Жаңалықтар

Қазақстан Республикасындағы білім жүйесінің дамуы

Қазақстан Республикасындағы білім жүйесінің дамуын келесідей кезеңдерге бөліп қарастыруға болады
14.05.2015 06:28 12155

Қазақстан Республикасындағы білім жүйесінің дамуын келесідей кезеңдерге бөліп қарастыруға болады:

Бірінші кезең – 1991-1994 жж. Жоғары білімнің заңдық және нормативті-құқықтық базасының қалыптасуы. Бұл кезеңнің басты міндеті жоғары білім желісін құрып, кадрлар жөнінен шынайы тәуелсіздікке жету, нарық қажеттілігін қанағаттандыру. 1993 жылы ҚР-ның «Жоғары білім беру туралы» заңы қабылданып, 1994 жылы жоғары білімнің көпдеңгейлі құрылымына алып келген мемлекеттік стандарт бекітілді.

Екінші кезең – 1995-1998 жж. Жоғары білім жүйесінің модернизациясы және оның мазмұнының жаңаруы. Жоғары білімнің дамуының концептуалды анықталуы осы кезеңнің басты ерекшелігі болды. Бұл ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңес бекіткен жоғары білім саласындағы мемлекеттік саясат Концепциясынан байқалады. Білім саласы 1997 жылы қабылданған «Қазақстан 2030» стратегиясының 4-басымдығы болып көрсетіледі, жоғары білім саласының мемлекеттік емес секторы дами бастады. «

Үшінші кезең – 1999-2000 жж. Білім беруді қаржыландыру мен басқарудың орталықсыздануы, білім беру ұйымдарының академиялық еркіндігі. Бұл кезеңде білім беру ұйымдарын басқарудың шынайы орталықсыздануы жүрді. Жоғары оқу орнынна қабылдау түбірлі өзгеріп, мемлекеттік тапсырыс бойынша грант бөлу басталды. 1999 жылы жоғары оқу орындарының студенттік контингентін жасақтаудың жаңа әдісі енді, талапкерлер мемлекеттік грантты немесе несиені ұту үшін конкурстан өтуі керек болды.

Төртінші кезең – 2001 жылдан бастап. Жоғары кәсіби білім жүйесінің стратегиялық дамуы және білім саласындағы халықаралық интеграция. Осы кезден белгілі бір мерзімге арналып мемлекеттік бағдарламалар шыға бастады, солардың соңғысы 2010 жылы шыққан 2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының білімді беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы. Қазақстан әлемдік білім беру жүйесіне қосылуға бірнеше қадамдар жасады, солардың ішінде Қазақстанның Болон үдерісіне қосылуы елдің білім жүйесін түбірлі өзгертті.

Еуропа кеңістіндегі және соған жартылай кіретін Қазақстандағы жоғары білімнің дамуына, гармонизациясына үлкен серпіліс берген Болон үдерісі болды. Оның бастауы ХХ ғасырдың 70-жылдарынан басталады, сол кезде Еуропа министрлер Кеңесі білім саласындағы әріптестік жөніндегі алғашқы резолюцияны қабылдады. Болон үдерісінің пайда болуының алғышартына Еуропадағы жоғары білімге арналған бірқатар халықаралық құжаттарды жатқызуға болады. 1988 жылы университеттердің Ұлы хартиясы, 1998 жылы 25-мамырда Сорбон декларациясы қабылданды. 

Үдерістің басталуының ресми күні ретінде 1999 жылдың 19-маусымы қарастырылады, Италияның Болонья қаласында еуропалық 29 мемлекеттің министрлерінің қатысуымен өткен арнайы конференцияда «Жоғары білімнің еуропалық аймағы» немесе «Болон үдерісі» атты декларация қабылданды.

 Қазіргі таңда Болон үдерісіне қатысушы мемлекеттердің саны 47-ге жетті. Ресей Федерациясы 2003 жылы, 2010 жылы Будапештте Қазақстанды Болон үдерісіне қосу жөнінде соңғы шешім қабылданды. Қазақстан – еуропалық білім беру кеңістігінің мүшелері толықтай мойындаған Орта Азиядағы алғашқы мемлекет.

Болон үдерісінің жоғары білім жүйесіне енгізген жаңалығы өте көп, дегенмен ең басты жаңалығы - екі деңгейлі жоғары білім. Деңгейлердің аты аталды – біріншісі «бакалавр» («bachelor»), екіншісі «магистр» («master»). Қазіргі таңда үшінші деңгей қосылған, ол – философия докторы (PhD). «Болон үдерісі еуропалық студенттер үшін шекараны жойып, университет дипломдарының халықаралық деңгейде мойындалып, білім алудың жаңа сатысына көшуге алып келгеніне қарамастан кері тұстар да болып жатты. Мәселен, жаңа стандарттарға көшу көптеген елдер үшін өте ауыр тиді, өйткені әр елдің өзіндік ерекшелігі болды, жай ғана оқушы білімін бағалаудың өзінде түрлі келіспеушіліктер болып жатты. Халықаралық аккредитациялауда біраз қиындықтар туып жатты.

Қазақстан Болон үдерісіне кейіннен кіргеніне қарамастан Ресейден бұрын халықаралық стандарттарды қабылдап үлгерді. Ресей әлі күнге дейін ескі жүйемен оқып келеді. Ескі жүйе бойынша, ғылым жолына түскен ізденушілерге екі ғылыми атақ берілді, біріншісі – ғылым кандидаты, екіншісі – доктор. Ресейдің жаңа жүйеге еркін енбей отырғанының өзіндік себептері бар, қазіргі қалыптасқан білім беру әдісі жүздеген жылдар бойы қалыптасты және бүкіл оқытушы ғалымдар, елдің саяси және білім жүйесі осыған дағдыланған. Жаңа стандарттарға асығыс көшу білім берудің жаңа әдісінің формалды сипатқа айналуын тудыруы мүмкін. Сонымен қатар, кредиттік технология студентке көп құқық беріп, еркін ізденушіні қалыптастырады, ал бұл білім беруде қатаңдыққа сүйенетін Ресей үшін оңай шаруа емес. Бұл қауіптер Қазақстанға да жат емес еді, дегенмен осындай күрделі қауіптерге қарамастан Қазақстан өзінің білім жүйесін тез реформалады. Шынымен де, аталған қауіптер іс-жүзінде рас болып шықты, жаңа жүйеге тек ірі оқу орындары оңай көше алды да, аймақтағы оқу орындары көптеген қиыншылықтарға тап болды. Студенттер түгіл мұғалімдерідің өздері жаңа бағалау жүйесі мен оқыту бағдарламаларын түсінбеді. Дегенмен үлкен қауіптерге қарамастан жаңа қадамға көшу дұрыс шешім болды, себебі бұл жүйе енген күйі қалып қоймайды, ол өзгереді және жыл санап оның кемшіліктері азайып келеді, студенттер де, мұғалімдер де осы стандарттарға сіңісіп барады. 


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға