Жаңалықтар

Қазақстан футболындағы кемшіліктер

Сараптама
29.02.2016 06:04 2886

Қазақстан футболындағы кемшіліктер

Қазақстан футболы «Қара кiтапқа» ендi. Жыл басында халықаралық кәсiпқой футболшылар одағы (FIFPro) «Шығыс Еуропаның қара кiтабы» атты жинақ шығарды. Қазақстан «Қара кiтаптың» қара тiзiмiне енiп, футболы жемқорлық жайлаған ел ретiнде екiншi орында тұр.

FIFPro Қазақстан футболындағы жемқорлықты анықтау үшiн арнайы тәуелсiз зерттеу жүргiзген. Бұл шараға қазақстандық 220 футболшы қатысып, сауалдарға жауап берiптi. Сауалнамаға қатысқан қазақстандық футболшылардың 33,3 пайызы келiсiлген ойындарға қатысқанын айтса, ойыншылардың 44,1 пайызы «Қазақстанда келiсiлген матчтар бар» деп жауап берген. Ал футболшы-респонденттердiң 83 пайызы «жалақымызды уақытында ала алмаймыз» деген. Ойыншылардың 24,1 пайызы «Қазақстан футболында кемсiтушiлiк, расизм бар» деп жауап берiптi.

Бұқаралық ақпарат құралдарында бұл туралы талай жазылды. Қазақстан футболындағы жемқорлыққа шетелдiк мамандар таңғалады. Оған дәлел – 2011 жылы «Астана» командасын жаттықтыруға келген немiс бапкерi Холгер Фах Қазақстан футболындағы коррупцияға шыдамай, өз еркiмен қызметiнен кеткен.

Гений Төлегенов: «Төрешiлердiң де «сатылғаны» жайлы көп деректер бар. Мәселен, бірнеше жыл бұрынғы Қазақстан чемпионатының бесiншi турында «Жетiсу» (Талдықорған) – «Тараз» ойынындағы бас төрешi Сергей Паськоның шешiмдерiне жанкүйерлер қарсы болып, ҚФФ-ға арыз жазған. Оныншы турда қарағандылық «Шахтер» мен оралдық «Ақжайық» арасындағы ойынға төрелiк еткен Марат Искаковтың қызметiне қарсылық бiлдiрiп, «Ақжайықтың» бапкерлер кеңесi федерацияға шағым түсiрдi. Жаттықтырушылар «төрешi «Шахтерге» жақтасты»дейдi. 14-турда «Тобыл» мен «Ертiс» ойынынан кейiн Қостанай облысының әкiмi Нұралы Сәдуақасов төрешi Павел Салийдiң жұмысына наразылық бiлдiрiп, ҚФФ-ға шағым түсiрдi» дедi.

1970-80 жылдары «Қайраттың» қақпасын қорғаған ардагер футболшы Құралбек Ордабаев: «Қазақстан чемпионатын бас-алты жылдан бері қадағалап келемін. Ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс жоқ. Деңгейі өсер емес. «Чемпионаттың деңгейі көтерілді» немесе «Қазақстан біріншілігі дұрыс бағытта келе жатыр» деп айтсақ, қателесеміз. Клубтардың Еуропа жарыстарында нақты нәтиже көрсете алмай келе жатқанына он жылдан асты. Әрине, чемпионат деңгейінің өсуін армандаймыз. Бірақ сол арманға жеткізер жұмыстар федерация тарапынан жасалып жатқан жоқ. Федерацияда чемпионаттың деңгейін өсіретін қаржы бар. Бірақ сол қаржы дұрыс жұмсалмай отыр. Қазақстан құрамасы Еуропада «ұпай таратушы» ел ретінде қалыптасқан. Бұл – шындық. Ішкі чемпионатымыздың деңгейі төмен болса, құраманың ойыны да жүрмейді.  Мысалы, ішкі чемпионаты мықты Испания, Англия, Бразилия құрамалары қазір әлемде мықты. Өзбекстанның чемпионатының деңгейі бізбен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Ал осы елдің құрамасы қазір 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу жарыстарында жақсы ойнап, жолдамадан үміті бар» - дейді.

Қазақстан чемпионатының ойындары стадионға жанкүйер жинай алмайды. Біріншіліктің ойынына көп дегенде он мың жанкүйер жиналады. Ал кей матчтарға екі мың адам келеді. Қазақстанда чемпионаттың ойындарына кіру көп қалада тегін. Кей қалаларда билет құны –  100 теңгеден 500 теңгеге дейін. Осыған қарамастан, стадион толмайды.

Футбол соңғы кездері байлардың ермегіне айналып бара жатқандай. 2002 жылы орыс олигархы Роман Абрамович ағылшынның «Челсиін» сатып алғалы бері осы үрдісті іліп әкетушілер қаптады. Дәл қазір әлемнің азулы да атақты ұжымдарының көбісі миллиардерлердің қолына көшкен. Бертін келе біздің елде де мұндай жағдай орын алды. Бірақ өкінішке қарай, одан ел футболына пайдасынан гөрі зияны көп тиді.

Әзірлеген Майра Садықова

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға