Қазақстан мен Финляндия: ынтымақтастықтың жаңа қыры ашылды
Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-фин үкіметаралық комиссиясының жұмысы барысында, Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрі С. Брекешев пен Финляндия Республикасының Қоршаған орта және климаттың өзгеру министрі М. Охисало ханым экология саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Біздің еліміз көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша әлемдік қаумдастықтың ұжымдық міндеттеріне адал және Финляндияның осы саладағы халықаралық бастамаларын құптайды. Қазақстан фин тарапының бастамасымен құрылған климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі қаржы министрлерінің коалициясына қосылды. Коалицияға қатысу көміртегі шығарындылары төмен тұрақты дамуға әділ көшуді қамтамасыз етуге ықпал етеді деп үміттенеміз», - деді С. Брекешев.
Сондай-ақ, кездесу аясында, Қазақстан 2060 жылға дейін елдің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясының жобасын әзірлегені атап өтілді, онда экономиканың секторларындағы өзгерістерді ескере отырып, парниктік газдар шығарындыларын азайтудың оларды декарбонизациялау мақсатындағы нысаналы көрсеткіштері бар.
Бұдан басқа, ұлттық деңгейде айқындалатын салымдарды (ОНУВ) жаңарту жөніндегі жұмыс аяқталады. Бекітілген стратегия мен ОНУВ осы жылдың қарашасында өтетін БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 27-ші конференциясында ұсыну жоспарлануда.
Осыған байланысты фин министрі Охисало климаттың өзгеруі және биоәртүрлілікті сақтау саласындағы ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды.
Тараптар сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеу, су және орман ресурстарын басқару мәселелерін талқылады.
Одан бөлек, екі жақ 2023 жылы Қазақстанда бірлескен орман форумын өткізуге келісті.
Соңында Қазақстан экология министрі Финляндияның бейінді мемлекеттік мекемелерін, ұйымдары мен компанияларын осы салалардағы бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды.