Жаңалықтар

Қазақша блогтардың тарихы

Біле жүріңіз
26.02.2016 15:25 4737

Қазақша блогтардың тарихы

Ең алғашқы қазақша блог қашан және қалай пайда болғаны жайында айту қиын, бірақ олардың тек қана Қазақстан территориясында ғана емес, шет елде тұрып жатқан қазақ  блогшылардың веб-күнделіктерін де қосып айту қажет.

2005 жылдың қыркүйек айында ғаламтордағы қазақтілді блогтардың ең алғашқыларына алматылық Эльвираның «Аспаздық» блогын жатқызуға болады. Бұл блог дәстүрлі БАҚ-тағы салалық басылымдарға жақын, себебі тек қана аспаздық тақырыбына арналған. 2006 жылы журналист Асхат Еркімбайдың «Өрімтал» атты блогы – әлеуметтік, саяси, діни тақырыптарды қозғайтын, электронды басылымға ұқсас, бүгінде ең көп оқылатын веблогтардың бірі. Бұл блогтың иесі еліміздің «Ана тілі», «Азамат KZ», «Жас қазақ» сияқты басылымдардың тілшісі болғандықтан, әр материалдың құнды, қызықты, өзекті екені сөзсіз. Алғаш блогжазбалардың ішінде Нью-Йорктағы БҰҰ-ның Бас ғимаратындағы Қазақстанның БҰҰ-дағы елшісі Ержан Қазыхановпен сұхбаты маңыздылығы жағынан бірден көзге түседі. Жалпы, Асхат Еркімбай – қазақ журналистері мен студент-жастар арасынан блогшылардың бірнеше толқынын тәрбиелеп шығарған еңбекқор азамат. Ол өзінің жаңа медиа саласындағы ағартушылық қызметіне қалай кіріскені туралы «Абай» ақпараттық порталына берген сұхбатында былай дейді: «Осыдан бірнеше жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының жас журналистерге арналған шәкіртақысын жеңіп алып, Нью-Йоркта екі айлық тәжірибеден өттім. Оған дейін қазақша сайт ашқым келіп жүрген. Бірақ, ол кезде қаріп мәселесі қиын болатын. Қазақша әріптер көрінбейтін, әрі сайт жасауға қаржы керек еді. Солай ойлап жүрген кезімде Нью-Йорктағы Колумбия университетінің профессоры үш минуттың ішінде «blogspot»-тан блог құрып берді. Мен таңғалып, профессорға «Қазақша жазуға бола ма?» деп едім, «Иә, болады» деді. Қарасақ, блогты қазақша құруға болады екен. Дәл сол күні мен кешкісін алғаш рет Нью-Йоркта бірінші блогымды «blogspot»-та құрдым. Сөйтіп блогты түсіне бастадым әрі оның тегін екені де мені қатты қуантты. Және қазақша әріптері де бар. Сол кезде мен дәстүрлі журналистикадан мүмкіндік жоқ болса, біздің жолымыз, біз сияқты жастардың мүмкіндігі мен болашағы жаңа медиада екенін ұғындым. Зерттей бастасам, бұған дейін қазақ тілінде блогтар құрылған  екен. Моңғолия, Кореядағы қандастарымыздың аспаздық тақырыбындағы блогы маған дейін құрылыпты. Бірақ біз журналист болғаннан кейін, елдің ортасында жүргендіктен мен бірінші көрініп қалдым. Осылайша, блогты насихаттаудың жұмысына белсене кірістім. Неге блогтан бастадым? Себебі, блог арқылы журналистерді жаңа медиаға жақындату керек болды. Қазақ журналистеріне блогты көбірек айтып түсіндіре бастадым. Өйткені, 2006 жылы қазақ тілді және орыс тілді журналистер деген мәселе бар болатын. Бөліну сол кезде басталды. «Қазақтілді журналистер нашар, жазбайды, одан қалса қазақ журналистері екінші сортты» деген сөздер көп айтылатын. Бұл менің намысыма қатты тиді. Содан жарып шығатын жол іздеу керек болды да, оны «Міне таптым, ағылшынша білемін, мынаны істеуге болады екен. Ендеше, осыған кірісейін» деп бел шештім. Соның нәтижесінде, белгілі бір деңгейде орыс тіліне қарағанда қазақ тілінде жаңа медиа көп насихатталды. Бірақ, қазақтілді ортаны орыстілді орта көп біле бермеді. Содан біз не істедік? Өзіміздің ортада бейресми жиналыстар өткізіп жүрдік. Ақыр соңында осындай «Мінбер» атты қордың ашылуына алып келді. Сөйтіп заң аясында жаңа медианы насихаттау үшін ағартушылық жұмысымен айналыстым. Себебі, журналист жаңа медианы дұрыс түсінсе, онда бұқара дұрыс түсінеді. Егер журналистер дұрыс түсінбесе онда бұқара да дұрыс түсінбейді. Сондықтан да біз осы шаруаны қолға алған дұрыс деп шештік». Кейінгі қазақ блогшылар қатарына  «Мәссаған» қазақ ұлттық порталдың әкімшісі Бақытнұр Бәйтелұлының блогы 2007 жылдың сәуірінде, ақтөбелік программист Аршат Оразов 2007 жылдың ақпаңында, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың студенті Қуаныш Мағзұмов 2007 жылдың шілдесінде, алматылық Педагогика ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Салықованың  және атыраулық филолог Анар Әлібаеваның  жеке веб-беттері 2007 жылдың мамыр айында пайда болды. 2007 жылдың жаз айларынан бастап Асхат Еркімбай мен алғашқы қазақ блогшылар көмегімен арнайы блог жүргізуден сабақтар ұйымдастырылды. Мұндай сабақтарға кез-келген сала мамандары мен журналистика факультетінің студенттері қатысты. Бірте-бірте блогинг қазақтілді Интернет пайдаланушылар арасында таралып, сапасы, саны жағынан да өсті. 2007 жылдың қараша айында «Неліктен блог бастадың?» деген сауалнама қазақ блогшылардың ортақ блогы «Блог туралы блогта» жүргізіле бастады.

Әзірлеген Жұлдыз Нұрпейіс

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға