Жаңалықтар

Қазақстан жолы – 2050: Өзара тиімді ашықтық қағидаты

Қазақстан жолы – 2050: Өзара тиімді ашықтық қағидаты
30.06.2014 04:35 3463

Бейбіт қатар өмір сүрудің 5 принципін бұлжытпай ұстап келе жатқан бейбіт елдердің бірі – Қазақстан. Өзге мемлекеттің иелік ету құқығы мен территориясының тұтастығына құрметпен қарау, өзге елдерге шабуыл жасамау, өзге елдің ішкі саясатына килікпеу, тең тұрып өзара пайда келтіру, бейбіт қатар өмір сүру және өзара тиімді ашықтық қағидаты – президентіміз Н.Назарбаевтың басты ұстанымы. Бір ғана мысал, Украинада алауыздық оты жарқ ете қалған тұста олардың ішкі саясатына килікпеген ел қалмады. АҚШ бастаған әлем алпауыттары екі көзқараста болып, екі бағытқа (батыс және орыс) бұрылған ел азаматтарына басу айтудың орнына, олардың ішкі саясатына мұрнын тығып, ыдыратуды көздеді. Тіпті, көршіміз, саяси-стратегиялық әріптесіміз, одақтасымыз Ресей Федерациясы Украинаның территориясына басып кіріп, Қырымды тартып алды. Сол тұста әр мемлекет басшылары әртүрлі пікір айтып, әлем халқының басын қатырды. Ал, асықпай, мәселенің мәнісін бағамдап, жеті рет өлшеп бір рет кесіп қана пікір берген, мемлекетті бөлуге емес, бірігуге үгіттеген жалғыз ғана ықпалды президент Н.Назарбаев болды. Сол кезде әлем жұртшылығының алдында президентіміз Н.Назарбаевтың беделі тағы өсіп, ықпалы одан сайын артқан-ды. Бейбітсүйгіш елбасының әлемдік саяси аренада ықпалының артқанының тағы бір көрсеткіші – Еуразиялық экономикалық одақ.

            Президентіміз Н.Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ құрудағы мақсаты – мемлекеттердің достастығы. Бұл туралы ол бір емес, бірнеше рет айтқан. Сонымен қатар, еліміздің экономикалық пайдасы ең бірінші орында.  «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында да президентіміз Стратегия-2050-дегі басты мақсаттарға жетуді көздейтін барлық іс-әрекеттеріміз нақты қағидаттарға негізделуге тиіс екенін айта келіп: «Өзара тиімді ашықтық қағидаты. Біз экономикамызға шетелдік инвестициялар, технологиялар мен инновацияларды кеңінен тартатын боламыз. Инвесторлар үшін жұмысқа қолайлы жағдайлар жасаймыз. Біз дамыған 30 елдің тобына кірудің осы маңызды тетігі арқылы экономикамыздың өңірлік, жаһандық экономикалық жүйемен терең ықпалдасуын айқын көріп отырмыз. Бұл, ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақ қалыптастыруға қатысуымызға, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруімізге байланысты» – дейді. Әрине, Кедендік одақтан айтарлықтай пайда келмегенін білген кейбір негативті ел азаматтары мен кәсіпкерлер Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуын қолдамай жатыр. Дегенмен, Президентіміздің өзі: «Интеграция кедендік кедергілерді жоюға мүмкіндік беріп, бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Сондықтан, біздікі таза прагматикалық мүдде – елді дамыту, экономиканы көтеру және ІЖӨ ұлғайту. Ал, біздің саяси тәуелсіздігімізге келсек, ол мызғымайды, Қазақстан ешкімге егемендігін бермейді. Бірақ белгілі бір экономикалық өкілеттіктерді біз, мысалы, Еропалық одақтағы секілді ұлтүстілік оргондарға беретін боламыз, онда Еурокомиссия кедендік мәселелерді шешеді, сауда, тарифтер, мұнай мен газ тасымалы, электр энергиясы, теміржол және автомобиль жолдары саласын реттейді. Біздің болашақ одақта барлық мәселе консенсустық негізде шешілетін болады. Түпкілікті шешім үшін барлық үш мемлекеттің де келісімі талап етіледі» – деп бұл одақтың болашағына, Қазақстанға әкелер пайдасына кепілдік беріп отырған жоқ па? Ендеше, бәріміз елбасымыздың соңынан ілесуіміз керек. Бұл туралы экономика ғылымдарының кандидаты Лейла Бимендиева «Қазақстан» ұлттық арнасына берген сұхбатында: «Ресей мен Беларусь нарығында бәсекеге қабілеті төмен болып, біздің кәсіпорындар ыдырап кетеді деген ойдан аулақ болу керек. Өйкені, біздің алдыға қойған жоспарымыз, міндетіміз бар. Бірінші, бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарындамыз. Кәсіпорындарымыз ыдырап кетеді, бәсекеге төтеп бере алмаймыз деп айта алмаймыз. Міндетті түрде біз сол нарықтан өзіміздің орнымызды аламыз. Өйткені, біздің елімізде шағын кәсіпкерлікті дамытуға барлық жағдай жасалып отыр» – дейді. Ендеше, Еуразиялық экономикалық одақтан еш қорқудың керегі жоқ. Керісінше, ол біздің кәсіпкерлерімізге беріліп жатқан үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, мемлекетіміздің қуаттылығын арттыруға серпін беретін үлкен жоба болып қалмақ.

Президентіміздің Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеясында ешқашан маниловщина да, болашақ саяси ностальгизмді қалқалау да болған емес. Бұл идеяның негізінде қашан да қандай да бір ізгі ниет немесе мақсаткерлікпен бүркемеленсе де саясаттың экономикаға кез келген зорлық пішінін қабылдамайтын прагматикалық қадам жатыр. Еуразиялық экономикалық одақ жобасында тек сыртқы экономикалық, әскери, саяси, ақпараттық, технологиялық, экологиялық және басқа да қатерлерден ұжымдасып оқшаулану мүмкіндігін ғана көру алысты аңдай алмаушылық болып табылады. Сондықтан, президентіміздің бұл жобасы аса пайымдылықпен, үлкен көрегенділікпен жасалған. Бұған ешкімнің күмәні болмауы тиіс.

Бүгінде «одақ» және «империя басқыншылығы» дейтін дүрлікпелі сөздерден үрейленуді еңсеру керектігін президентіміз ескертеді. Мәселен, НАФТА шеңберіндегі Солтүстікатлантикалық интеграция да үш мемлекет – АҚШ, Канада, Мексикадан тұрады. Бірақ ешкім де АҚШ-тың империялық шамшылдығы туралы сөз қозғамайды. Кейбір батыс сарапшылары Еуразиялық одақ Қытай экономикалық экспансиясы дегеннен қорғану үшін құрылмақшы деп мәлімдеме жасағанда асығыстық танытып отыр. Бұл шындықтан алыс.

Еуразиялық экономикалық одақ құрудың идеясы ертегі емес. 2012 жылдың 1 қаңтарынан біртұтас экономикалық кеңістік құрудың практикалық кезеңі басталған болатын. Шын мәнінде, бірте-бірте үш елдің экономикалық саясатын үйлестірудің тетіктері, қызметтердің, капиталдар мен еңбек ресурстарының, біріздендірілген заңнамалардың трансшекаралық еркін қозғалысын қамтамасыз ету шындыққа айнала бастады. Бизнестің ұлттық субъектілері БЭК-ке қатысушы әрбір мемлекеттің инфрақұрылымдарына теңдей қол жеткізу мүмкіндігін иеленетінін, болашақта біртұтас көліктік, энергетикалық және ақпараттық жүйе қалыптасатынын саясаткерлер мен саясаттанушылар байқай бастады.

Бүгінде әлем интеграцияға мойынсұнып, бірлестікте өмір сүруге бет бұрған. Мәселен, Шығыс Азияда Қытайдың және бірден екі миллиард тұтынушыны қамтитын АСЕАН елдерінің қатысуымен планетамыздағы аса ірі еркін сауда аймағы құрылуда. Қаржы-экономикалық тұрғыда Парсы шығанағы өңірі өзінен өзі ұйымдасып жатыр. Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка елдерінің интеграциясы нығая түсуде. Егемен дамудың 20 жылында Ресейдің, Қазақстанның және өзге де еуразиялық интеграцияға қатысушылардың экономикалары жаһандық экономиканың бөлшегіне айналды.

Президентіміздің Қазақстанды модернизациялануының, ғылыми ауқымды инновациялық экономика құруының маңызды шарты АҚШ-пен, Еуроодақпен, Қытаймен, Азия-Тынық мұхиты экономикалық қоғамдастығы елдерімен инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты белсенді өрістету болып табылады. Жаңа жаһандық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру үдерістерінің маңызды аспектілерін де қаперге алған жөн. Елбасымыздың табанды бастамасымен осыдан екі жылдай бұрын қабылданған ЕҚЫҰ саммитінің Астана декларациясында біртұтас және бөлінбейтін Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік кеңістігін құру мақсаты белгіленген еді. Сондықтан да бүгінде ХХІ ғасырдағы алыс болашаққа, мүмкін тіпті, одан кейінгі ғасырларға бағдарланған еуразиялық интеграция идеясын жаңаша саралау көкейкесті мәселе болып табылады.

Әлем жаңа технологиялық төңкеріс табалдырығында тұр. Бүгінде Қазақстан үдемелі индустриялық-инновациялық даму жолын бетке алды. Мемлекетіміз болашақ ұлттық инновациялық экономиканың негізі ретінде заманауи өндірістік күштердің жаңа құрылымын құруда. Мұндай міндеттер Ресейдің, ТМД-ның өзге де елдерінің алдында тұр. Сондықтан, Қазақстанның біртұтас экономикалық кеңістігі, инновациялар мен қуатты технологиялық серпінділіктің аумағы болуының маңызы зор. Президеніміз Н.Назарбаев Еуразиялық экономикалық кеңістіктің атқарушы органдарын Астанада – Еуразия субматеригінің географиялық кіндігінде тұрған қалада орналастыруды ұсынды. Орталық офистің Қазақстанда орын тебуі жаңа интеграциялық бірлестікке сенбеген көптеген адамдарды күдіктерден арылтады.

Президентіміздің парасаттылығы және табанды еңбегі одақты биік деңгейге жеткізетіні анық. Бір жыл бұрын өткен Еуразиялық экономикалық одақ кеңесінің отырысында президент Н.Назарбаев осы төңіректегі сұрақтарға былай деп нүкте қойған болатын: «Бұрын да айтқанмын, тағы да қайталаймын, ұйымның саясилануына жол берілмейді. Шекара қорғау, миграциялық саясат, қорғаныс және қауіпсіздік жүйесі секілді бағыттар, сонымен қатар, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, азаматтық, әкімшілік және қылмыстық құқық салаларының ешбірінің бұл экономикалық интеграцияға қатысы болмайды. Тәуелсіз мемлекет ретінде біз барлық мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен белсенді қарым-қатынасымызды жалғастыра береміз және одақ бұл тұрғыда бізге кедергі келтірмеуі тиіс». Ендеше, президентімізбен бірге «мәңгілік елге» айналу үшін жарқын болашаққа қадам баса берейік!..

 

 Дінмұхамед Аязбеков

 

            

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға