Жаңалықтар

Қазақстан халқы Ассамблеясының қайырымдылық акциялары – өмір ағымына сай қажеттілік

Қазақстан халқы Ассамблеясының қайырымдылық акциялары – өмір ағымына сай қажеттілік
07.08.2019 16:30 6353

2015 жылғы қараша айында Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Қайырымдылық туралы» Заң қабылданды. Дәл сол жылы осы саланы дамыту барысында үйлестіруші және өзге де қолдау көрсету үшін Қазақстан халқы Ассамблеясына заңнамалық өкілеттіктер берілді.

Содан бері елімізде «Үлкен ел – Үлкен отбасы» жобасының аясында жыл сайын «Қайырымдылық керуені» акциясы іске асырылып келеді. Бұл жобада әлеуметтік жағынан әлсіз азаматтарды қолдауға арналған мыңдаған іс-шаралар тоғысқан.

Бүгінгі біздің қонағымыз – Тұңғыш Президент қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Айман Жүсіпова. Біз осы қызмет қорытындыларын және тұтастай алғанда, елімізде қайырымдылықтың дамуын талқылаймыз.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қайырымдылық акциялары – өмір ағымына сай қажеттілік

- Адамдар қайырымдылықты әрқалай түсінеді. Ал ел көлемінде осы қызмет қалай жүзеге асырылуы тиіс?

 - Егер тереңірек үңілсек, қайырымдылық қызметін дамытудың басты мақсаты – ынтымақтастық пен әділдікті дамыту сияқты басты қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру. Қайырымдылық кеңінен таралған елдерде ол әлеуметтік, экономикалық және тіпті саяси салаларда да қоғамдық дамудың қозғаушы күші болып табылады. Себебі, қайырымдылық халықтың маңызды проблемаларына назар аударып, оны шешу жолдарын ұсынады. Бұл ретте маңызды мәселе – қайырымдылық қызметі оны алушыларға ғана емес, сол көмекті көрсетушілерге де қажет. Өйткені соңғыларына жергілікті, ұлттық және ғаламдық деңгейде өзін қоғамның пайдалы мүшесі ретінде сезіну мүмкіндігін сыйлайды. Қайырымдылық қызметімен айналысатын адамдар бергеннен көбірек ләззат алатынын атап өтеді. Олар үшін осындай жобаларға қатысу – қуаныш сыйлау, ой тұңғиығына бойлау.

 - Өкінішке орай, қоғамда «қайырымдылықпен тек бай адамдар мен мемлекеттер айналыса алады» деген жаңсақ пікір қалыптасқан...

 - Қазіргі қоғамда қайырымдылыққа жүйелілік тән. Коммерциялық емес ұйымдарға жәрдем көрсетуші адамдар саны жыл сайын еселеп өсіп келеді. Тіпті әлемдік қайырымдылық рейтингі де бар. Ең қызығы – бұл рейтингте алдыңғы қатарда тұрған ең бай мемлекеттер емес, керісінше, экономикалық жағдайы ауыр елдер. Бұл адамдарға көмек көрсету ауқаттылық деңгейіне байланысты емес екенін дәлелдейді. Ал рейтинг қайырымдылық ұйымдарына ақшалай көмек көрсету, волонтерлік және көмекті қажет ететін бейтаныс адамға жәрдемдесу сияқты көрсеткіштер негізінде қалыптастырылады.

- Қайырымдылықты қалай дамытуға болады?

- Ерікті қайырмалдық жасайтын адамдар берген ақшалар қаншалықты тиімді жұмсалатыны, мұқтаждарға қандай пайда әкелетіні туралы білгісі келеді. Сондықтан бүгінгі таңда қайырымдылық қызметін іске асыру мәселелерінде ашықтықты қамтамасыз етуге баса назар аударылуда.

Бірақ қайырымдылықты дамытуға кедергі келтіретін бір проблема бар, бұл – қайырымдылық жасайтын адамдардың өз қызметін жария еткісі келмейтіні. Олардың ойынша бұл – орынсыз мақтаншақтық. Дегенмен олардың жасап жатқан мейірімді істері басқалар үшін үлгі болары сөзсіз. Зерттеу деректеріне сүйенсек, осындай адамдар үлгісі – қайырымдылықты дамытудың ең пәрменді құралы.

 - Ал Қазақстанда қайырымдылық қызметі қандай деңгейде?

 - Қазіргі таңда Қазақстанда, жалпы дүние жүзінде де, қайырымдылықпен айналысатын ұйымдар саны көбейіп келеді. 2015 жылдан бастап оны жүйелі түрде белсенді жүзеге асырып келе жатқан институттардың бірі - Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қайырымдылық қызметі әлеуметтік жағынан әлсіз азаматтарды қолдауға бағытталады. ҚХА 2018 жылы 2,5 млрд теңгеге 400 мыңнан астам адамға көмек көрсетті. Бұл қызмет әртүрлі құрылымдар мен қоғамдық ұйымдар арқылы жүзеге асырылады. Баршаңызға белгілі, астанамызда және республикалық маңызы бар қалаларда 600-ден астам этномәдени бірлестік, 3014 қоғамдық келісім кеңесі, 1754 аналар кеңесі және 26 жастар этномәдени ұйымы жұмыс жасайды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі қайырымдылық қызметінің үйлестірушісі бола тұра, Меценаттар мен қайырымдылық ұйымдары клубының жұмысын ұйымдастырады. Аталған клубтың көмегімен 2018 жыл бойына 135 қайырымдылық іс-шарасы өткізіліп, оған 18 460 адам қатысты. Осы жұмыс қорытындысы бойынша 78 меценат Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жомарт жан» төсбелгісімен марапатталды. Бұл төсбелгіні Ассамблея Кеңесі арнайы бекіткен.

2019 жылы Ассамблея жанынан астаналық Достық үйінде «Парасат» атты қайырымдылық орталығы ашылды. Ол ресурстық орталық ретінде қызмет етеді. Оның базасында Қолөнер шығармашылығы орталығы, Қайырымдылық орталығы, Баспасөз орталығы, жастар коворкинг орталығы сияқты құрылымдар жұмыс істейтін болады.

Жалпы дүние жүзінде әрі Қазақстанда да қайырымдылық мемлекет тарапынан, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдар, азаматтық сектор тарапынан да жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Бұл – мемлекет пен қоғамның күш-жігері біріктірілетін қызмет бағыты, оның түптамыры – еліміздің дамуы үшін ортақ жауапкершілікті түсінуде.

«Қайырымдылық керуені» күнтізбесі

2019 жылдың басына бері елімізде өтіп жатқан «Қайырымдылық керуені» «Мейірімділікпен бірлікке!» бірыңғай ұранымен өтіп жатқан акцияға келер болсақ, оның әрбір айы мейірімділікті паш ететін белгілі бір қазақ салт-дәстүріне арналып отыр.

Мәселен, қаңтар айының тақырыбы – «Сарқыт». Бұл дәстүрге сәйкес үй иесі той дастарқанынан артылған тағамды қонақтарға үлестіруге тиіс. Сарқыт тарату арқылы, әсіресе қыстың қаһарлы айларында, мұқтаж адамдармен барыңмен бөлісу, сондай-ақ тамақ ысырабына жол бермеу насихатталады.

Ақпан айының тақырыбы – «Сыбаға». Қазақ дәстүріне сай, үй иесі әрбір қонаққа, тіпті кездейсоқ келген жолаушыға да, сый-құрмет көрсетіп, дастарқан жаяды, ас қояды. Қажет болса қол ұшын береді.

Наурыз айының тақырыбы – «Шашу». Бұл өте көңілді әрі әдемі дәстүр. Шашу негізінен үлкен той, мысалға, үйлену тойы немесе құдалыққа арналып шашылады. Көбіне шашуға кәмпит немесе ақша шашады. Шашу ырыс пен береке әкелетін мейірімділік белгісі.

Сәуір – «Асар». Қазақтың ең ежелгі дәстүрлерінің бірі. Егер адам үй салса немесе басқа бір ауқымды жұмыс жасап, аяқтауға үлгермей жатса, туған-туыс, дос-жарандары жиналып, тегін көмек көрсетеді. «Асар» - қазақ халқы бірлігінің, жақындарына деген жанашырлығының айғағы. Қазіргі уақытта осы дәстүр халық арасында кеңінен таралса, нұр үстіне нұр болар еді.

Мамыр – «Қамқор». Бұл – үлкендерді сыйлау, оларға қамқор болу. Акция жастардың бойында ұлтжандылықты, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, жалпы қарияларға деген сыйластықты дамыту, мемлекеттің бейбіт өмір мен келісімге бағытталған саясатына ортақтасуға, рухани және ізгілік құндылықтарын насихаттауға арналады.

Маусым – «Тоқым­қағар». Бұл жас баланы алыс жолға шығарып салуға арналған дәстүр. Туған-туыстар дастарқан жасап, жол жүретін адамға (мектеп түлектеріне, студенттерге) ізгі тілектерін білдіріп, ақшалай көмек көрсетеді.

Шілде – «Ерулік». Жаңадан қоныс аударған көршіні қонаққа шақыруға арналған дәстүр. Ерулік берудің мақсаты – көршілерінің ортаға тез бейімделіп, жатсынбай, жақын араласуына жол ашу. Бұл да бірлік, ынтымақтастық, өзара көмек көрсетуді насихаттайды.

Тамыз – «Жылу». Бұл дәстүр тағдырдың тәлкегіне түскен немесе апаттан (өрт, су тасқыны) зардап шеккен адамдарға мейірімділік, ізгілік және қаржылық қолдау көрсетуге бағытталады.

Қыркүйек – «Көрімдік». Қазақ халқы арасында кеңінен таралған, әрі осы күнге дейін сақталған тамаша салт. Өмірінде жағымды, көңілді оқиға болған адамға өзінің жылы ниетін білдіріп, жаңа киіміне (сатып алған көлігіне, оқу бітіріп алған дипломына) көрімдік беру – қуанышқа ортақтаса білудің белгісі.

Қазан – «Бата». Бұл қарияның, сыйлы адамның рухани тілегі. Осы айда көптеген оқушылар және студенттер үлкендердің ақ батасын алады.

Қараша - «Бес жақсы». Еліміздің ең сыйлы адамдарына (батыр, би және басқаларға) сыйластық пен достық белгісі ретінде бес зат тарту еткен.Осы акция шеңберінде мұқтаж адамдарға қол ұшын беріп, көмек көрсеткен меценаттарға алғыс білдіру жоспарланады.

Желтоқсан - «Кәде». Осы дәстүрге сәйкес байқауға және жарысқа қатысқан қонақтар мен жеңімпаздарға мереке соңында сыйлықтар мен марапаттар беріледі. Жыл соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы дәстүр бойынша қайырымдылық қызметінің қорытындысын шығарып, оған белсене қатысқан адамдарды құттықтайды.

Бөлісу:

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға