Жаңалықтар

Қазақстанда ҰҚШҰ оқу-жаттығулары аяқталды

Контингенттің барлық шабуылдаушы құралдары әуедегі, жердегі, радиолокациялық, оптикалық-электрондық барлау кешендерінің қолдауымен бірыңғай ақпараттық-жауынгерлік кеңістікте жұмыс істеді.
Қазақстанда ҰҚШҰ оқу-жаттығулары аяқталды
Фото: gov.kz 08.10.2022 00:06 1464

26 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Жамбыл, Алматы облыстарында ҰҚШҰ-ның ұжымдық жедел ден қою күштерінің "Өзара іс-қимыл-2022", "Іздеу-2022", "Эшелон-2022" оқу-жаттығулары өтті, деп хабарлайды El.kz.

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Оқу-жаттығулардың соңғы күнінде біріккен топтың алдында "қарсыластың" шабуылына тойтарыс беру, оған барынша шығын келтіру және қарсы шабуылға шығу үшін жағдай жасау міндеттері тұрды. 

Контингенттің барлық шабуылдаушы құралдары әуедегі, жердегі, радиолокациялық, оптикалық-электрондық барлау кешендерінің қолдауымен бірыңғай ақпараттық-жауынгерлік кеңістікте жұмыс істеді.

"Қорытынды кезеңде ҰҚШҰ-ның Ұжымдық жедел әрекет ету күштері "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының құрамаларымен және бөлімдерімен топтасып, шартты қарсыласты тойтарып, жою жөніндегі бірлескен операцияны пысықтады. Әскери қызметшілер іс-қимылды жүз пайыз пысықтап шықты. Жерүсті әскерлерімен және авиациямен өзара әрекет етуде барлық оқу-жауынгерлік міндеттерді сапалы орындаған зымыран әскерлері мен артиллерия бөлімшелерін ерекше атап өткім келеді", - деп "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Мереке Күшікбаев оқу-жаттығу қорытындысын оң бағалады.

Қазақстан Әскери-әуе күштері мен Ресей әскери-ғарыш күштерінің майдандық және армиялық авиациясы аралас авиациялық топтардың құрамында коалицияның құрлық бөлімшелері атыс жүргізу, бүркемелеу және қамтамасыз ету, тактикалық әуе десантын түсіру, жаралылар мен науқастарды эвакуациялау жөніндегі міндеттерді орындады. 

Су-30СМ көпфункционалды, Су-25 шабуылдаушы жойғыштары, Ми-17, Ми-35М армиялық авиация тікұшақтарының экипаждары шартты қарсыластың жер үсті нысандарына басқарылмайтын және басқарылатын авиациялық зымырандар мен бомбалар жіберіп, оқ жаудырды. 

С-295 ұшақтарымен әскери-көлік авиациясының ұшқыштары әскери мүлікті, оқ-дәрілерді және тактикалық десантты шартты аймақтарға жеткізу тапсырмаларын орындады. 

Оқу-жаттығу барысында тәжірибеде авиациялық-зымырандық соққылардан бастап, ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларға дейінгі түрлі типтегі әуе шабуылының құралдарын тойтарыс беру іс-қимылдары пысықталды. 

Қарсыласты жеңу, жауынгерлік техниканы істен шығару, оқ-дәрілер мен материалдық қорларды жою барысында отшашар, әуе, радиолокациялық, арнайы және оптикалық-электрондық барлау құралдары қолданылды.

Бөлімшелердің шабуылға шығуын танкке қарсы взвод қамтамасыз етті, оның атысымен бекіністі құрылыстар, атыс нүктелері, танктер және жаудың өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылары талқандалып, жойылды.

Авиация соққылары мен артиллериядан оқ ату арқылы бірінші эшелон бөлімшелері шабуылға шығып, қарсыластың қорғанысын бұзды. 

Екінші эшелон құрамында күш-жігерді арттыру үшін Қазақстанның Десанттық-шабуылдау әскерлері мен Беларусьтің Арнайы операциялар күштері міндеттерді орындауға кірісті, олар шартты қарсыластың тобын талқандауды аяқтады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға