Жаңалықтар

Қазақстан өзін астықпен толықтай қамтамасыз етті - Премьер-Министр

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жинау алаңы 23,4 млн гектарды құрады
Қазақстан өзін астықпен толықтай қамтамасыз етті - Премьер-Министр
Фото: Үкімет 27.09.2022 11:41 1405

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанының алдын ала қорытындылары қаралды, деп хабарлайды El.kz 

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жинау алаңы 23,4 млн гектарды құрады. Оның ішінде астық жинау алаңы 16,1 млн га құрайды.

Оның сөзінше, қолайлы жағдайлар егін жинау науқанының көп бөлігін үзіліссіз өткізуге мүмкіндік берді, нәтижесінде бүгінгі күні республика бойынша барлығы 15,4 млн га дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе жалпы егін жинау алаңының 96,3% жиналды. Орташа түсімділік гектарына 13,0 центнер көлемінде 20,1 млн тонна астық бастырылды. 

Дақылдар бөлінісінде қарайтын болсақ, 12,6 млн гектар алқаптан бидай, 1,4 млн га жерден майлы дақылдар, 164,5 мың гектардан картоп, 149,6 мың га алқаптан көкөніс дақылдары жиналды.

Ауыл шаруашылығы министрі әлеуметтік маңызы бар дақылдардың болжамды жалпы жиналымы республиканың ішкі қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Осы жылдың қолайлы жағдайлары егіннің сапасына оң әсер етті.

Сондай-ақ Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндама жасады.

Премьер-Министрдің айтуынша, егін орағы аяқталып қалды. Түсім орташа жылдық көрсеткіштен жоғары болады деп күтілуде. Жалпы 18 млн тоннадан астам астық жинау жоспарлануда.

«Ендігі міндет – өнімнің сапасын төмендетпей, дұрыс сақтау. Сонымен қатар ішкі сұранысқа және экспортқа қажетті астық көлемін нақты бөліп қою керек. Биыл да Қазақстан өзін астықпен толықтай қамтамасыз етті», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр өнімділіктің оң динамикасын атап өтті: өткен жылы орта есеппен гектарына 9,8 центнер өнім жиналса, биыл 13 центнерді құрап отыр, бұл 30%-ға жоғары. 

«Бұл да болса – дихандарымыздың тынымсыз еңбегінің жемісі. Осы іске атсалысқан ауыл еңбеккерлерін мол өнім жинауымен құттықтап, қажырлы еңбектері үшін алғыс айтамыз», — деді ол. 

Премьер-Министр астық жинау жұмыстарын тез арада толықтай аяқтап,  астықтың сапалы сақталуын қамтамасыз етуді және оны үздіксіз тасымалдау бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

«Өңір әкімдері өнімнің астық қоймаларына уақытылы қабылдануын тұрақты бақылауда ұстасын. Келесі жылға қажетті астық тұқымын толығымен қамтамасыз ету керек», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға