Жаңалықтар

Қазақ руларының ұраны мен таңбасы: Уақ руы

Уақ руы орта жүзге кіретін ру.
29.12.2015 11:53 23470

Қазақ филологиясының көрнекті қайраткері, қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловтың «Қазақ тілі диалектологиясы мен тарихының мәселелері» атты кітабының негізінде El.kz редакциясы Қазақ руларының атауын, ұранын және таңбасын бірыңғай стильде бір суретке салып өз оқырмандарына ұсынады.

Уақ руы

Қазақ руларының ұраны мен таңбасы: Уақ руы

Уақ руы орта жүзге кіретін ру. Ш.Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде уақ ұлысы туралы: Орыс жазушылары уақтар керейден шыққан ел болса керек дейді, себебі, орыс әскерлері алғаш жолыққанда керей мен уақ аралас екен, ел таңбаларыда керейдің кірест белгісі дейді. сонымен қатар дәлел ретінде, Левшин мен Балқашин уақтың сарбағыс деген тайпасы 1750 жылдан асқан кезде Абылайдың қырғыздарды шауып алып келген кездегі тұтқындардың нәсілі дейді. Тағы сол сияқты, Ақмолла Кітапбайұлы деген шежіреші, Орта Жүз найманның саржомарты екі әйел алады, бәйбішеде Қаратай туады, тоқалдан 4 ұл туыпты, кейін тоқал мен бәйбішенің балалары сиыспай, тоқалы балаларын ертіп төркініне көшіп кетеді, тоқалдың төркіні уақ екен, кейін сол 4 ұлдың малы мен басы тең өсіп, ергенекті уақ атанып кетеді.

Уақ шежіресі: Орта Жүз Бекарыстан Келімбет, одан Мейран туыпты, Мейран үш әйел алған адам екен, үлкен әйелі Қояннан арғын, найман туыпты, ортаншы әйелі Жарғақтан керей, уақ туыпты, кіші әйелінен қоңырат, қыпшақ туыпты деп өздерінің Орта Жүзден тараған алты арыс ел екенін көрсетеді. Ал осыны ары қарай тарата келе, керей-уақ бір туысқан, уақ ағасы екенде, керей інісі екен, уақ елге қолбасы батыр болыпты, - делінсе тағы бір шежіреде, уақ керейдің інісі, уақтың арғы атасы Жаубасар өлген соң бір жылдан кейін әйелі әмеңгерлік салт бойынша қайын, ағасы Ойшыбайға (Керейдің әкесі) тиеді делінеді. Бұл шежірелер қалай дегенменде уақ керейден тарайды дегеннен көрі, уақ пен керейдің бірге туысқан екенін дәлелдеуге тырысады. Байырғы қазақ шежіресі уақ ұлысын 11 тайпаға бөледі, олар: Шұға, Сарман, Байназар, Сарбағыш, Сіргелі, Ерінші, Әлімбет, Бидәлі, Жансары, Баржақсы, Шайкөз. Осы 11 тайпа ішінде Бидәлі, Жансары, Баржақсы, Шайкөз тайпалары Ергенекті уақ деп аталады. Уақтың арғы атасы Жаубасар, Қамбар, Еркөкше, Ерқосай батырлардан таратады, жауға шапқанда Жаубасар мен Еркөкшенің атын ұран етіп шақырады.[4.285 б.] Соның ішінде шежіреде көп айтылатыны Еркөкше. Сол Еркөкше туралы халық арасына тараған, аңызда былай дейді: Еркөкшенің шын аты Ердене, жастай жетім қалып нағашысынан өлі жүні түспеген қатпа көкшетайды қалап алыпты, кейін ердене жігіт болып, көкшетайы ат болған кезде, бір соғыста ол жау біткенді жапырыпты, сонда қолбасы: — ой, анау көк атты кім? қолы «у» — ақ екен, қолы тигенді у жегендей жусатты ғой — депті. Осыдан бастап Ердене ұрпағы уақ атанып, өзі жауға шықсада, бәйгеге шапсада көкшетайына мініп Еркөкшелеп ұрандап шығатын болған соң солай атаныпты делінсе, ал тағы бір шежірелерде Ердене аты Ерен деп беріліп қазіргі Көкшетау жеріне қоныстануынан көкше аты қосылып Еркөкше атанған дейді. Қалай болған күннің өзінде де Еркөкше уақ тарихында болған адам. Уақ шежіресі өз тарихын Жаубасардан бастап, Еркөкше, Ерқосаймен жалғап, Бармақ, Баян батырлар арқылы осы күнге жеткізеді.


Қазақ халқы руларының ұраны мен таңбасы туралы толығырақ мына сілтеме арқылы таныс бола аласыңыздар. 

Суреттің авторы Арман ҚАЛИБЕКҰЛЫ 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға