Жаңалықтар

Қазақша өмір сүретін славян отбасы

15.08.2018 12:23 2203

Қазақ халқымен салт-дәстүрлері мен мәдениеті жақын, ұқсас келетін түркі тілдес халықтар өте көп: өзбек, дүнген, татар, ұйғыр, түрік, тағы да басқалары. Ал, жергілікті славян халықтары қазақтың салт-дәстүрлерімен таныс па?

Елімізде саны жағынан қазақтардан кейін екінші орында орыстар тұр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, олар халықтың 23,7 пайызын құрайды. Осы отандас славян отбасыларының ішінде қазақ тілін меңгеріп қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрін ұстанатын, олардың мән-мағынасын түсініп, күнделікті өмірлерінің бөлшегіне айналдырған Пономаренколар отбасымен біз арнайы танысып қайтқан болатынбыз.

«Қазақтың салтын ұстанамыз»

Пономаренко Владимир Александрович Алматы облысына қарасты Исаево шағын мекенінде отбасымен бірге тұрады. Жұбайы Надежда Николаевна екеуі осы аймақтағы алқапта жұмыс істеген, қазір зейнетке шыққан. Исаево шағын ауданында қазақ отбасылары өте көп. Олармен жақын араласып жүрген бұл отбасыға қазақтың күнделікті өмір салты мен дәстүрлері етене жақсы таныс. Тек таныс деп айтқаннан гөрі, тіпті өздерінің күнделікті өмір салтына айналдырған десек, артық айтқанымыз болмас.

Келген қонақты жылы жүзбен, қонақжайлылықпен қарсы алған отағасы мен отанасының бойынан қазаққа тән қоңыр мінезді бірден байқауға болады. Әр қонағын құдасындай сыйлап қарсы алып, бар жақсысын көрсететін қазақы жайдары мінезбен қарсы алған бүгінгі кейіпкерлеріміз сырттай қазақ отбасына ұқсап та кеткен сияқты.

Пономаренколар отбасы әр мереке сайын, діни не ұлттық мереке болсын, ет асып, нан жайып, бауырсақ пісіреді. Тамыз айының 21-22-сі аралығында өткен Құрбан айт мерекесіне де сондай үлкен дайындықпен мол дастархан жайған.

Ет асылған соң, қазақта оны мүшелеп бөлу дәстүрі де бар. Ол жіліктеу әдісі бойынша мал етін бөлшектеп бөлу деген сөз. Бұл дәстүрді кейбір қала қазақтары дұрыс біле бермейтіні белгілі. Құда келгенде бас қою, күйеу балаға төс қою, жас қыздар алдына өкпе мен кәрі жілікті ұсынбау сияқты дәстүрлерді Пономаренко отбасы берік ұстанатын көрінеді.

2001 жылы ортаншы ұлы Алексей қазақ қызына үйленетіндігін айтқан. Ұзату тойынан бөлек, құдалық, беташар сынды қазақы салт-дәстүрдің барлығын да сақтап, тіпті, қалыңмал да төлеген екен. Владимир Алексеевтің айтуынша, қазақ келіні болатындығына ерекше қуаныпты: «Әр ұлттың өз салты бар. Біз оны жақсы білеміз әрі сыйлаймыз. Сондықтан, қазақ қызына құда түскенде, барынша дәстүрді сақтауға тырыстық. Әдейілеп тәттілер мен әшекей-бұйымдармен толтырып, қоржын да дайындадық. Беташар дәстүрін қазіргідегідей дүркіретіп, асабаның домбырасымен өткізбесек те, туыстар мен жақындар алдында ақ орамалмен бетін ашып, ырымын жасадық».

«Абысын тату болса ас көп»

«Үш келінім үш түрлі ұлттың өкілі: үлкені — болгар қызы, ортаншысы — қазақ, кенжесі — орыс. Ешқайсысын да бірінен бірін бөле жарып, артық не кем мақтаған емеспін. Осы күнге дейін бір шаңырақта ұрысып-керіспей, ағайын боп, тату өмір сүріп келеміз», дейді Надежда Николаевна. Осы орайда, абысындар арасындағы татулық — ағайындар мен туыс арасындағы тату қарым-қатынастың бір кілті екені еріксіз ойға түседі.

Ағайын-туыс арасындағы береке мен бірліктің де, кикілжің мен араздың себепкері де — әйел. Ал, бұл отбасында, айтып өткендей, бір емес, бірнеше отбасы, бірнеше халықтар арасындағы қарым-қатынас орнатылып отыр. Қазақтың «Абысын тату болса — ас көп» деген мақалының айқын дәлелін осыдан көруге болатын сияқты. Ал, бұл отбасының келіні қазақ қызы Тұңғышбаева Әсел: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сөз бар ғой. Тіл білу арқылы өзгенің тарихымен, мәдениеті мен дәстүрімен де қоса танысасың. Бұл, көпшілік ойлайтындай, басқа дінге кіріп, басқа ұлт болып кеттің деген сөз емес қой. Мен осы отбасыға келін болып түскенімде, ата-енем өте жылы, тіпті, қуанып қарсы алды десем де болады. Барынша қазақ дәстүрлерін сақтап, құда түсті. Мен де 16 жыл бойы орыс халқының бар салтымен таныстым. Отағасын сыйлау, оның пікірін бөлісу — әр қазақ келінінің бойына сіңген қасиет. Балаларымның аты-жөні, діні орысша болса да, қазақ тілінде еркін сөйлеседі, еркін ойлап, өз ойын жеткізеді, барлық салт-дәстүрді біледі. Әр отбасылық жиындарға абысындарымызбен бірге дайындалып, ұлттық тағамдар әзірлейміз. Отан, ең әуелі, өз отбасыңнан басталады ғой. Сондықтан, тату отбасында тәрбиеленген ұрпақ та ел бірлігінің мәнісін түсініп өседі деп ойлаймын» дейді.        

«Тілге құрмет елге құрмет»

 Владимир Александрович немерелерінің барлығы да қазақ мектебінде оқиды, өзара қазақ тілінде еркін сөйлеседі. «Мен өзім қазақша түсінемін, бірақ, сөйлемеймін. Қате айтып қалармын деп те ойлаймын. Сондықтан да, немерелеріме қазақша білім беруді ұйғардым. Бір жағынан, мемлекеттік тілді білу де керек», деп Владимир Александрович өз туған еліне деген құрметін немерелері арқылы көрсетіп жатыр. «Ел болашағы — жастар дейміз. Ендеше, елдің болашағы мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін ұрпақ болсын» дейді Владимир ағай.

 «Мерекелі де, берекелі отбасы»

Бұл отбасының немерелері екі халықтың салт-дәстүрлерін ұстанатындықтары өте көңілді екенін, мерекелердің екі есе көбірек болатындығын айтуда. «Мысалы, бір көктемнің өзінде Масленица мерекесінде құймақ дайындап, бір апталық мереке тойласақ, Наурызда наурыз көже әзірлеп, түрлі ұлттық ойындар ойнап, ұлттық би билеп, көңіл көтереміз» дейді.

«Кейбір ересектер арасында басқа халық мерекелерін тойлауға сескене қарайтындары бар. Алайда, ешбір мереке, мейлі, ол діни не ұлттық болсын, адамдарды жамандыққа шақырмайды. Керісінше, бірге көңіл көтеруге, тату болуға, жақсы ырымдарды насихаттауға негізделеді» дейді отанасы Надежда Николевна.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға