа бағдарламаға сұраныс көп болғанмен, ұсыныс аздық етуде. Неге десеңіз, бүгінге дейін екінші деңгейлі банктерге 26 млрд теңгеге өтінім келіп түссе, оның ішінде 18 млрд теңгенің ипотекасы ғана құпталды. Бұл 1500 пәтер.

«Баспана-Хит» атты жаңа ипотекалық жобасы бойынша баспанға ие болып жатқандар бар. Бұл арқылы нарықтағы пәтерді сатып алуға мүмкіндік мол. Жарна сол қалпы, бірақ, Ұлттық банк өз мөлшерлемесін қоя алады.

Студенттер жатақханамен қамтылуы керек

Елбасы өзінің үндеуінде студент жастарға арналған жатақхана салу мәселесін назардан тыс қалдырмағаны белгілі. Осыған орай жергілікті әкімдіктер іске кірісіп кеткен-ді. Мәселен, 2020 жылға дейін Алматыда 20 жатақхана салынады деп жоспарланды. Оған қала «қазанынан» 65 миллиард теңге бөлінбек. Айта кету керек, бүгінде елімізде 500 мың студент бар десек, оның 140 мыңдайы Алматының оқу орындарында білім алады. Сондықтан, жатақхана мәселесі алматылық студенттер үшін маңызды. Яғни, жергілікті әкімдіктің мәліметінше, 23 мың орын тапшы. «Жастар жылының» жариялануының арқасында 2 мың орындық жаңа жатақхана пайдалануға берілсе, 2020 жылға дейін дәл сондай 20 жатақхана бой көтеруі тиіс. Ал, тоғыз жоғары оқу орны өз еркімен бес мың орындық студенттер үйін салуды мойнына алмақшы.   

Тағы бір тілге тиек ететін жайт, қалада «Алматы жастары» атты бағдарламаның тұсауы кесілгені мәлім. Яғни, бұл бағдарлама қалалық жастарға баспананы жеңілдетілген жолмен жалға алуға мүмкіндік береді. Оны алуға ниетті жастардың жасы 35-ке көтеріліп, оның жүзеге асуына 1 миллиард теңге бөлінді. Осы бағдарлама негізінде жыл соңына дейін 5 пайызбен 100 отбасы өз шаңырағының кілтіне қол жеткізбек. 

Шын мәнінде, мемлекет баспанасыз жүргендер мен жас отбасылардың мәселесін шешуге кірісті. Енді тек жаңа бағдарлама тетігі дұрыс жұмыс істесе, құба-құп. Сондай-ақ, өңірлерде, шалғайдағы тұрғындардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыру қажет. Ол үшін арнайы мобилдік топтардың жұмыс істегені абзал. Бүгінде Елбасының бастамасын бүкіл қоғам қолдап отыр. Ең бастысы, несие алушы баспананы таңдап, орташа бағасын біле алады. Сондай-ақ, тиісті өтінім арқылы банкке келіп, төлем қабілетін растауы керек. Баспана алуға ниетті азаматтың атында басқа үй болмауы тиіс. Осы талаптар ескеріліп, құжат расталып, өткенде ғана несиеге үй алушы көздеген баспанасына қол жеткізе алады. Ал, бұл бағдарлама бойынша құжаты өтпей, үй ала алмағандар мұңаймаса да болады. Себебі, бұған дейін қаншама адамның үйлі болуына септігін тигізген «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өз бағдарламасы бойынша салымшыларын қуантуды жалғастыра бермек.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға