Жаңалықтар

Қазақстан мен шет мемлекеттердегі жол саласындағы тәжірибелер сараланды

Бұл туралы Индустрия және индустриялық-инновациялық даму министрлігі мәлімдеді
Қазақстан мен шет мемлекеттердегі жол саласындағы тәжірибелер сараланды
Фото: gov.kz 09.09.2022 10:36 1196

Қазақстан мен шет мемлекеттердегі жол саласындағы тәжірибелер сараланды, деп хабарлайды El.kz.

«Ашық сағат алаңы» жобасы аясындағы кезекті басқосуда автомобиль жолдарының құрылысы мен ондағы қызмет көрсету бойынша шетелдік және қазақстандық тәжірибе талданып, жан-жақты қарастырылды. Жол саласындағы жобалаушылар, шетелдік компаниялар мен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдерінің басын қосқан жиын бейнебайланыс форматында ұйымдастырылды.

Сан-Диего қаласындағы Калифорния университетінің студенті, қазақстандық азамат Нұрғали Амандықов жиын қатысушыларына АҚШ-тағы автокөлік жолдарының ахуалы турасында әңгімеледі. Оның айтуынша, Құрама Штаттарда 2020 жылы жол желілерін күтіп ұстауға 200 млрд доллар көлеміндегі қомақты қаржы бөлінген. Алайда аталған ел азаматтары жолдардың сапасы мен ондағы қызмет көрсетуге көңілдері толмайтын көрінеді.

«Мен жол саласының маманымын. Сондықтан да осы кәсіп төңірегінде көп ізденемін. Қажетті әрі қызықты мәліметтерді қалт жібермеймін. АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдары қыруар қаражаттың бөлініп жатқанына қарамастан жол саласындағы мәселелер оңтайлы шешім таппай жатқаны турасындағы материалдарды көп жариялайды. Маған АҚШ-та 1 шақырым жолға қанша қаржы бөлінетіні қызық көрінді. Салыстырмалы түрде Солтүстік Дакота Штатын таңдадым. Ол біздің еліміздің климатына өте ұқсас келеді. Талдау барысында анықталғандай, бұл штатта бір шақырым жолға жылына 60 мың доллар бөлінеді екен. Теңгеге шаққанда 26 млн теңге шамасында. Бұл Қазақстанда осыншама аумаққа бөлінетін қаржыдан 20 есе көп», – деді Нұрғали Амандықов.

Калифорния университетінің студенті жол саласындағы жұмысшылардың еңбекақысына да талдау жүргізіпті. Оның сөзіне қарағанда, елімізде қатардағы құрылысшы айына орташа есеппен алғанда 150-200 мың теңге аралығында жалақы алады. Ал АҚШ-тың Солтүстік Дакоте штатындағы дәл осы саладағы орташа айлық көлемі 5 000 доллар шамасында.

Ал италиялық жол компаниясының өкілі Фабио Альмано Қазақстан мен өз еліндегі жолдарға салыстырмалы талдау жасады. Сондай-ақ ол екі мемлекеттің түрлі климаттық белдеуде орналасқанына да назар аударды.

 «Италияда жол құрылысында қолданылатын битумның сапасы мүлде басқа. Оның пенетрациялық қасиеті де өзгеше. Мәселен, қысқы маусымда -17°C-қа дейін суыққа төзімді болып келеді. Ал Қазақстанда ауа температурасы одан да төмен болатыны белгілі. Битумның пенетрациясын -23°C деңгейіне дейін арттыруға болады. Осы орайда тағы бір айта кетерлігі, Қазақстандағы жұмыс маусымының қысқалығына байланысты сәйкесінше оны орындау мерзімі де өте аз», – дейді италиялық құрылысшы.

Сонымен қатар 20 жылдан бері еліміздің жол құрылысында еңбек ететін ол сала бойынша бағамдаған ойымен бөлісті. Фабио Альманьоның айтуынша, еліміздегі жол құрылысы саласындағы соңғы технологиялар 7-8 жыл бұрын енгізілген. Ал Италияда асфальт, қиыршық тас және битум қоспасын даярлау бағытындағы жаңа технологиялар жыл сайын жетілдіріліп, жаңарып отырады.

Сондай-ақ Апеннин түбегіндегі мемлекетте жол құрылысы саласы қатаң бақылауға алынған. Ондағы жолдар негізінен концессия шартына сай төселеді. Осыған орай италиялық кәсіпкер еліміздегі жол құрылысына концессиялық жобаларды көптеп енгізу қажеттігін алға тартты. 

Басқосу барысында ол ақылы жолдардағы бағаларға да тоқталды.

 «Жақында Италияда жалпы ұзындығы 230 шақырымды құрайтын көлік дәлізі арқылы жүріп өтіп, 17 еуро көлемінде ақша төледім. Бұл шамамен 8 мың теңге көлемінде. Ал Қазақстанда дәл осындай қашықтықта жүргеніміз үшін 200 теңге төлейміз. Яғни, Италияда ақылы жолдардағы тариф бағасы Қазақстанмен салыстырғанда ондаған есе жоғары. Бұдан бөлек, Қазақстанда төрт жолақты 1 шақырым жол құрылысының құны орташа есеппен алғанда 1 млн еуро болса, Италияда 5 млн еуро көлемінде», – деп атап өтті Фабио Альманьо.

 «Ашық сағат алаңына» қатысушы өзге де мамандар тақырып төңірегінде өз ойларымен бөлісіп, қордаланған өзекті мәселелерді оңтайлы шешу жолдарын таразылады. Басқосуды ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр қорытындылап, тараптарды еліміздегі автокөлік жолдары саласының дамуына атсалысуға шақырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға