Жаңалықтар

ҚАЗАҚ САЛТЫ

Қазақ– малменкүнелтетінкөшпеліел. Бұрынқазақтүгелімен көшпелі еді, қазір де шала көшпелі болып қалды
27.08.2014 19:42 6288

Қазақ– малмен күнелтетін көшпелі ел. Бұрын қазақ түгелімен көшпелі еді, қазір де шала көшпелі болып қалды. Бұрын қазақ жаз Арқаны жайлап қысқа қарсы күні жылы Сыр бойына, Жетісу жакқа көшіп, баратын еді, қазірде олай қазақ даласының бір шетінен бір шетіне көшіп жүру сиреді. Қазақтың қысы қатты Арқада да тұрақты қыстауы болатын болды, қазақ малға пішен жиатын болды, егінге де айнала бастады.

Бұрын қазақ Сырдан қырға дамылсыз көшіп жүретін заманда, қолындағы малының аман болып, өсіп-өнуі үшін, қыс суықтан қашып жылы жаққа бару, жаз оты-суы жайлы Арқаға келуден басқа, табиғаттың түрлі құбылысына қарсы ешбір амал қыла алмайтын еді. Малға түрлі індет келсе, əр түліктің құдайына өз алдына жалбарынып, жалыну шараларын істейтін: жылқы үшін Қамбар бабаға сыйынатын, түйені індеттен сақтау үшін Ойсылқараға жалбарынатын... Ол күнде қазақ табиғаттың қолайсыз құбылыстарына қарсы ештеңе істей алмайтын. Табиғатты өзіне бағындырып, пайдасын шығару қазақтың түсіне де кірмейтін еді, қазақ табиғаттың сөзсіз құлы еді.

Мал өсіру үшін қолда тұқымдық мал болу керек, онсыз-еңбекпен мал табу болмайтын еді. Малсыз кедей тамақ асырау үшін байдың малын бағатын, бірақ онымен кедей байи алмайтын, өзі де бай боламын деп ойламайтын; байға жалданған кедейдің есебі байыу емес, тамақ асырау ғана болатын. Малсыз кедей еңбекпен мал таба алмайтын болған көшпелі елдің түсінуінше, ұрлық-зорлық – бұзықтық емес, адал кəсіп, кəсіптің ішіндегі ардақтысы болып шыққан; ол кəсіпті жақсы істей білген кісі елге беделді батыр атанған.

Адам баласының тұрмысы – талас, тартыс. Адам баласы, бір жағынан, табиғатпен тартысады, екінші жағынан, өзара бірімен-бірі таласып, тартысады. Көшпелі елде табиғатпен тартысу жоктың аз-ақ алдында болғанда, өзара талас, тартыс ашық түрде бола келген. Сонымен кошпелі елдің салтында өзара талас, тартыстың жалаңаш түрі – ұрлық-зорлыққа табыну болған.

Бері келген соң қазақ орысқа бағынды, жерінен айрылды, қонысы тарылды, жалпы көшу қалды, ептеп отырықшы бола бастады. Аздап болса да табиғатпен тартысу басталды. Қазақ қысқа қарсы малына пішен жиатын болды, ептеп егін сала бастады. Сүйтсе де табиғатты өзіне бағындырарлық даражаға жеткен жоқ, табиғатқа құл болған күйінде қалды. Егінге белсеніп кірісе алмады. Темір жол жоқ, базары алыс болғандықтан, егін көп шыққан жылы арзан болатын болды да, шықпай қалған жылы сұрапыл қымбат болатын болды. Сүйтіп, бұрыннан миына сіңген еңбектен жирену салты қала қоймады.

(«Елдес»)

А.Байтұрсынұлы / "Ел - шежіре"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға