Жаңалықтар

Қазақстан Конституциялық кеңесінің делегациясы Ұлан-батырда бірқатар кездесу өткізді

Моңғолия астанасында Қ.Мәми Моңғолия Конституциялық Сотының Төрағасы Чинбат Намжил мырзамен де кездесу өткізді.
Қазақстан Конституциялық кеңесінің делегациясы Ұлан-батырда бірқатар кездесу өткізді
Фото: дереккөз 23.08.2022 05:25 844

Қазақстан Конституциялық Кеңесінің делегациясы Азиялық Конституциялық соттар және оған теңестірілген институттар қауымдастығының V конгресіне қатысу үшін Ұлан-Батыр қаласына (Моңғолия) барды, деп хабарлайды EL.KZ.

Конституциялық Кеңестің баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, сапар аясында Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ.Мәми Моңғолияның Ұлы мемлекеттік хуралының Төрағасы Гомбожавын Занданшатармен кездесті. 

Қ.Мәми Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан демократиялық өзгерістер туралы хабардар етті. Моңғолия Парламентінің Спикері парламентаралық диалогтың жоғары деңгейін атап өтті.

Моңғолия астанасында Қ.Мәми Моңғолия Конституциялық Сотының Төрағасы Чинбат Намжил мырзамен де кездесу өткізді.

Кездесу барысында Конституциялық Кеңес Төрағасы моңғолдық әріптесін Моңғолия Конституциялық Сотының 30 жылдық мерейтойымен құттықтады.

30 жыл бойы Моңғолияның Конституциялық Соты Конституцияны қорғап, құқық үстемдігі қағидатын нығайтуда және мемлекеттегі демократияны дамытуда жетекші рөл атқарып келеді. Сізге және сіздің әріптестеріңізге елдегі конституциялық заңдылық режимін бекітуде одан әрі табыстар тілеймін, - деп атап өтті делегация басшысы.

Тараптар бір-бірін Қазақстан мен Моңғолиядағы конституциялық өзгерістер туралы хабардар етті, сондай-ақ конституциялық бақылау органдарының Азиялық және Еуразиялық қауымдастықтары аясындағы өзара іс-қимылдың жалпы мәселелерін талқылады.

 Қ. Мәми қазіргі уақытта Моңғолияның Конституциялық Соты жүзеге асырып жатқан Азия қауымдастығы төрағасының жоғары миссиясының маңыздылығын атап өтіп, Конгрестің табысты өтуіне тілектестік білдірді.

Өз кезегінде, Чинбат Намжил мырза Қазақстан Конституциялық Кеңесінің 2019-2021 жылдары қауымдастыққа табысты төрағалық еткенін атап өтіп, конституционализм қағидаттарын бекіту саласындағы ынтымақтастықтың одан әрі жалғасатынына сенім білдірді.

Конгресс жұмысына Әзірбайжан, Бангладеш, Индонезия, Корея, Қырғызстан, Малайзия, Мальдивтер, Мьянма, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан және басқа елдердің конституциялық әділет органдарының делегациялары қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға